Сенатор журналистерге арнайы мәртебе беруді ұсынды
Депутаттың айтуынша, журналистер - мемлекеттік қызметкер де, азаматтық қызметкер де емес
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында журналистердің мәртебесін заңнамалық көтеру қажеттілігін көтерді.
Депутаттың айтуынша, журналистің қоғамдағы орны заң жүзінде анықталмаған. «БАҚ туралы» заңда және еліміздің Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы баптар жоқ. Салалық заңда журналистердің құқықтары мен міндеттері ғана жазылған. Сенатордың ойынша, мұның бәрі журналистердің өте жауапты және қауіпті жұмысын ескермеу.
Нұртөре Жүсіп отандық журналистиканы дамыту үшін журналистердің мәртебесін көтеру, оларды әлеуметтік кепілдіктермен және қорғаумен қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
Сенатор пандемия кезінде журналистер дәрігерлермен, полицейлермен және құтқарушылармен тең дәрежеде жұмыс істегенін, бірақ олардан айырмашылығы – БАҚ қызметкерлері бұл үшін ешқандай қосымша ақы және әлеуметтік кепілдік алмағанын еске салды. Журналистер жеңілдікті санаттар қатарында тұрғын үй алуға үміткер бола алмайды. Себебі олар мемлекеттік қызметкер де, азаматтық қызметкер де емес.