Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіби кадр қайда бар?

Кәсіби кадр қайда бар?

Мамандық таңдау – адамның тұлғалық дамуындағы маңызды шешім. Тіпті, қазақ тілек айтқанда: «Өмірде екі нәрседен жаңылыспауыңды тілеймін. Біріншісі, жар таңдау болса, екіншісі, мамандақ таңдау», – деп жатады. Тәуелсіздік алып, дамудың жаңа баспалдағына көтерілген Қазақстанда мамандарды даярлау, жоғары білім беру ісі кенжелеп қалған емес. Дегенмен дипломы бар, жұмысы жоқтардың қарасы көбейді.
2018 жылы көршілес Ресей Федерациясы халқының 27 проценті ғана мамандығы бойынша жұмыс істейтінін ресми ақпарат көзінде жариялаған болатын. Статистика бойынша әлем адамдарының 60 проценті өз мамандығымен жұмыс істемейді, біздің елде бұл көрсеткіш одан жоғары болуы әбден мүмкін. «Шымшық сойса да қасапшы ­сойсын» демекші, қай жұмыс орны болса да кәсіби маманға зәру. Неге жастар өз мамандығымен жұмыс жасамайды? Кадр тапшылығын шешудің жолы қандай? Бірге зерделейік.

Мамандық таңдаудың машақаты
Мамандық таңдауға келгенде қазақ балалары үшін санаулы нұсқа бар. Бірі ата-анасының қалауына қараса, екіншісі таңдап жатқан көпшіліктен қалмау үшін, енді бірі «айлығы көп» деген аты үшін болашақ мамандығын таңдайды. Өзі түйсініп, «болашақ жолым» деп таңдайтындар да бар. Бірақ шетелдік тәжірибемен салыстырсақ, бізде олардағыдай мектеп қабырғасында-ақ белгілі бір кәсіпке, бағытқа баулу жоқтың қасы. Он бірінші сыныпқа қадам басқан талай жастың қандай мамандық таңдарын білмей, нені қалайтынын өзі түсінбей жүретініне куә боламыз.
Академик Асқар Жұмаділдаев қазір мамандықты бітіруші түлек емес, грант таңдайтынын айтады. Яғни, грант пен мамандық арасындағы «бәйгеде» гранттың бәсі басым. Болашақ маманның бейімі мен ынтасы екінші орында.
– Бізде ҰБТ-мен бірге «тегін оқу» деген ұғым санамызға орнықты. Ата-анасының жағдайына қарайлаған бала өзінің бейімі, жүрегінің қалауы емес, грант көбірек бөлінеді деген болжамға қарап таңдау жасайды. Қазір ЖОО-ның екі бірдей дипломын сандыққа салып тастап, таксист болып жүргендер жетеді. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап біздің елде бұл мәселеге мән беріліп, зерттеліп, зерделеген жоқ. Ішкі нарық мамандық дайындауда ұсыныс пен сұранысты реттеп отыратын теңгермелі механизмнен көз жазып қалды. Әлі күнге дейін елімізде «Қандай мамандыққа қанша адам қажет? Жалпы, жоғары оқу орындары қандай мамандықтар бойынша оқытқан дұрыс?» деген мәселелерді талқылап, сараптамадан өткізіп, бақылап отыратын арнайы мекеме жоқ», – дейді Асқар Жұмаділдаев. Мемлекет есебінен қаржыландыратын білім грантын белгілейтін комиссияның құрамы әлі күнге дейін қоғамға жасырын. Ғалым «Қандай салаға грант көбірек бөлінді? Мұның себебі неде?» деген сұрақтардың жауабы ҰБТ қарсаңында емес, оқу жылы басталғанда белгілі болуы керектігін айтады. Сонымен бірге аталмыш комиссия құрамына өндіріс орындары басшылары, аймақ басшылары кіргені жөн. Себебі өндіріс басшылары қанша маманның зейнет жасында, қай салаға жастарды көбірек тарту қажет екенін әлдеқайда жақсы біледі.
Бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың еңбек министрлігі мамандықтардың сұранысқа қарай жылдам ауысқанын айтқан болатын. Олардың болжамынша, қазіргі студенттерге 38 жасқа дейін шамамен 10-14 жұмыс орнын алмастыруларына тура келеді. Яғни, еңбек нарығына енді қадам басқан түлектің 4-5 жыл бұрын таңдаған мамандығы сұраныстан шығып, басқалары оның орнын басады. Бұл болжамның ақиқат екенін күн сайын жаңа өзгеріспен толығатын қоғамның талабынан байқаймыз.


Диплом үшін оқу
Қазақстан нарықтық кезеңге өткеніне біраз жыл болса да, кеңестік сана тұтастай өзгере қойған жоқ. Ата-ана үшін баласының көштен қалмай жоғары оқу орнына түсіп, диплом алып шыққаны бір мәртебе. Ата-анасының қалауымен мамандық таңдайтындар сирегенімен, грант үшін өзі қаламайтынына оқуға түсетіндер баршылық. Мамандығына қызықпайтын студент ақырында сабаққа да аңсары аумай, қосымша жұмыс істеп, әупірімдеп университетті бітіреді. Осыдан кейін дипломдық жұмысты жаздырып алатындарға не деп мін тағарсың?! Мұндай студенттер екі-үшеу ғана емес, мыңдап саналады. Тіпті, кейбірі «ата-анасын қуанту үшін» ғана қызыл дипломға ұмтылып бағады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі жыл қатарынан білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз сараптама жасап, рейтингісін шығарды. Нәтижесінде: «Елімізде 60-тан астам жоғары оқу орны болашақ жұмыссыздарды дайындайды десе де болғандай. Кейбір жоғары оқу орны сапалы білім беруге тырыспайды, есесіне дипломдарды басып шығарып, ақша табуда. Өйткені білімге емес, құжатқа сұраныс бар», – деген қорытынды жасалған.
Білім емес, баға үшін оқу дәстүрге айналмай тұрғанда, мамандық таңдау мен оқыту жүйесіне өзгеріс енгізетін кез туған секілді...

Білікті маман аз
Мамандықтар нарық сұранысына қарай ауысып, кейбірі қажетсіз болып қалатынын атап өттік. Ал дипломдағы мамандығымен жұмыс істеуге талаптанған жастардың бір бөлігі өзі қалаған орынға орналаса ала ма? Қазақстанда кадр тапшылығы қай деңгейде?
2020 жылы Қазақстанда жыл басынан бері жұмыссыздар саны 8 процентке көбейген. Бұл тек ресми тіркелгендер көрсеткіші. Оның 78,9 мыңы 15-28 жас аралығындағы жастарды құрайды. Ал жұмыс орнын таппай жүрген жастардың көбі – дипломды мамандар. Дипломды жастардың басым бөлігі айлығы шайлығына жетпегендіктен мамандық бойынша қызмет еткісі келмейтіні анық. Жалақысы көп жерге орналасу кімге болса да қуаныш.
Дипломы бар жоғары оқу орнын бітірушінің жұмыссыз жүруі туралы әлеуметтанушы Гүлзинат Мейірбекова былай дейді:
– Жастар диплом алған соң, мамандық бойынша жұмыс істегісі келеді. Бірақ еңбек өтілі жоқ болғандықтан, жұмысқа орналаса алмайды. Бұл бірінші мәселе. Екіншіден, бүгінгі таңда көп сұранысқа ие мамандықтар дипломды қажет етпейді. Мысалы, сатушы, кассир, тігінші, визажист, тұрмыстық техника жөндеуші сынды маман болу үшін 3 айлық курсты тәмамдап алу жеткілікті. Яғни, қызмет көрсету саласы. Жалпы жұмыссыздықтың артуына індет кезінде көптеген жұмыс орындарының тоқтауы себеп. Қандай жағдай болса да, жастарды жұмыссыз қалдырмау керек. Себебі жаңа буынның идеялары қоғамға маңызды.
Жас маманның «білікті» деген қатарға енуіне басты кедергі – тәжірибесінің жоқтығы. ЖОО жүйесі бойынша теориялық білім алатын студентке кәсіби практика өз деңгейінде өте бермейді. Мағжанша жастарға сене алсақ, білікті мамандардың қатары бірнеше есе көбейер ме еді?
Шетелге көшетін эмигранттардың да денін білімді, білікті азаматтар құрайды. 2018 жылы жоғары білімді 12 360 және орта кәсіптік білімі бар 10 306 адам шетелге кеткен. Көбісі техникалық мамандықты игергендер (7362) екен. Одан кейінгі орында экономистер (3900), педагогтар (2478), медицина мамандары (1225). Сондай-ақ заңгерлер, архитекторлар және ауылшаруашылық мамандары да аз емес. Тұрақтап қалу үшін шекара асып жатқандардың арасында осындай білікті кадрлардың кездесуі мемлекеттік мәселеге айналып отыр. Қазақстаннан кетіп жатқандардың 70 проценті еңбекке жарамды, ал жартысынан көбі жастар мен студенттер екенін ескеру керек.
Басқа мемлекеттерде кадрлардың жағдайы қалай екеніне үңіліп көрейік. Көпке үлгі күншығыс үкіметі дарындылардың елден кетуін шектеп, отанына қайта оралғандарға жоғары жалақы тағайындайды, жеке кәсіп ашуға қайтарымсыз грант, қомақты қаржы береді. Сонымен бірге Жапония әр жылы тек ондаған адамға ғана шетелдің жоғары оқу орындарында оқуға рұқсат береді екен.

Шешілмейтін түйін жоқ...
Мемлекеттің басты ресурсы минералдық байлық та, жаңа нысандар да емес, адам екенін ескерсек, кәсіби біліктілігі жоғары мамандарға лайықты жұмыс ұсыну, жақсы кадрлар дайындау – ел экономикасы мен болашағының басты кепілі. Шетелге көшіп жатқан кәсіби мамандардың елде қалуына жағдай жасау үшін ең алдымен білім беру саласына барынша басымдық беру керек сыңайлы. Бұл ретте мамандықтардың нарықта қаншалықты сұранысқа ие екенін анықтау маңызды. Өйткені оқуды желеу етіп шетел асқан жастардың көбі сонда тұрақтап қалуда. Олар жат жерге жылдам бейімделіп, шет тілдерін еркін меңгеруге қабілетті. Неге жастардың энергиясы мен шетелдік білімнен алған тәжірибесін мемлекеттің дамуына қолданбасқа?!
Ал елдің ішінде жүріп диплом бойынша жұмыс істемейтіндерге не өз мамандығы бойынша екі қолға бір күрек ұстағысы келгендерге мемлекет стандарттан жоғары жалақы ұсынып, қосымша қолдаулар көрсетуі тиіс. Озық кадрды даярламас бұрын әр мектеп бітіретін түлек мамандық таңдау мен нарық сұранысын қамтамасыз ету тұрғысынан зерттеулерге қатысып, қажетті ақпаратпен танысуы керек. Осы орайда ел болашағына алаңдайтындардан телегей теңіз мақсатқа тамшыдай әрекет қажет.

Дина БӨКЕБАЙ
21 тамыз 2021 ж. 877 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031