Ақылы жолдар тарифі көтеріле ме
Бірінші санаттағы жаңа ақылы учаскелерде жүру үшін төлем тарифтерін 2013 жылғы деңгейде қалдыру жоспарланған. Бұл туралы ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақылы жолмен жүру тарифтері 2013 жылы бірінші ақылы учаске енгізілген кездегі деңгейде қалды. Атап айтқанда, жеңіл автокөліктер үшін - 1 шақырымына 1 теңге, ауыр жүк көліктері үшін - 1 шақырымына жүк көтерімділігіне байланысты 5 теңгеден 25 теңгеге дейін. Салыстырып қарасақ, көршілес Ресейде жеңіл автокөліктер 1 шақырым үшін 7 теңге және жүк көліктері 7-ден 55 теңгеге дейін төлейді. Ал Еуропа елдеріндегі тарифтерге келетін болсақ, төлем жүк көліктері үшін 5 есе, ал жеңіл автокөліктер үшін 20 есе жоғары», - деді Төлеген Абдуллин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Оның атап өтуінше, 2025 жылға дейін ақылы жүйені республикалық желідегі автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына енгізу көзделген.