Аймақ басшысы белгілі журналистермен кездесті
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова отандық журналистиканың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтармен кездесті.
Аймақ басшысы басқосу аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, филология ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амантай Шәріп және «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай мен «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевты қабылдады. Кездесуге облыс әкімі орынбасары Серік Ахмет қатысты.
Аймақ басшысы қалам иегерлері халық пен билік арасында алтын көпір екенін атап өтіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде «Сыр журналистикасының тарихы» атаумен 5 томдық кітабы жарыққа шығып отырғанын жеткізіп, бұл журналистерге деген құрметтің бір дәлелі деді.
- Облыс журналистикасындағы таланттардың құрметіне «Сыр журналистикасының тарихы» деген атаумен 5 томдық кітап жарық көріп отыр.
Бұл, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейлі мереке қарсаңында Сіздердің еңбектеріңізге сый - құрмет көрсету деп қабылдаңыздар.
Жалпы журналистиканың тарихында, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласында – «Дала уалаяты», «Қазақ газеті», «Айқап», «Сарыарқа», «Абай», т.б. газет-журналдар жарық көргені белгілі. Олар ішінара Сыр бойына да таралды.
Сыр өңірі – қаймағы бұзылмаған тіл мен рухтың, қазақылықтың қайнаған ортасы. Елбасымыздың «Алаштың анасына» балаған құт мекен ұлтжанды, халықшыл журналистердің ордасы, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиын барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп БАҚ-тың дамуында Сыр елі журналистикасының қолтаңбасы ерек және қаламының қуатымен үлес қосып жүргенін журналистердің еңбегі зор екенін тілге тиек етті. Ал, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амантай Шәріп Сыр елі журналистикасының 5 томдығын шығару ісі үлкен ізденіс пен еңбекті қажет ететінін және келешек жас буынға қымбат қазына боларын мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай қоғамның бел ортасынан табылып, газет, радио мен телевидение арқылы ақпаратты саясатты қалыптастыруда орны бар БАҚ рөлін атап өтті.
Басқосуда «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев «Сыр журналистикасының тарихы» атты кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген облыс басшылығына алғысын айтып, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға 5 томдық кітапты табыстады.
Айта кетейік, бүгінгі күні аймақтың медиа кеңістігінде 101 бұқаралық ақпарат құралы бар. Оның ішінде 8 электронды, 3 ақпараттық агенттік, 3 интернет сайт, 87 баспа бұқаралық ақпарат құралы. Ал, ақпарат саласында 2,5 мыңға жуық қалам иелері еселі еңбек етуде.