Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәндіктерден қауіп көп

Жәндіктерден қауіп көп

Күн жылына бастағаннан қаншама улы жорғалаушылар тіріліп, адамға зиянын тигізеді. Күз мезгілінде бұлардың уының қуаты артып, қауіпті болады. Алайда олардың түр-түсімен екінің бірі таныс емес. Сондықтан қауіпті кезеңде бұл туралы білген абзал.
Қарақұрт – өте улы, далалы, шөл-шөлейтті жерлерде мекендейтін жәндік. Оның уы жылан уынан 15 есе күшті деседі мамандар. Қарақұрт өрмекшілер тобына жатады. Құрсағы дөңгелек пішінді, қара түсті. Арқасында қызыл дақтары болады. Оның шаққан уы адамға да, малға да залал келтіреді. Ол Қазақстанның шөлді аймақтарында, Қырымда, Кавказда кездеседі. Сонымен бірге Иранда, Ауғанстанда, Жерорта теңізі жағалауларында және Сібірдегі Енисейде, Африканың солтүстігінде, Орта Азияның батысы мен тау етектерінде, Еуропаның және Украинаның оңтүстігінде кең тараған.
Қарақұрт ұяларын құрғақ арықтардың көлеңке жағына, кеміргіштердің індеріне және жусанның, жантақтың, жыңғылдың түптеріне салады. Алдымен, қарақұрт құмырсқалармен, шегіртке тәрізділермен, түнде ұшатын қоңыздармен қоректенеді. Олардың торларынан шаяндарды және үлкен емес кесірткелерді де кездестіруге болады. Адамдар мен жануарларға шабуылы тамыз айының соңына таман ең жоғарғы сатысына жетеді. Бірақ маусым айының екінші онкүндігінен бастап, қыркүйектің соңына дейін шағудың кездесетіні де анықталған.
– Осыдан 5-6 жыл бұрын кенже ұлымды кішкентай жәндік шағып алған. Жарық жерге апарып қарасам, баламның арқасы мен аяқ жағында іздері қалыпты. Орындары ісіп, қызарып кеткен. Жедел жәрдем келгенде әлгі жәндікті банкаға салып апардым. Дәрігерлер кішкентайымды «Қарақұрт шақты» деп баламды жансақтау бөліміне салды. Кейін естідім, дер кезінде қам жасамағанда, айырылып қалу қаупі де бар екен, – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Жеңіскүл Бекжанова.
Қарақұрт малдар мен адамды өздігінен шақпайды. Тек өзіне қауіп тудырғанда ғана шабуылдайтын көрінеді. Улы жәндіктің денесінен бөлінген сұйықтық алдымен жүйкеге әсер ететіндіктен, адамдар мен түйелер өте тез уланады.
Бұл орайда тәжірибеде қарақұрт шаққанда, одан қалған дақтағы қанның тамшысын сығып шығару және ауызбен уды сорып алу қажеттігі айтылады. Көмек берушінің аузының ішінде жаралары болмауы тиіс. Қандай жағдайда да ауруды ауруханаға жеткізген жөн.
– Қарақұрттардың шағуының алдын алу медицина үшін маңызды. Жәндік шаққан сәтте сол жерді сіріңке шырпыларының басын қосып, тұтандырып күйдіруге болады. Неге десеңіз, өрмекші теріні өзінің хелицерімен, яки жұп аузымен тістеп алады. Бірақ мұны шаққаннан кейін кешіктірмей 1-2 минут ішінде алдын алу керек. Неғұрлым тез жасалынса, соғұрлым тез қайтады, – дейді Қазалы теміржол ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Садуақас Ахметов.
Қарақұрттың ең улысы жетілген ұрғашылары. Үлкендігі 1,5-2 см, еркегі 1 см шамасында болады. Қарақұрт шаққанда орны қатты ауырады. Оның залалын көргендер басынан өткен зардапты әлі де ұмытар емес.
– Мектепте оқып жүргенімде оқыс қарақұрт шағып алғаны әлі есімде. Ауырғаны соншалық, бүкіл денеге тарап, тұла бойымды ашытты аяғым тартылды. Басым ауырып, жүрегім жиі соқты. Ентігіп, терледім, – дейді Самат Әскербекұлы.
Дәрігерлердің сөзіне илансақ, науқас өрмекші уының әсерінен сандырақтайды. Тіпті өліп кетуі мүмкін. Негізінен қарақұрт шағудың алдын-алу мақсатында қой, ірі қара бағатын малшылар улы өрмекшілер бар жерде түнгі ұйқы алдында жататын орнынан бірнеше рет отарды айдап өткізеді. Жерге қойдың терілерін төсейді. Оның айналасына су сеуіп, төсектің сыртын қылды арқанмен қоршайды. Дегенмен бұл әрекеттер кейде қарақұрттарды тоқтата алмайды. Сондықтан қазіргі кезде далаға түнегенде жерге ұйықтамаған жөн. Қарақұрт шаққанда ішімдік ішпеу керек. Себебі алкогольді ішімдік уымен қосылады да жүйке жүйесіне әсер етіп, адамды естен тандырады. Мұндай қоспа адамның тыныс алуын ауырлатып, жүрек соғысын тоқтатады. Қарақұрт шаққаннан кейін 40 минут пен 2 сағат арасында адамның жүріп-тұруына жауап беретін арқаның бұлшық еттері босаңсиды. Ол өз бетімен жүре алмайды. Сондықтан зардап шеккенді тез арада медициналық мекемеге жеткізу керек. Қауіпті жәндіктің шабуылынан соң, жылқы, сиыр, шошқа – 4 күнде, ал түйе – 8 күнде өледі дейді мамандар.
Жаз мезгілінде көпшілік табиғат аясына шығып, сырт жерлерде демалуды жақсы көреді. Бірақ далалықта қауіпті жыландар мен жәндіктердің мекендейтінін естен шығарамыз. Алайда жыландардың барлық түрі адам үшін улы емес. Дегенмен онымен кездесіп қалғанда жыланды ұстамаған абзал.
Ауылдық жердегі тұрғындардың айтуынша, жыландар әрқашанда шабуыл жасайтыны туралы ескертеді. Кейбіреуі басын дірілдетеді, бірі ысылдайды, келесісі оралып алады. Сондай-ақ өлген жыландардан да сақ болу қажет. Олардың кейбіреуіндегі удың қасиеті ұзақ сақталатын көрінеді. Жылан уы сілекей безінен шығатын ақшыл сары не көкшіл түсті сұйықтық. Одан медицинада май, сұйық түрінде дәрілер дайындайды.
– Соңғы уақыттары жылан үйге кіріп кетті, болмаса ауладан ұстап алдым дегенді естімейміз. Қазір байқаймын бұл түсі суық, кескіні адам шошырлық жорғалаушы көрінбейді. Бәлкім мұның себебі ұялы телефон мен уайфай құрылғысының әсері шығар. Өйткені бұл зиянкестердің сезім мүшелері айрықша дамыған деп айтатын үлкендер. Соның салдарынан жыландар басқа өздеріне ыңғайлы жерге қоныс аударуы мүмкін деп ойлаймын, – дейді кент тұрғыны Нұргүл.
Жылан шаққанда адамға әртүрлі әсер етеді. Ол жылқы, қой, сиырды жиі, шошқаны өте сирек шағады. Ауылдың көпті көрген ақсақалдары жылқыны көбіне тұмсығынан шағатынын айтады. Салдарынан жылқының тұмсығы ісіп, 10-20 минуттан кейін уланғандықтың белгісі білінеді де, уақытылы емдемесе, өледі. Көбіне сұр жылан, көзілдірікті, қалқантұмсық жыландар өте қауіпті. Сұр жылан шақса, малдың нерв жүйесіне әсер етеді, мал еліреді, ақырында әлсірейді. Тістеген жері ісініп, көпіріп, тері асты босайды. Осы белгілері арқылы айыртілділердің шаққаны белгілі болады.
Жылан шаққан кездегі көрсетілетін ең бірінші көмек – зардап шегушіге жылы сөз айту. Өйткені ол қатты қорыққанның әсерінен рухани қолдауды қажет етеді. Уланған адамды көлденең жатқызып, тыныштықта қалдыру қажет. Өйткені қозғалыс удың бүкіл денеге таралуын тездетеді. Аяқты шаққан кезде оны қозғалтпауға тырысыңыз. Шаққан қол-аяқтарды дәкелеп танып және олар біраз көтеріңкі болып тұру үшін тізенің астына бір нәрсе қойыңыз. Қолды шаққан кезде оны бүккен күйде ұстаңыз. Жылан шаққаннан кейін, алғашқы секундтарда саусақтармен басып, жараны ашыңыз, содан кейін уды ауызбен сорыңыз. Қанды сұйықтықты түкіріп отырыңыз. Егер сілекей аз болып немесе ерінде, ауыз қуысында жаралар болса, ауызға аз мөлшерде су алып, 15 минут аралығында тоқтамай кезекпен уды сорып алу қажет. Бұл зақымдалған ағзадан удың 20-50 процентін жоюға мүмкіндік береді.
– Жәбірленуші адамды жақында орналасқан медициналық мекемеге жедел апаруға тырысыңыз. Жыланды тауып, оның түрін тану үшін, дәрігерге әкелген жөн. Қажет болған жағдайда, ұзақ уақытты жасанды тыныс алуды және жүрек массажын жүргізіңіз, – дейді реаниматолог Жасұлан Қуанышбаев.
Шаққан жерді крест тәрізді кесуге және зақымдалған аймақты ойып алып тастауға болмайды. Кездейсоқ заттармен пышақпен, шыны сынықтарымен кесу инфекцияларға, тамырлар мен сіңірлердің зақымдануына әкеліп соғады.
Жылан мен қарақұрттар күн мен түнді талғамайды. Олар тек қана шөл мен шөпте ғана емес, лас жерлерден де қорек іздейді. Сондықтан жер үйдегілер, әсіресе ас бөлмені күн сайын тазалап, арнайы дәрі-дәрмектерді сеуіп тұрған артық болмайды. Ал улы зиянкестер көбейіп кеткен жағдайда “Қазалы дезинфекция” ЖШС-не тапсырыспен жүгінген жөн.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
31 шілде 2021 ж. 716 0

Қазақстанда күн жылынады

25 желтоқсан 2024 ж. 74

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031