Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыстың қамын жасап үлгердік пе?

Қыстың қамын жасап үлгердік пе?

Ауданға көгілдір отын жүргізілмеген тұста жұртшылық қатты отын жағып, жыл сайын соның соңында жүретін. Күн салқындағаннан тонналап көмір алып, қыс соңына дейін жеткізумен әлек болатын. Міне, қазірде бұл күндер артта қалды. Көгілдір отын келіп, көптің қуанышына сеп болды. Алайда әлі күнге дейін қатты отын пайдаланатын ағайынның бар екенін естен шығармаған абзал.
Көмірді тұтынатын тұрғындар үшін қызу тірлік енді басталғалы тұр. Себебі күз кіріп, жылу беру маусымы басталады. Салқын түскеннен көмір іздеген көпшілік ең алдымен оның жеткілікті екеніне әрі бағасына назар салады. Расында былтырғы жылы жұртшылықты әбігерге түсірген осы мәселе биыл тағы орын ала ма? Ал оған дайындық жұмыстары қалай болып жатыр? Жауаптылар «қыстың қамын жазда ойланың» қамына кірісіп үлгерді ме? Әлде...
Шыны керек күз келді дегеннен-ақ аудан тұрғындары отын-көмірдің әуресімен жүретіні белгілі. Осыған сәйкес көпшіліктің көкейінде бір сұрақ, бір қорқыныш. Ол көмірдің жетіспей қалуы. Десек те жауаптылар бұндай түйткілдің орын алмайтынын айтып отыр.
Ең бірінші аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне хабарластық. Сондағымыз аудандағы отын әкелушілермен байланыс құру. Десек те барлығымен тілдесе алмадық. Біз мәлімет алған кәсіпкерлердің сөзіне сенсек, биылғы жылы көмір жеткілікті, әрі бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен секілді. Оны біз сөйлескен «Қазалы отын» ЖШС алға тартып отыр.
– Биыл көмір жеткілікті. Жылдағымен салыстырғанда анағұрлым көп. Бағасы да төмен. Бірақ қатты отын құнын қоюды жеке кәсіпкерлер шешеді. Оның келу құнына қарап бағалайды. Сондықтан болар аудандағы көмір бағасы тұрақсыз. Осы жағына тұрғындар түсіністік танытуы қажет, – дейді қызметкерлер.
Қазір ауданда «Қазалы Тұлпар» ЖШС, «Баймаханова», «Турсумуратов», «Жеткербаев» және «Жалмағамбетова» ЖК тұрғындарға көмір таратып жатқанын айта кету керек. Қазірде жауаптылар теміржол тұйықтарында көмір қоры жинақталып, жұртшылыққа еркін беріліп жатқанын және биыл отын тапшылығы жоқ екенін айтуда.
Қатты отын жеткілікті екенін білдік. Дегенмен тағы бір алаңдайтын мәселе – көмір бағасының көтерілуі. Негізінен көмір құнын төмендету не жоғарылату кәсіпкерлердің құзырында. Ал олар кен орындары көмір бағасының өсіргенін айтып әлек. Сатылымдағы тас көмірдің бағасы – 11 500 теңгені құрайды. Ағаш көмір – 15 500 теңге.
Біз тек ең төменгі бағаларын ұсынып отырмыз. Ал жоғары бағасы тас көмір – 14 000, ағаш көмір – 17000 теңгеге бағаланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Осыған қатысты 5 квартал тұрғыны Майра Ерлепес өз ойын жеткізді.
– Көмір бағасы жыл сайын өзгеріске ұшырап отырады. Қатты отынның мезгілі ­басталмас бұрын қалтамызға қарап, шамамыз келгенше тонналап түсіріп алауға асығамыз. Өйткені күн салқындап кеткен соң құны қалыңдайды. Менің де айтқым келіп отырғаны осы. Бағада тұрақтылық жоқ. Кәсіпкерлер бағаны өзгертіп жібереді. Бастапқы баға бірнеше ай өткен соң кейінгісімен салыстыруға келмейді. Осы жағын қатаң бақылауға алса жақсы болар еді, – деді көпбалалы ана.
Сондай-ақ олардың арасында тұтынушыға түбіртек бермей, қолдан қымбатшылық жасайтындар да кездеседі. Ол жөнінде көз көрмесе де, құлақ естіп жүр. Қалта қамын ойлап, себепсіз баға өсіру жақсылыққа жетелер жол емес екені анық. Сондықтан осындай түсініспеушіліктің алдын алу үшін құзырлылар өз жұмыстарына кірісіп үлгерген. Бұл жөнінде алдағы уақытта сөз ететін боламыз.
Түптеп келгенде қара отынның жеткілікті болуы мен баға тұрақтылығы басты назарда болуы тиіс. Тұрғындардың жанайқайы да осы. Сондықтан алдағы уақытта бұл түйткілдің де түйіні тарқатылатынына жұртшылық сенім білдіріп отыр.
А. БАҚЫТҰЛЫ
26 қыркүйек 2020 ж. 722 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930