Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа өзгеріс: Жаңалық әлде жаңғырық

Жаңа өзгеріс: Жаңалық әлде жаңғырық

Эксперимент жасаудан жалықпайтын білім саласына жақында тағы бір жаңалық жетті. Білім саласы басшылары ротацияланбақ. «Ротация институты – директорларды тағайындаудың жаңа жүйесі, оларды аттестаттау, жалақы мен еңбек жағдайын арттырумен қатар басқару сапасын жақсартудың тиімді тетіктерінің бірі» деген Білім және ғылым министрінің бастамасы кейбірді тосырқатып, кейбірді шаттандырған-ды. Мәселе жайында пікірлерге құлақ түрдік.

Тәжірибе алмасуымен құнды
Геннадий Шиповскийх – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырзаның білім беру мекемелерінің басшыларын ротациялау мәселесін қозғауы орынды және өз уақытында көтерілген деуге болады.
Білім мен ғылым қашан да жаңалыққа, жаңашылдыққа иек артады. Әр нәрсенің өз орны бар. Бұл тұрғыда игі іс қолға алынбақ екен, оны жатырқаудың жөні жоқ.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, білім беру саласында он мыңнан астам мемлекеттік ұйым бары белгілі болды. Көптеген басшылардың мерзімсіз еңбек келісімшарттарын жасасқанын да білеміз. Олардың барлығы дерлік өз жұмысын дұрыс атқармай отыр деген біржақты пікірден аулақпыз. Жаңа өзгеріс, тиісінше, осындай шығармашылық потенциалы бар, өз ісін білетін маманның бір мекеме көлемінде қалмай, келесі орынды дамытуға күш салуына мүмкіндік береді. Әрбір жаңадан келген адам өзінің жаңалығымен келеді. Тәжірибе алмасуымен құнды. Әрбір жаңалық жақсы мүмкіндіктерге, өркендетуге жол ашуы мүмкін. Бұл тұрғыда бірізділік, сабақтастық деген ұғымды айтпауға болмайды. Мәселен, «Мына бір азамат менің орынбасарым не қызметкерім еді. Өзім басшылық еткен жылдары педагогикалық шеберлігі, жауапкершілігі, жаңашылдығы мен ынталылығын, жігерлілігін көрдім. Осы азаматты қолдап, басшылық тізгінін ұстауға жол ашсақ» деген секілді ұстанымды қалыптастыруымыз керек.
Бұл қадам Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтан ада, белгіленген жүйесі, жауапкершілікті жолы бар елге айналуына­ ­бастайды.

Байыпты көзқарас қажет
Сараш Қоңырбаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры:
– Әр нәрсенің екі жағы болатындай, бұл жайтқа да жан-жақты, байыпты көзқарас қажет. Қазір жылт еткенді жатсынбай қабылдай беретін дағды қалыптастырдық. Олардың арасында ұлт үшін, ұрпақ тәрбиесі үшін тиімдісі де, тиімсізі де табылып жатады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде магистранттарға арналған білім берудегі менджмент деген мамандық бар. Ондағы мақсат – жас маманды бірден басшылыққа алып келу емес, оның тәжірибеден өтіп баруына негізделеді.
Біз мектеп басшыларын тағайындауда тәжірибелі пән мұғалімдерін әлеуметтік орта мойындағаны немесе жетістіктері үшін шақырылатынын көп кездестіреміз. Әрине, оларды тағайындаудың одан басқа да жақтары бар. Мектеп басқару – күрделі процестен тұратын жауапты қызмет. Арнайы маман даярлануы керек. Маман даярлану бар болғанымен, өзім қызмет істейтін оқу ордасында жоғарыда аты аталған мамандық соңғы жылдары қолға алынуда. Сондай-ақ білім жетілдіру институттарында білім жетілдіру курстары бар. Мектеп мұғалімдерін даярлауда диплом да, жақсы пән мұғалімі болу да маңызды емес, қабілет пен іскерлік, мықты мотвация керек.
Ротациялауға байланысты министр А.Аймағамбетов 10-15 жыл бойы бір орында отырып, өздерінің бастамашылдығы мен дамуға деген ынтасын жоғалтатын мектеп директорлары да бар. Егер басшы ұзақ жылдар бойы бір білім беру ұйымын басқарса, бұл мотивацияның төмендеуіне, жұмыс барысында жаңа тәсілдердің болмауына әкелуі мүмкін екенін айтып өтті. Бұл өз кезегінде басшылардың жұмысқа жауапкершілігін, бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ. Алайда мерзімді уақытқа тағайындалған басшы уақытын өткізу үшін тек жақсы жақтарымен көрініп, ұжымның бұрыннан келе жатқан мәселелері одан әрі қордалана берсе, онда жаңа жүйемізден не ұтамыз? Осы жағын тағы бір толықтыру қажет сияқты. Ротациялау әлемдік тәжірибеде өзінің тиімділігін танытуда. Дегенмен барлық тәуекелді ескеріп, ротацияға арналған негіздерді нақты регламенттеу қажеттігін көрсетіп отыр.

Уақыт талабы
Серік Қуанышбай, Қазалы аудандық «Білім беру саласының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Оқу тәрбие жұмыстарын тиімді ұйымдастыру, шынайы бәсекелестік орта қалыптастыра отырып, жастардың жаһандық өзгерістерге сай білім алуын қамтамасыз ету уақыт талабы болып отыр. Осы мақсатқа жауап беретін тиімді жұмыс түрлері мен мазмұнын ойластырып, шығармашылықпен ұйымдастыруды мемлекет басшысы да бірнеше мәрте ескерткен болатын. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ­бастамасымен бірқатар тың жоба мен идеялар іске асыра бастады. Сондай шаралардың бірі жақында ғана заң жүзінде бекітілген мектеп, колледж және балабақша басшыларын ротациялау туралы ереже.
Бұл жұмысты іске асыру мектеп, колледж және балабақша басшыларының қызметіне жан-жақты білікті сараптама жасай отырып орындауды талап етеді және тиісті уәкілетті органдарға зор жауапкершілік жүктейді.
Сондықтан білім беру ұйымдарын ротациялағанда басшының атқарған қызметінің сапасы, білімі мен біліктілігі, креативті ойлау қабілеттері ескерілген жөн.
Бұл шараны бір жақты жоғарыдан келген тапсырма деп науқаншылдыққа салуға әсте болмайды. Жұмыстың сәтті нәтижелі болғандығына көпшіліктің көзі жететіндей болса нұр үстіне нұр.
Жалпы жаңару, өзгеру, дамудың басты шарты екені белгілі. Осы орайда, келешекте мектеп әкімшілігі құрамын, яғни директорлардың орынбасарларын да ротациялап отыру – өмір талабы. Әйтпесе, ұзақ жылдар бір лауазымды атқара берудің жағымсыз жақтары да жетерлік.
Қорыта айтқанда, болашақтың негізін қалап жатқан білім беру ұйымдары басшыларын ротациялау уақыт талабы екенін сезінгеніміз жөн.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

27 қараша 2021 ж. 412 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 32

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 29

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 28

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031