Көмір көңілді жылытады
Қысы қатты келетін қазалылықтар жылу қамына ертеден кірісуді дәстүрге айналдырған. Әйтеке би кенті мен Ғ.Мұратбаев ауылы көгілдір газбен қамтылғанымен, ауданның өзге ауылдық елді мекендері, теміржол бойындағы бекеттер әлі де көмір тұтынуға мәжбүр. Жыл соңына дейін көгілдір отынға қосылады деген Қазалы қаласы тұрғындары да әзірге отын жарып, көмір жағуда. Суық мерзімнен тоңазымай өтуді мақсат тұтқан қалың жұртшылық күзден бастап алда жағатын отынын қамдайды. Осындайда тапшылық туындап, баға асқақтайтыны тағы бар. «Жылу маусымына тас-түйін дайынбыз» деген аудандағы ахуал, шынында, қандай? Қалай жүзеге асырылып жатыр. Көмірге күресті өмірге үлес санағандар жанайқайы орынды ма? Қарапайым жұрттың қалтасын қағып, тапшылығы мен қымбатшылығынан қиналтқан мәселеге мән бердік.
Жағдайды жіті бақылап, оған мән берген жергілікті шенеуніктер биыл көмір тапшылығының алдын алу бағытында біршама жұмыс атқарған. Соған қарамастан, қазірден қара отын бағасы қымбаттап үлгерген.
Бағада бақылау бола ма? Бұл көпті толғандырған жайт. Бізге ахуал туралы айтқан аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне жүгінсек, жылу маусымына барлығы 153 нысан соңғы әзірлік жұмыстарын жүргізген. Күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортымен 100 процент қамтамасыз етіліп, 2021 жылдың 9 қазанынан бастап жылу маусымын басталған.
Біз ат басын тіреген қос көмір түсетін орынның бірі «Қазалы –Тұлпар» ЖШС қоймасындағы жағдайды көзімізбен көргенмен, журналистік сұраққа жауап беретін жауапты бір адамды таппай сенделдік. Көз алдымызда ауыр көлікке артылған көмір көлемі аз уақытта азайып қалды. Есімдерін атаудан бас тартып, бізді қуып шықпақ болған сол маңайдағы адамдардың әрбірінің әңгімесінен ұғынғанымыз, жеке тұрғындарға көмір босатылмайды. Біз көріп отырған қатты отын теміжол мекемелеріне тиістілігін түсінідік. Есесіне біз сынды көз алдында «мұндалаған» «қара алтынды» көріп, алыстан алып-ұшып келген бірлі-екілі жеке адамдармен ұшырасудың сәті туды.
Жүк көлігін жүргізуші Қалдыбек Баеке өздеріне жеткен ақпарда көмір түсіп жатыр деген жерге келгенде іздегенін таба алмай, сенделіп қайтып бара жатқанын жасырмады. – «Пәлен жерде пайда бар, барсаң зымырық та жоқ» деген сөз бар еді. Ақшаға көмір табудың өзі мұң болып тұр. Тасымалдаушылар өздері қалаған бағаны қояды. Осыған тоқтау қоятын, шекті бағадан аспауын қадағалайтын орган бар ма екен?– деді ағынан жарыла.
Өзіміз танитын ауыл-аймақтарда тұратын жандарға телефон шалдық.
– «Көмір жоқ» дегенге екі жақты қарауға болады. Мүлде жоқ деуге келмес. Ауданға жетіп тұр. Бірақ келгенін келгендей сатып алып жатқандықтан, барған бойда алу мүмкін емес. Былтыр ағаш көмірдің тоннасын 17 мыңнан алсақ, биыл 19 мың болыпты. Майдалау. Бірақ соны қанағат тұтуға тура келді, – дейді Жалғас Серімханұлы. Қаржысы жайлы сұрағанымызда ол: «5 тоннаға жақын көмір алдым. Өз көлігіммен бардым. Соның өзінде жалпы 100 мыңнан асып кетті. Көп бөлмесі, отбасы мүшелері бар ауылдағы үй үшін бұл бір қысқа аздық етеді. Қыс соңына дейін 7-8 тонна жағып шығамыз. Оған мәшинесі 35 мың тұратын жыңғыл отынын қосыңыз», – деді. Бір қызығы, тұтынушылардың көлікке тиеу үшін, көмірдің ірілерін алу үшін де ақша беретінін білдік.
Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін Айгүлге де бұл жай таныс. Тас көмірдің тоннасын 14 500-ге алған ол тұрғылықты жеріне орталықтан жеткізу үшін 12 мың теңге төлеген. Жұмысындағы қатты отынға деп төленетін әлеуметтік біржолғы көмектің құнын сұрағанымызда біраз күліп алып, әңгімесін жалғады. «Иә, алып тұрамыз. Бірнеше құжат дайындап, биыл 10 500 теңгеге қол жеткіздік. Ол көмір тұрмақ, көлікке де жетпейді. Менің, жолдасымның тұрақты жұмысымыз бар. Ал мектепке баратын баласына әрең киім, тамақ тауып беріп отырған көптеген үйді, көршілерімді білемін. Олар аш, жалаңаш отырып, көмір алады деп ойламаймын. Бұл әлеуметтік мәселеге айналып барады, – дейді қынжыла.
Себеп белгілі. Күн сайын қымбаттаған азық-түлік, киім-кешек, бензин, құрылыс заттары титығына тиген жұртшылыққа құны 20 мыңға жуықтаған қатты отынға қаржы табу оңайға соғып тұрған жоқ. Зерттеу барысында көмір алуға асықпағандарды да көптеп кездестірдік. Жыл сайын арту үстіне арта түскен отын құнын белгілеуге ел айтқанындай тасымалдаушы мен сатушылар кінәлі ме? Бағаны кім бақылайды? Сауалдарды бөлім қызметкерлеріне қойғанымызда, бөлім басшысының орынбасары Жасұлан Сыдықовтың төмендегідей жауабын алдық.
«4000 әлеуметтік нысан, 16000 халық үшін жылу маусымына 20000 тонна қатты отын мен 2400 тонна сұйық отын қажеттілігі жоспарланған. Әлеуметтік нысандарға 3400 тонна қатты отын толық таратылған. Денсаулық сақтау саласына арналған 600 тонна көмір келісілген шартқа сәйкес жылу маусымының екінші кезеңінде жеткізілмек».
Ұғынғанымыз, алаңдауға негіз жоқ. Халық тұтынуы үшін 16000 тонна жоспарланып, жеке тұрғын үйлер бойынша өткен маусымнан 3500 тонна көлемінде қатты отын қоры қалыптасқан. Бүгінгі күнге дейін ауданға 108 вагон, яғни, 7560 тонна қатты отын жеткізілсе, 25 вагонға тиелген 1750 тонна қатты отын тасымалдануда.
Көмір бағасын тұрақты ұстау мақсатында жеткізуші 3 кәсіпкермен аудан әкімдігі арасында меморандум жасалынған. Теміржол бекеттеріндегі қоймаға жеткеннен кейін көтеріліп кететін құны туралы да хабары барын айтып, жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, бағасын бақылауда ұстап отырғандықтарын жеткізді.
Біз ат басын тіреген келесі жер ауданды көмірмен қамтып отырған «Тоғыс Арал Отын» ЖШС болды. Өзін қойма меңгерушісі деп таныстырған Әнуар Жұбатыров көмір жоқ деген сөзді жоққа шығарды. «Неге көмір жоқ. Келеді. Келген бойда кезегі тиген алады. Қоймалардың бірінде болмаса, бірінде болады. Баға да барлық жерде бірдей. Оны негізсіз өсіруге біздің де құқымыз жоқ. Белгіленген баға болады. Оған тасымалдау құны қосылады. Қазір бізде 13 500 теңгеге тас көмір босатылып жатыр. Қажет дегендер келсін. Қиындық жоқ. Ағаш көмірді де әкелгеніміз, әкелеміз», – деді ол. «Ал ендігісі қашан келеді?» деген сауалымызға, оны дөп басып айту мүмкін еместігін жеткізді. «Жолдың қашықтығына байланысты әр өңірде баға әртүрлі болуы мүмкін. Ол өндірушілер мен жеткізуші «Қазақстан теміржолы» ҰК үлесіндегі іс. Халыққа көмір шығарып, оны жеткізіп отырған мекемелерде әзір ондай қиындық болды деп айту орынсыз», – деді.
«Неге көмір тек қыста, күздің соңына жеткізіледі?» деген сауалды да іркілмей, ортаға тастадық. «Орынды. Оның екі себебі бар: білсеңіздер, еліміздегі солтүстік және батыс өңіріндегілер үшін көмір әлдеқашан жеткізілген. Қызылорда облысына жыл сайын кештетіп жетеді. Мұның сыры – біздің аймақта күн ыстық болғандықтан, көмір іштен күйіп кетеді. Сондай-ақ, өзіңіз білесіз, ол майдаланып қалады. «Былтырдан қалған көмір бар, аласыңдар ма десек, тұтынушылар бас тартады, – деді Ә.Жұбатыров. Бақылау қатаңдағанымен, көмірдің қымбаттамайтынына ешқандай кепіл жоқ. Бұл нарық заңы. Тек мұрын ұшына келгенде қимылдайтын дағдымен қатал мезгілде қапсыз қалмасақ етті деген ой келеді осындайда. Қапысыз қалмау дегеннен шығады. Қыс басталмай жатып, дайындығымыз лайықты деңгейде деп ақпараттандырып, қадағалаушы, бақылаушы органдар қол қойған бір нысаннан шикілік анықталды. Айдың-күннің аманында орта мектеп қазандығы жарылды. 2010 жылы пайдалануға берілген Тасарық ауылындағы №238 мектеп ғимараты 100 орынға лайықталған. Сонымен бірге мұнда мектепалды даярлық тобы мен 33 бала тәрбиелейтін шағын орталық орналасқан.
Қатты отын қолданылатын оқу ордасы 2 жылу қазандығы арқылы жылытылады. 2021 жылдың 11 қазан күні, сағат таңғы 05:50 шамасында орын алған жылу қазандығындағы жарылыс салдарынан жылыту ғимаратының қабырғалары бұзылып, төбе бетондары қираған.
Амалсыздың қамын істеп жатқан мектепте оқу бағдарламасы тоқтаған жоқ. Осы мақсатта, жылу қазандығы толық қалпына келтіру мерзіміне дейін ғимараттың бір блогына қосымша электрлі жылу қазандығы орнатылып, қазіргі уақытта оқушылар екі ауысыммен білім алуда.
Мән-жай әлі зерттеп, зерделенуде. Өрт техникалық ақаудан бастау алды ма, әлде тұтынған отыннан орын алды ма, ол жағы әзірге беймәлім. Көмірге қол жеткізген мәз көңіл оның сапасын анықтауға қауқарсыз. Бұл қатты отынмен жылытылатын мектеп, балабақша, аурухана сынды әлеуметтік нысандар мен аудан тұрғын үйлерінің 44,7 процентін құрайтын 6492 үй үшін қауіптің белгісін көрсетіп отыр.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА