Сәбилер жыламасын
«Шарана шырылдаған шаңырақ шаттықты» деп халқымыз ұрпақ жалғастығы, бала сүю бақытын қашан да жоғары бағалаған. Алайда түрлі жағдайлармен сәби сүю бақытын аңсап жүрген отбасылар қаншама?! Олардың кейбірі қарыштап дамыған ғылым жаңалықтарынан құр қалмай, заманауи технологиялар арқылы медицинаның көмегіне жүгінсе, екіншілері мүмкіндігіне қарай қазақтың ежелгі үрдісімен бала асырап алуда, тағы біразы осы жолда түрлі ізденіспен үмітін ертеңге жалғауда.
Қазақстанда бала асырап алуға заңды түрде рұқсат берілген. Бұл көптен бөбек иісін аңсаған жандарды бақытқа бөлеу, әр баланың ата-ана қамқорлығында болуына жағдай жасауға бағытталған қадам. Сондай-ақ бұл игі амал халқымыздың «Бала бала шақырады» дейтініндей, асырап алушылардың құрсақ көтеруіне септеседі деген сенімге де үндеседі.
Ертеректе де бала асырап алу жағдайлары болған. Мұндайда ағайын баланы ең жақын туған-туыстарынан қаны бір, жақын бауырларынан асырап алуға тырысқан. Бұндайға кез келген отбасы келісе бермейтіні шындық. Сондықтан да балалар үйінен сәбилерді асырап алу тиімділігін байқатады.
Мамандар не дейді?
Біздің ауданда да соңғы жылдары бала сүю бақытына кенелгісі келетіндер қатары кеміген жоқ. Бұл ретте “Қазалы ауданы бойынша білім бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас маманы Шоқан Уәлибекұлына жүгіндік.
Оның мәліметінше, аудан бойынша білім бөлімінің жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын атқарушы органында кәмелет жасқа толмаған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қорғаншылық және қамқоршылық тәрбие нысанында – 56 бала, патронаттық тәрбиеде – 2 бала есепте тұрады. Қорғаншылық немесе қамқоршылық және патронат тәрбие бойынша 58 бала жақын туыстарының қарауында.
– Балаларға мемлекеттік қызмет арқылы ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш есебінде жәрдемақы тағайындалған. Патронат тәрбиешіге Үкіметтің қаулысымен белгілеген тәртіппен және белгілі мөлшерде ай сайын ақшалай қаражат төленеді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар заңға сәйкес тұрғын үй кезегіне қойылады. Сондай-ақ асыраушысынан айырылуына, қамқоршылыққа байланысты тиесілі әлеуметтік көмектерін алып тұрады.
Баланы қабылдайтын заңды өкілдерден алты айда кемінде бір рет есептер уақытылы сұралып отырады. Оған жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың денсаулық жағдайы, оларды тәрбиелеу жөніндегі жұмыс жайлы мәліметтер енеді. Сонымен бірге жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуға бөлінген ақшалай қаражатты жұмсау және олардың мүлкін басқару жөніндегі ақпар алынады, – дейді Шоқан Қоламсақ.
Ал бауырына бала басқысы келетіндер қандай қағидаға сүйенеді? Ол жайлы да сұрап-білдік. Сала маманы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға қорғаншылық немесе қамқоршылық тағайындау жайлы “Жетім балаға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға қамқоршылық немесе қорғаншылық белгілеу” мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары арқылы жүзеге асырылатындығын жеткізді.
Мұндай мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жеке тұлғалар мемлекеттік корпорация немесе портал арқылы осы қағидаларға арнайы құжаттарды ұсынады. Ниет білдірушілер алдымен жазбаша түрде өтініш береді. Одан соң көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат тіркеледі. Егер некеде тұрған жағдайда, жұбайы мен зайыбының нотариалды расталған келісімі қаралады. Некеде тұрса, жұбайы мен зайыбының ауруының жоқтығын растайтын денсаулық жағдайы туралы анықтама қажет. Наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде тіркеуде жоқтығы туралы құжат алынады. “АХАЖ тіркеу пункті” ақпараттық жүйесінде мәліметтер болмаған жағдайда не Қазақстаннан тыс жерде некеге тұрғанда соны растайтын куәліктің көшірмесі ұсынылады. АХАЖ мәліметтері болмаса немесе біздің елден тыс жерде туылғанда баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі әзірленеді. Сонымен қатар балаға жалғыз ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығының жоқтығын растайтын құжаттардың: қайтыс болуы туралы куәлік, ата-ананы ата-ана құқықтарынан айыру, олардың ата-ана құқықтарын шектеу, ата-анасын хабарсыз кетті, әрекетке қабiлетсiз деп тану, оларды қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуi туралы сот үкімі қажет.
Сонымен бірге ата-аналардың іздестірілуін, баланың ата-анасынан айырып алынғанын, ата-анасының денсаулық сақтау ұйымдарында ұзақ мерзімді емделуін растайтын құжаттар, баланың әдейі тасталғаны туралы акті, баладан бас тарту туралы өтініш жазылады. Және анасының нұсқауы бойынша жазылған әкесі туралы мәлімет, туу туралы анықтама көшiрмелері болуы тиіс. Ерлі-зайыптылардың табысы туралы мәліметтер жиналады. Жұбайы мен зайыбынан тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттардың көшірмесі алынады. Осы бұйрықпен бекітілген отбасы және балалар саласында мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларына сәйкес он жасқа толған жағдайда баланың пікірі қабылданады. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген тұлғалардың дайындықтан өткені туралы сертификат алынуы керек. Құжаттар тексеру үшін түпнұсқада ұсынылады. Содан кейін түпнұсқалар қызмет алушыға қайтарылады.
Жетімді жәутеңдетпеген жұртпыз
Араб елдерінде де Ислам дініне дейін бала асырап алу кең таралған. Алла елшісіне (с.ғ.с.) Пайғамбарлық келместен бұрын осы әдет бойынша ол Зәйд бин Харисаны асырап, оны халық алдында өз ұлым деп жариялаған. Содан ол халық арасында Зәйд Мұхаммедұлы деп аталып кетеді. Ол кезде асырап алынған ұл-қыз сол адамның баласы саналатын. Осылайша толық мұрагері атанады. Ислам дінін ұстанғаннан кейін арабтарда асырап алған баланы өзінің туған әкесінің атымен атау қағидасы орныққан. Бұл жөнінде дін өкілдері не дейді?
– Ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген: “Ешкімі жоқ жетім балаларды өз асырауына алған адам, менімен жұмақта екі саусақ сияқты көрші болады”. Бірақ та жетім балаларды асырап алғанда ата-тегі бар болса, шариғат шарты бойынша оны өз атына ауыстыруға болмайды. Олармен қарым-қатынас жоғарыдағы аятта айтылғандай, дін бауыр немесе дос сияқты болуға тиіс. Исламда бала сүю, сүймеу Алланың бұйрығымен болатын іс. Осыған орай қасиетті Құрандағы “Шұғара” сүресінде: “Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа, қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу етеді. Күдіксіз ол, толық білуші, аса күшті” деп айтылған.
Адам баласына ұрпақ сүйгізу, сүйгізбеу – Алланың ісі. Ұрпақсыздық – бақытсыздық емес, Алланың сынағы. Нағыз бақытсыздық – осы сынақтан сүрінуіміз, – дейді “Жанқожа батыр” мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов.
Қазақ ықылымнан жетімін жылатпаған ел. Балалар үйіндегі бүлдіршіндер жарық дүниеге тағдырдың тәлкегін тарту үшін келмегені белгілі. Олар да көздері жәутеңдеп, жетімдіктен арылтып, алып кететін аналық мейірімді, әкелік қамқорлықты аңсайды. Егер жағдайыңыз көтеріп, әлеуметтік ахуалыңыз жетіп тұрса, балалар үйіндегі сәбилерді асырап, бейкүнә балақайларға ата-ана болған үлкен сауапты іс деседі дінтанушылар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА