Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандық таңдау – маңызды міндет

Мамандық таңдау – маңызды міндет

Мектептен түлеп ұшқалы отырған 11 сынып оқушыларын келешекте қандай мамандық иесі боламын деген сұрақ мазалайтыны анық. Мамандық таңдау кезеңінде тұрған шәкірттерге бағыт-бағдар берудің маңызы өте зор. Жыл сайын мектеп бітіруші түлектерге кәсіби кеңес беру мақсатында еліміздегі жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушыларымен кездесу өтеді. Басты мақсат – талапкерге жоғары оқу орнын және болашақ мамандығын таңдауға көмектесу.
Осы орайда 2020 жылдың 18 қараша күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қазалы ауданындағы мектептерінің 10-11 сынып оқушыларының қатысуымен «Кәсіп – болашаққа ­бастар жол» тақырыбында филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің түлектер қауымдастығының директоры Болатбек Нұрбатыров, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ерсайын Молдасанов және Алматы қаласы Жетісу аудандық №57 мектептің директоры, ҚазҰПУ түлегі Гүлбану Тәуекелованың қатысуымен ZOOM платформасы арқылы вебинар өткізілді. Вебинарда мектеп бітіруші түлектердің мамандықты дұрыс таңдай білуіне көмек беру, бакалавриат, магистратура, докторантура мамандықтары бойынша ақпарат беріп, университет пен мектеп ұстаздары арасында оқу-тәрбие, ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша байланыс орнату, түлектердің мамандықты дұрыс таңдай білуіне көмек көрсету сынды өзекті мәселелер қаралды.
100 жылдық тарихы бар алғашқы жоғары білім ордасы болып табылатын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бүгінгі таңдағы еңсесі биік. Осы білім шаңырағының қазақ халқының тарихындағы алатын орны да ерекше. Университет алғаш құрылған кезден бастап күні бүгінге дейін басынан сан алуан тарихты өткізе отырып, қоғам өмірінің барлық саласы үшін білікті мамандар даярлауда жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап келеді.
Алғашқы жоғары оқу орнын ашуға, оны қалыптастыруға зор еңбек сіңірген алғашқы ректор Санжар Асфендияров есімін ерекше ілтипатпен атаған жөн. Қазір университет құрамында 7 институт жұмыс істейді. Олар педагогика, психология, математика, физика, информатика, филология көптілді білім беру, өнер, мәдениет және спорт, ғылым, география, тарих, құқық мамандарын даярлайды.
Вебинарда мектеп бітіруші түлектерге университет тарихына қатысты деректер мен мәліметті профессор Темірхан Тебегенов ­таныстырып өтті. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің түлектер қауымдастығының директоры Болатбек Нұрбатыров республика аймағындағы түлектерімен байланыс туралы, ал филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ерсайын Молдасанов университеттің әлемдік нарықтағы орны туралы баяндай келе, бітіруші түлектердің ЖОО таңдауына көмектесетін барлық сауалдарына жауап берді. Жастар университет пен ондағы мамандықтар туралы толық ақпаратпен танысты.
Оқу орнынан түлеп ұшқан он жеті мыңнан астам білікті маман осы жылдар ішінде отандық білім беру саласына орасан зор үлесін қосып келеді. Соның бірі Қазалы қаласындағы Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектепті үздік бітіріп, аталмыш оқу орнының қазақ филологиясы факультетін 2001 жылы бітіріп, қазіргі таңда Алматы қаласы, Жетісу ауданындағы №57 мектептің директоры қызметін абыроймен атқарып жүрген Гүлбану Тәуекелова вебинарда өзі бітірген мектебі мен оқу орнының оқытушыларына алғысын білдіре отырып, мектеп бітіруші түлектерге ҰБТ-да жақсы көрсеткішке жетіп, қалаған мамандыққа оқуға түсуіне тілектестік білдірді. Университет басшылығы іс-шараны өткізуге ықпал еткен №95 орта мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Ләйла Дәстенованы университеттің Алғыс хатымен марапаттады.

Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ
12 желтоқсан 2020 ж. 2 607 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 32

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930