Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Даңғыл жолда көсіліп, тегін жүрген күн қайда?!

Даңғыл жолда көсіліп, тегін жүрген күн қайда?!

Әлемнің отыздан астам елінде ақылы автожолдар бар. Оған жиналатын қаржы жолды күтіп ұстауға, жол бойындағы инфрақұрлымды жетілдіруге, жұмыс істеуіне жұмсалады. Үш жыл бұрын жол құрылысы мен оны күтіп ұстауға көп шығын кететіндіктен ақылы автомобиль жолдары енгізілген. Сол кезде Алматы-Қорғас, Нұр-Сұлтан-Чущинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қапшағай автожолдарын ақылы етті. Жаз айларының басында Қазақстанның ақылы жолдарында сараланған тариф енгізілді. Ол бойынша жеңіл көлік иелері қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда алдын ала төлемнен екі есе жоғары болады. Ал жүк көліктерінің ақысы өзгермей, сол күйінде қалды. Жаңа тариф бойынша Нұр-Сұлтан-Щучинск және Нұр-Сұлтан-Теміртау автожолдарында бір бағыттағы төлем құны қолма-қол ақшамен – 400 теңге, ал онлайн төлемақы – 200 теңге. Алматы – Қапшағай учаскесіндегі қолма-қол ақы – 200 теңге, ал 100 теңге онлайн режимінде төлеген жағдайда болады. Алматы – Қорғас учаскесінде төлемақы құны қолма-қол – 600, онлайн – 300 теңгеден қойылды.
Мамандардың сөзінше, ­автомагистраль, көпір, туннель құрылыстарын салуға оны күтіп ұстаудағы жұмыс сапасын арттыруда ақылы жолдарды енгізудің пайдасы зор. Және жақын болашақта олардың қатары көбеймек.

Миллиардтаған табыс түседі
Қазақстанда алғашқы ақылы жол болып “Астана-Шортанды” тас жолы іске қосылған еді. Бұл жол бастапқыда миллиард теңге көлемінде пайда тапса, 2014 жылы 1,2-1,3 миллиард теңге көлемінде кіріс әкелген. Сол кездегі экономикалық жоспарға сәйкес, 2020 жылға қарай Қазақстандағы ақылы жолдардан бюджетке жылына 220 миллион доллар пайда түсіп тұрады деп жобаланған. Нәтижесінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік коридорының жөндеу жұмыстары толық біткен соң оны да ақылы қызметке қосу көзделген.
2022 жылға қарай ақылы жолдан мемлекет бюджетіне 41 миллиард теңге, яғни 220 миллион доллар пайда түседі деген болжам бар. Бұл қаржы еліміздегі ақылы жолдарды қамтамасыз етуге толығымен жетіп, бюджетке салмақ түсірмейтіндігін сала мамандары түсіндіруде.
Сонымен осы жылдың 15 қарашасынан бастап республикалық маңызы бар 4 жолақты жеті учаскедегі жол ақылы болды, деп ҚазАвтоЖол агенттігі хабарлаған болатын. Оларға «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Қапшағай – Талдықорған», «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Ташкент», «Щучинск-Көкшетау» жолдары кірген. Хабарламада ақылы жол жүйесін енгізу туралы бұйрықтар әділет органдарында мемлекеттік тіркеу рәсімінен өтті және ағымдағы жылдың 23 қарашасында заңды күшіне енеді. Осы күннен бастап жол жүру ақысы алынады делінген. Сәйкесінше ақылы жолдар бойынша қызмет көрсету орталықтары жұмыс істей бастады.
Ал ақылы жолдар бойынша қызмет көрсету орталықтары жеті бағытта орналасты. Атап айтқанда, “Қапшағай – Талдықорған”, Талдықорған қаласының аумағында Қапшағай бағытында белгіленді. “Тараз – Қайнар”, Тараз қаласынан шығаберісте Қайнар ауылына барар бағытта, Тараз қаласынан 37 шақырым жерде деп көрсетілген. “Шымкент – Қызылорда”, Түркістан қаласынан Шымкент шаһарына шығаберісте, Түркістан қаласынан 15 шақырым жерде орныққан. Шымкент – Тараз”, Шымкент қаласынан Тараз шаһарына барар бағытта, Шымкент қаласынан 28 шақырым жерде нақтыланған. “Шымкент – Ташкент” Өзбекстан шекарасы, Атамекен ауылынан Шымкент қаласына барар бағытта, 86 шақырым жерде орналасқан. “Нұр-Сұлтан – Павлодар”, Нұр-Сұлтан қаласынан Павлодар шаһарына барар бағытта, Нұр-Сұлтан қаласының аумағында және “Нұр-Сұлтан – Павлодар”, Павлодар қаласына барар бағытта, Нұр-Сұлтан шаһарынан 239 шақырым және Екібастұз қаласынан 53 шақырым жерді қамтуда.

Төлем қалай жүргізіледі?
Автожолдар ақысын төлеудің бірнеше тәсілі бар. Тек өзіңізге ыңғайлысын таңдайсыз. Сонымен сараланған тариф бойынша QIWI, Kassa 24, CyberPlat, Tenge және Kassa 24, QIWI, Wooppay, Salempay электронды әмияндары, KazDriver қосымшасы немесе Beeline, Activ, Kcell ұялы телефондарының балансынан төлем жасалады. Ұялы байланыс нөмірінен төлеу үшін 5505 нөміріне төлейтін ақша мөлшерін, мемлекеттік автомобиль нөмірін SMS-хабарлама арқылы жіберіп төлейді. Егер мобильді қосымшалар немесе интернет арқылы онлайн төлеу ыңғайлы болса, Payway.kz, Интернет-банкинг Kaspi bank, Халық банк, Сбербанк, Евразия банкі, Капитал Банк және АТФ банктерінің мобильді қосымшасы арқылы қаражат жіберіледі.
“Елде ақылы жолдар бірнеше аймаққа бөлінгенін ескерсек, әр аймақта орналасқан автокөлік туралы ақпаратты өңдеп, төлемақыны есептейтін жабдықтар арқылы төлемді оп-оңай жүргізуге болады. Алайда автокөлік ақылы жолдармен жүріп, төлем қабылдау пунктінен өтпесе немесе шотында қаражат жетпеген жағдайда төлеуге тиіс сомасы мемлекеттік нөмірге қарыз ретінде тіркелетін болады”, – дейді “ҚазАвтоЖол” компаниясы.
Биыл 23 қарашадан бастап Қызылорда-Шымкент бірінші категориялы төрт жолақты автожолы ақылы жүйеге енгізілді. Жеңіл автокөліктер үшін әр 1 шақырымға – 1 теңгеден төленсе, 15 тоннадан жоғары ауыр жүк көліктері 5-25 теңге аралықта қаражат төлейді.
– Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы екінші категориялы екі жолақты жолға жеңіл автокөліктер ақша төлемейді. Бірақ жүк көлігі төлеуі тиіс. Дегенмен Ақтөбе өңірінің жол сапасы ақылы етуге әзір дайын емес. Сондықтан асыра дабыра қылудың қажеті жоқ, – дейді “ҚазАвтоЖол” маманы Нұрбол Абызбаев.
Маманның мәліметінше, кез келген туындаған мәселе бойынша “1403” “ҚазАвтоЖол”-дың тікелей орталығына хабарласып, мән-жайға қанығуға болады.
Жол-көлік оқиғасы, қате жолаққа шығу сынды адами факторлар туындаған кезде төлем қабылдау пунктінде кептелістің ұзындығы 300 метрге жеткен жағдайда барлық шлагбаумдар ашылып, автокөліктер төлемақысыз өткізілгенде көлік иелері төлемнен босатылдым деп ойламауы керек. Аталмыш төлемдер мемлекеттік тіркеу нөміріне қарыз ретінде қосылады және келесі жолы ақылы аймаққа кірген кезде негізгі төлемақы мөлшерін бірге төлеу керек болады. Ал қарыз уақытылы төленбесе, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ заңды тұлғалар үшін бұл көрсеткіш екі есеге көбейеді.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

14 желтоқсан 2021 ж. 416 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930