Қытымыр қысқа қамданыңыз
Биылғы жылға аудан бойынша жылу беру маусымына барлығы 23340 тонна қатты отын қажеттілігі жоспарланған. Қазіргі таңда алты көмір сақтау-тарату қоймасында 700 тонна көмір бар. Бұл аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, -жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметі.
Олардың айтуынша, «Тоғыс Арал Отын», «Қазалы отын», «Қазалы Тұлпары», Сыр-маржаны», ЖК«Жалмағамбетова», «ТЭК-Қазақстан» ЖШС-терінен қажетті қатты отынды таба аласыз. Осы уақытқа дейін 13720 тонна, яғни 196 вагон көмір жеткізілген. Алдағы уақытта 2590 тонна болатын 37 вагон қатты отын келеді. Аталған бөлім қызметкерлерінің сөзіне сенсек, аудан тұрғыдарының көпшілігі қатты отынмен қамтамасыз етіліпті. Отын қоймаларында тас көмір 13000, ағаш көмір 16500 теңгеден сатылуда деген ақпаратты алып көмір қоймаларын жағаладық. Бірнеше көмір қоймасы бос болып шықты. Тек «Тоғыс Арал Отын» мекемесінде ғана қызу тірлік. Оннан аса жүк көлігі кезекте тұр. Бұнда келген тұрғындар тас көмірді қанағат тұтуда.
– Көмір тамыз айынан бастап келді. Тас көмірдің тоннасы 13 мың. Ағаш көмір жоқ, жақын күндері болып қалады. Оның бағасы 16 мыңнан басталады, – дейді қойма басындағы жауапты жұмысшы Әнуар Мәмбетжанов
Кезекпен келіп, таразыға тұрып жатқан жүк көліктерінің бірінің жүргізушісі Ғани Ержановтан көмірді жеткізіп беру ақысы жөнінде сұрағанымызда: «Машинаның бірі бензинмен, бірі газбен енді бірі дизель майымен жүреді. Бағада соған байланысты. Өзім кентке 2000-2500, Қазалы қаласына 4000 теңгемен барамын. Жасым келген соң, ауылдық жерлерге қатынамаймын. Кейде тұрғынның да жағдайына түсіністікпен қарап, бастапқыдан төмен бағаға жеткізіп беремін», – дейді.
Байқауымызша, елді мекендердің жақын-қашықтығына қарай жүкті тасымалдау ақысы өзгеріп тұрады. Алайда, ауыл тұрғындарының көпшілігі өз көліктерімен келетін көрінеді. Әңгіме барысында аудандағы көмір жеткізушілердің Қарағанды облысының «Шұбаркөл», Павлодар облысының «Екібастұз», «Богатырь» көмір кеніштерімен келісімшартқа отырғандығы белгілі болды.
Оқырманның көмірді қайдан, қандай бағада аламыз деген сауалына жауап тапқандай болдық. Енді жылу беру мекемелерінің жайына тоқтала кетейік. Аудан бойынша жылу беру маусымына барлығы 160 нысан қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Олардың қатарына 61 білім, 33 мәдениет, 35 денсаулық сақтау, 6 спорт саласы, 3 дербес бөлім мен 22 әкімдік ғимараттары кіреді. Бүгінгі күні аталған нысандарға жылу маусымына әзірлік паспорттары толығымен берілген.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын әлеуметтік-мәдени нысандарға алдағы жылу беру маусымына барлығы 5660,0 тонна қатты, 2850,0 тонна сұйық отын алу және аудан тұрғындары үшін 23340 тонна қатты отын қажеттілігі жоспарланған. Білім, денсаулық, мәдениет және спорт салалары бойынша бу қазандықтары тексеруден өткізіліп, отын қорын жасақтауға бөлінген қаржыға сұйық және қатты отын жеткізуші мекемелермен келісім шарт жасалған. Қатты отынды қоймаларға тасымалдау жұмыстары кестеге сай жүргізілсе, сұйық отын резервуарлардың сыйымдылығына байланысты таратылады.
Әйтеке би кентінде барлығы 8168 тұрғын үй болса, оның 6400-і, яғни 78 проценті газ желісіне қосылған. 120 мекеме мен кәсіпкерлік субъектісі көгілдір отын пайдаланады. Кенттегі газ құбырлары жартылай жүргізілген және шығу нүктесінен тыс қалған көшелер мен тұрғын үйлерді газға бейімдеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары 95 процентке орындалған. Демек тағы да 173 үйдегі тұрғын көгілдір оттынның игілігін көретін болады.
Төрт бу қазандығы арқылы кенттегі 3 бес қабатты, 63 екі қабатты, 194 жеке тұрғын үйді және 100 мекемені жылу ¬энергиясымен қамтамасыз ететін мекеме – «Қазалы-Теміржолжылу». Жылу орталығының теңгерімінде 35,3 шақырым жылу желісі бар. Биылғы жылға жөндеу жұмыстарына 7 млн теңге бөлініп, оған бу қазандықтары мен бойлерді жөндеу, 500 метр жылу жүйесін жаңалау жұмыстары жүзеге асырылды. Бу қазандықтарға пайдаланатын негізгі отын табиғи газ, бұған қоса 288 тонна мазуттың резервтік қоры бар.
P.S:Көмір тасымалдаушы кәсіпкерлермен аудан әкімдігі арасында қатты отынның бағасын тұрақты ұстау жөнінде меморандум жасалған. Соған сәйкес жылу маусымын өткеру барысында тас көмірдің тоннасы – 13 мың теңге, ағаш көмір – 16,5 мың теңгеден аспайтын болады. Жергілікті атқарушы орган қытымыр қыстың төтенше жағдайға жол бермей, бірқалыпты өтуін қатаң бақылауда ұстайтындықтарын айтып отыр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА