Қиын кезеңдегі қызу тіршілік
Қазалы ауданы жыл басынан бері ілкімді істер мәресінен көрінді. Соның арқасында аудан әлеуеті артып, экономикасында ілгерілеу байқалған. Қаңтар айында бюджет 21,6 миллиард теңге болып бекітілгенімен, соңғы 9 ай ішінде 22,9 миллиард теңгеге жетті. Ауданның кірісі 1,9 миллард теңгеге артқаны, жүйелі жұмыс пен байыпты бақылаудың арқасы екені сөзсіз. Бұл туралы аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
– Қазына кірісінің көлемін ұлғайтуда кәсіпкерлік саласының алар орны ерекше. Өйткені бүгінге дейін 12,6 миллиард теңгенің өнімі өнеркәсіптің үлесінде. Соңғы мәліметке сәйкес, кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 608 бірлікті құрап отыр. Алғашқы 9 айда 1047 кәсіпкер жаңадан тіркелді. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 390 кәсіпкерге артық, – деді М.Әуесұлы.
Өнеркәсіп өрге сүйрейді
Мемлекет саясатының бірі саналатын кәсіпкерлер санын арттыру бойынша оң өзгеріс байқалатыны рас. Қазіргі таңда кәсіпкерлік субъектілерінің 5280-і белсенділік танытып, тынымды тіршілік істеп тұрғандардың көрсеткіші 94 проценттен асқан. Мұндай нәтижеге жетуде түрлі мемлекеттік бағдарламадан қаралған 2,9 миллиард теңге қайтарымсыз грант пен несиенің септігі тигенін айту керек. Өйткені жыл басынан бері аудан аумағында 13 кәсіпкерлік нысанды пайдалануға беріп, 63 адамды жұмыспен қамту қаржысыз мүмкін болмас еді.
Келер жылға жетпей 979 миллион теңгелік18 жоба іске асуғы тиіс. Бұған попкорн өндіру цехын кеңейту, жылыжай құрылысын аяқтау, жиһаз жасап шығару, ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге арналған испандық жаңбырлатқыш құрылғысын алу, «Қашқан су» халыққа қызмет көрсету кешенін тұрғызу, сауда орталығын салу, қоғамдық тамақтандыру объектісін салу сияқты қомақты қаржы талап ететін жобалар кірді. Шаруа ойдағыдай аяқталса 93 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болды.
Бүгінде жоспарланған 18 жобаның 15-і толық жүзеге асқан. Қалған 3 нысан жылдың соңына дейін есігін ашатынын естідік. Сәйкесінше, 30-ға жуық қазалылық жұмысқа тұрады.
Шығынсыз шаруашылыққа ұмтылыс
Аудан әкімі Қазалыны ауыл шаруашылығына бейімделген аймақ деп атады. Мұнда дәнді дақылдардың барлық түрі егілетінін, төрт түлікті өсіру, шикізат өңдеу мен балық шаруашылығына дейін лайықты жағдай жасалғанын ескерсек, көп елден көші ілгері екенін аңғарамыз. Өнім алудағы жоспар мың құбылды. Бірақ салада ауыз толтырып айтар жаңалық жоқ емес. Маңыздысы – қазалылық диқандар уақытты тиімді пайдаланып, астықты ысырапсыз жинап алды. Қырман қызылға толып, елдің ырысы артты. Санға кезек берсек, 6587 гектар күріштің әр гектарынан 44,9 центнер өнім жиналып, ел қамбасына 30 мың тоннаға жуық астық құйылды. Мұхтар Әуесұлы мұны: «Зор жетістік, үлкен нәтиже, барша аудан халқының ынтымақты тірлігінің жемісі» деп атады. Ұйымдасқан еңбекті бағалаған өңір басшылығы да ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін биыл екінші мәрте «Озат аудан» номинациясымен марапаттады.
Қысылтаяңда тығырықтан жол табу – еңбек сүйген жанның әрекеті. Су тапшылығы кезінде жағдайға бейімделіп, жаңа әдіспен өнім алған шаруалар талайды таңдай қақтырды. Осы тұста жыл басынан бері салаға бөлінген 403,2 миллион теңге субсидия көмек болғанын жасырмау керек. Елге тартылған 519,7 миллион теңге инвестиция да қиындықты жеңілдетті. Жол бастауда алғаш көзге көрінген «РЗА» АҚ еді. Шаруашылық дереу су үнемдеу технологиясы арқылы мал азықтық дақыл өсіру жобасын қолға алып, 87 гектар жерге сүрлемдік жүгері дақылын орналастырды да, шығыс көлемін қысқартып өнімін жинап алды. Сол сияқты кент тұрғыны Нұрлыбек Нұрқожаев та өз күшімен Ғ.Мұратбаев ауылдық округіндегі жеріне тамшылатып суару әдісімен қарбыз бен қияр егіп, өнімді ауданнан бөлек, Байқоңыр қаласы мен көршілес Арал ауданындағы тұтынушыға жөнелтті.
Мал шаруашылығы жайлы сөз қозғалса, Сырдың тартылғаны мен мал азығының азайғаны басты мәселе. Қазалылықтар уақытында шөп науқанын шешуге де жең түре кірісе кеткендіктен, ешкім пішенсіз қалған жоқ, төрт түліктің барлық түрінде өсім бар. Қазір аудандағы мал басының 65,2 проценті тұрғындар еншісінде болса, 32,3 проценті шаруа қожалықтарының үлесінде. Қалған бөлігін ауылшаруашылық кәсіпорындары бағып отыр.
Аудан тұрғындарының мал өсіруге деген ынтасы жұрт қызығарлықтай. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 9 айда 50 жеке кәсіпкер 169,9 миллион теңгеге 448 бас мал сатып алды. Тағы 54 шаруа қожалығы 706 миллионға бес мыңға жуық малға ие болған.
Білікті билік баспана тұрғызады
Негізі Қазалыда тұрғын үй мәселесі жөнінде күрмеулі мекенге жатады. Бүгінгі күні инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген учаскелерден 306 адамға берілген жер мардымсыз десек, ешкім ренжи қоймас. Өйткені аудан бойынша 11 мыңнан астам адам жер кезегін алға жылжыта алмауда.
Есесіне жергілікті билік баспанасыздар қамын ерекше ойлайды. «Үйі жоқтың, күйі жоғын» жақсы білетін біліктілердің осы ісі жұртты қуантады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 9 айда 33 675 шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынып (175 үй), өткен жылмен салыстырғанда артық орындалған екен. Мұхтар Оразбаев үй кезегінде тұрған жұрт санын азайту үшін екпінді еселейтінін айтты.
– Бүгінгі күні тұрғын үйге мұқтаж 1 612 азамат кезекте тұр. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 194 бала, халықтың әлеуметтік жағынан осал топқа кіретін 762 азамат және 381 көп балалы отбасының басында баспана жоқ. Үш жүзге жуық бюджеттік сала қызметкерінің де өтінішін кері қайтаруға болмайды. Сол үшін көптеген жоба қолға алынған. Биыл аталған мәселені шешу мақсатында жалға берілетін үйлерді сатып алуға 388 миллион теңге қаржы қаралды. Бұған көлемі 60 шаршы метрден кем болмайтын 35 тұрғын үй сатып алуға болады, – деді аудан басшысы.
Былтыр республикалық және облыстық бюджет есебінен Әйтеке би кентінен 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үй салынғаны белгілі. Қазіргі таңда ауызсу, газ, электрмен жабдықтау жұмыстары толығымен аяқталып, абаттандыру жұмыстарын осы айдың соңына дейін аяқтауы тиіс. Ол аяқталған күннің өзінде аталған тұрғын үйлерді «Отбасы банк» АҚ арқылы «Шаңырақ» (5-10-20) пилоттық жобасы аясында табысталатыны шешілген. Бұл шаңырақтарды «шамасы жеткен алады» деген сөз.
Үй-жай иеленуде жас мамандардың бағы беселі. Өткен жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу үшін қазынадан 280 миллион теңге қаралған. Бұған басым бөлігі мұғалімдер мен денсаулық сақтау саласында еңбек ететін 65 маман үй сатып алды.
Баспаналы болғандар қыстыгүні үй жылытуға бас ауыртатыны сөзсіз. Мұндай қиындық кент тұрғындарын айналып өтеді. Өйткені мұндағылар толығымен көгілдір отынға көшкен. Ал Қазалы тұрғындары әзірше көмірге тәуелді. Аудан әкімі уәде еткендей жыл соңында газдандыру ісі аяқталар болса, тұрғындардың қолы күйе боған күндерді еске алмасы хақ.
Ендігі кезек Жалаңтөс батыр, Қашақбай Пірімов және Басықара ауылдарында. Аудан орталығына жақын орналасқан елді мекендерді газдандырудың жоба-сметалық құжаттарын дайындап, сараптама қорытындысын алу үшін қазынадан 22,6 миллион теңге бөлініп қойды. Келер жылы осы үштікті газдандыру ісі қашан аяқталады деген сауалға жауап іздейтін боламыз.
Жол жаққа қараймын...
Бірнеше жыл бұрын кенттің ішкі жолдары біршама қалыпқа келгенін көз көрді. Бірақ бүгін сол даңғылдар ойлы-қырлы айналғанына таңданасың. Бұл мердігер жауапкершілігінің аздығы әлде қабылдаушылардың атүсті қарағауынан ба, белгісіз?! Әйтсе де соңғы уақытта ауыл арасын қосатын жолдардың жағдайы жақсарып жатқаны көңілге демеу.
Биыл аудандық маңыздағы 50 шақырым жол жөндеу көрген. Ауылдар ішіндегі 40 көшеге де құрылысшы қолы тиген. Бұдан бөлек өткен жылы қала мен кент аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары басталғанын білеміз. Әзірше, құны 1 миллиард 341,8 миллион теңге тұратын нысан 2022 жылы ел игілігіне жұмыс істеуі керек.
Бәрін айта та, бірін айт, осы жылы 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолын жөндеу жұмысы жалғасуда. Қашан аяқталатынын дөп басып айту қиын. Сондай-ақ, «Қарлаң» көпірінен Қожабақыға дейінгі, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі жол біраз дұрысталып қалды. Жұрт жиі сұрайтын ауылдар жайлы аудан әкімі: «Басықара мен Абай елді мекені аралығындағы жол жөндеу жұмыстарын жалғастыруға облыстық бюджеттен 305 миллион теңге қаржы қаралды. Одан бөлек, Отгон мен Тасарық, Әйтеке би кенті мен Басықара, Бекарыстан би – Майдакөл – Түктібаев және Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс елді мекендерін байланыстарын 64 шақырым жолды жөндеу үшін 5 жоба дайындап қойдық. Оның келешегін автомобиль жолдары комитеті шешеді», – деді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырысымен «Қарлаң» көпірінің жоба сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен құрлыс жұмыстарын бастауға 1 миллион теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жарияланған. Бұл аз десеңіз, құны 233 миллион теңгені құрайтын «Әйтеке би-Басықара» аудандық маңыздағы автомобиль жолы бойындағы темір бетонды көпірді қайта салу үшін республикалық бюджеттен 93 миллион теңге қаралған. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Сол сияқты аудандағы 9 көпірдің жағдайы нашар екені анықталып, тиісті бөлім айналысып жатқан көрінеді. Ауылдар арасындағы кеңістікте тіршілік тынбай тұр.
Жұмыссыздық жайы
Әлеуметтік сала дамуын жеделдету азаттық алған уақыттан бері ұранға айналған іс екені баршаға аян. Бірақ даму болғанымен жұмыссыздықты жою мүмкін болмай отыр. Мәселен, биыл экономиканың түрлі саласында 1 842 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 775-інің тұрақты деген статусы бар. Солай дегенмен, жұмыссыз жүргендер бұрынғыша аудан халқының 5 процентіне келіп орныққан.
Мемлекеттік бағдарлама көмегімен 108 адам жастар тәжірибесіне, 1097 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберіліп отыр. Жыл басынан бері 10 «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге 267 жұмыссыз адам қатысып, 101 адам тұрақты жұмыс тапқан.
Аудан әкімі аталған жобаның барлығы жастардың кемел келешегі үшін жасалып жатқанын тілге тиік етті. Олардың дамуына жұмсалатын қаржыны үнемдеуге болмайтынын меңзеді.
– Қазір аудан халқының төрттен бірін жастар құрайды. Олардың бос уақытын тиімді пайдаланып, қоғам дамуына атсалысуына 21,5 миллион теңге қаржы бөлдік. Бұл жастар арасында мәдени, спорттық шара, акция мен семинар-тренингтерді көптеп ұйымдастырумен бірге, жұмыссыздық пен қылмысты азайтуға бағытталады, – деді Мұхтар Оразбаев.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ