Қыстан қысылмаудың қамы қалай?
Қыстың қамын жаз ойла. Қыр астында тұрған қытымыр мезгілге қарекет қамы – маңызды мәселе. Қыстан қысылмай өтуде жылыту маусымын аудан өз деңгейінде өткеруге қауқарлы ма? Жоспарланған жылу желілері жөнделді ме? Жайсыздыққа жол бермеудің жолы қандай? Мәселеге мән бердік.
Әне-міне дегенше қылышын сүйретіп қыс та жақындап қалды. Өткен жыл соңында бұл тақырып туралы атқарылар ауқымды істер барын айтқан атқамінерлер ағымдағы жылы да Қазалы ауданында жылу маусымдарына дайындық жұмыстары белгіленген меже бойынша жүзеге асатынын жеткізді. Білуімізше, жылыту маусына әзірлік ерте көктемде қолға алынған.
Қазірде аудан әкімдігінің өкімі шығып, әзірленген іс-шара жоспарына сай барлығы 153 нысан дайындық жұмыстарын жүргізуде. Олардың ішіндегі білім саласының – 57, мәдениет саласының – 35, денсаулық сақтау саласының – 32, спорт саласының – 6, басқару аппараттарының – 23 нысаны бар.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жасәділ Ешепетовтің айтуынша, алдағы жылыту маусымына жалпы көлемі 20,0 мың тонна қатты отын және 2400 тонна сұйық отынмен жылытылатын әлеуметтік нысандарға қажеттілік табылған. Оның ішінде 4000 тонна қатты отын әлеуметтік нысандарға, 1600 тонна қатты отын халық тұтынуына берілмек.
Ауданға табиғи газ жеткенімен, тұрғындардың біраз бөлігі әлі де отын жарып, көмір сатып алуға мәжбүр. Бұл орайда «Биыл көмір тапшылығы туындамай ма?», «Уақытында отынға жаримыз ба?», «Онсыз да алқымнан алған қымбатшылық бұл салаға да салқынын тигізбей ме?» деген алаң көңілді ағайынға құзыретті мекеме маманы: «Қажетті қатты отында қиындық болмайды», – деген жауабын жеткізді. Бүгінде «Тоғыс – Аралотын», «Қазалы-Отын», «Қазалы тұлпары» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, ЖК «Жалмағанбетова» сынды 4 ресми отын жеткізуші белгіленген. Олардың сақтау-тарату қоймаларына Қарағанды және Павлодар облысындағы кеніштерден көмір тасымалданып, қыркүйек айынан бастап әлеуметтік нысандар мен халық сұранысына таратылмақ.
Жылу маусымын өткізу барысында қатты отын бағасын тұрақты ұстап тұру жайы қаузалғанда жеткізуші кәсіпкерлермен аудан әкімдігі арасында меморандум жасалатын білдік.
Нысандардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік пасортын алу ағымдағы жылдың 15 тамызында басталса, ол 30 қыркүйекке дейін жүргізілуде.
«Жыл сайын үйімізден газдың техникалық жағдайы үшін деп ақша жинайтын адамдарды білеміз. Алайда олардың қыс жақындағанда үйдегі жылу желілерін тексеріп, газ пештерінің ақаулықтарын анықтап, жарамсызығын қадағалағанын көргенім жоқ», – дейді кент тұрғыны Нұргүл Ерғалиева. Байланыс телефоны, не ауданда мамандары жоқ, Қызылорда облысында орналасқан бұл мекемемен хабарласу мүмкін болмады. Тіпті осы қызмет үшін деп жалған құжаттарға қол қойғызып, тұрғын үйлерді аралап, ақы жиып жүрген алаяқтар да кездесетін көрінеді.
«Бір жолы туысымның үйінде жүргенімде бір жас жігіт келіп, өзін таныстырып, мақсатын түсінідіріп, газдың техникалық қауіпсіздігін қадағалайтын мекемеден екендігін айтты. Үй иесі ақысын алып шыққанша, менен оның фамилиясын сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, айтып салып едім. Қолындағы адреспен адам аттары жазылған тізімді екі-үш рет ақтарып, тапқанын жеткізіп, ақысын алды. Осы уақытта өз мекенжайымды айтып, қарызын сұрап едім, ол көрсетпеуге тырысты. Бірақ мен ол жерде басқа тектің болғанын көрдім, көршілерімнің де аты-жөні сәйкес келмейтінін білдім. Бұл жайлы туысыма айтып болғанша, жас жігіт ақыны алып, асығыс үйден шығып кетті», – дейді Әлия Маратова.
Қауіпті сейілтуден оның алдын алу әлдеқайда маңызды. Себебі тілсіз жаудың кесірінен «тіл тартпай» кеткендер қатары жыл санап елімізде артып келеді. Мұндай келеңсіздіктерді болдырмау бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Серікбол Ізімов мәлімдеп берді.
«Қарапайым күнде көбіміз назар аудармағанымен, жылу маусымына әзірлік жасау маңызды екендігін баршамыз ұғынуымыз керек. 2020–2021 жылғы жылу беру маусымында тұрғын секторда – 13 өрт оқиғасы тіркелуі мәселеге тұрғындардың маңыз бермеуінің айқын көрінісіне баланады. Оқиғалар тұрғын үйлерде, көппәтерлі тұрғын үй, уақытша тұрғын үй, сарай, мал қораларда орны алады. Олардан қаза болған және жарақат алу фактілері тіркелген жоқ. Десе де бұл қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Бұл бағытта жоспарлы жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, биылғы маусымда аудан бойынша аз қамтылған, көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар тұратын үйлерге көмірқышқыл газды анықтайтын 428 дана датчиктер орнатылды.
Тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы, адамдардың көмір қышқыл және табиғи газбен уланудың алдын алу мақсатында өрт қауіпсіздігі айлығы болып белгіленді. Өрт оқиғалары фактілерінің көп тіркелуі орын алған Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінде бөлімінің және №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері аптаның сәрсенбі, жұма, сенбі күндері тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы, адамдардың көмір қышқыл және табиғи газбен уланудың алдын алуда түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Шара жылу беру маусымы аяқталғанша жалғаспақ, – деді ол.
«Жаңа маусымға сақадай саймыз», – дейді Нұрылда Әбілдаев басқаратын аудандағы жылу беру орталығы. Бүгінде бұл «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы арқылы барлығы 381 абонент орталықтандырылған жылу жүйесімен жалғанған. Олардың қатарында 77 көп қабатты, 204 жеке тұрғын үй, 100 мекеме бар.
«Ағымдағы жөндеу жұмыстарына мекеменің өз қаражаты есебінен 10,9 млн теңге бөлініп, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Негізгі жылыту түрі – газ отыны, резевтік жылту – мазут. Резервтік қорда 288 тонна мазут бар», – дейді Нұрылда Қалдашұлы.
Кәсіпорын жылу энергиясын өндіру, бөлу және жабдықтау қызметтері бойынша жұмыс жасайды.
Өткен 2020-2021 жылдағы жылу беру маусымында барлығы 38 912,5 Гкал өндіріліп, оның ішінде 31 441,3 Гкалы тұтынушыларға берілген. Таратылған жылудың теміржол мен тараптық мекемелерге 22,8 бюджетке қарасты мекемелерге 46,1 жеке тұрғын үйлерге 31,1 проценті жіберілді. Ал пайдаланылған табиғи газ отыны 5 683,281 текше метрге жеткен кәсіпорын алдағы 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына жылу жүйелерін сапалы және уақытылы дайындау мақсатында биылғы жөндеу жұмыстарының арнайы жоспарын дайындаған. Онда көрсетілгендей, 4 дана ДЕ-16/14 ГМ бу қазандығы, экономайзерлер, жылу алмастырғыштар, желілік, қоректік, түтін сорғылар, желдеткіштер, 200 метр жылу желісінің изоляциясын қалыпқа келтіру, жылу тарату пунктеріне және насос станция, қазандық, мазут станциясы, шеберхана ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге, бу қазандықтардың қосалқы бөлшектері ысырма, винтель, клапан, насос, электрдвигателдері ауыстырылып, филиалдың өз қаражаты есебінен 10,2 млн теңге мемлекеттік сатып алу заңы бойынша баға ұсыныстары және ашық конкурс арқылы осы қаралған қаржы толық игерілген.
Аудандағы 14514 тұрғын үйдің 7636-сы яғни 53 проценті газ желісіне қосылған. Олардың 7473-і Әйтеке би кентінде болса, 163-сі Ғани Мұратбаев ауылында. Бұған дейін қыс келсе қысып, өзекті мәселеге айналған газ жайы биыл түйіні тарқалған Қазалы қаласындағы 1558 тұрғын үй алғаш рет пеш азабынан құтылып, табиғи отын игілігін көрмек.
Маусымға аудандағы әлеуметтік-мәдени нысандар мен басқару аппараттарына отын қорын жасақтау үшін барлығы 571,0 млн теңге қаржы қаралған. Бұл орайда шешімін таппай, жауабын күткен жағдайлар да жоқ емес. Атап айтар болсақ, жеке ғимаратқа орналасқан 16 балабақшаның отын қорын жасақтауға қажетті 98,3 млн теңге өтінім тапсырылғанымен, қаржы мәселесінің түйіні тарқамаған. Бұл мектепке дейінгі мекемелер нысандарының жылу маусымы басталу мерзіміне дейін отын қорын жасақтап үлгермеу қаупі барын бағамдау қиынға соқпайды.
Аталған жұмыстарды атқарып, жылу жұмыстарын тоқтатпауда әлеуметтік мәдени нысандар мен басқару аппаратына мерзімде 249 жұмыссыз маусымдық жұмысқа қабылданбақ.
Жақында өткен жиында аудан әкімі жылу мен жарықпен қамту жайы тұрақты бақылауда болатынын, оны бұзу мен орындамауға жол берілмейтінін жеткізіп, сала мамандарына қадау-қадау тапсырма берді. Жауапты кезеңнен халық та қиналмай өтуге өз хал-қадірінше қамданып әлек.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА