Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарақұрттан сақтанайық

Қарақұрттан сақтанайық

Үстіміздегі жылы ауа райының аптап ыстық, құрғақшылық болуына байланысты улы жәндіктердің саны көбейіп, адамдарды шағу оқиғалары жиілеуде. Соның ішінде ең қаіптісі – қарақұрт.
Түркістан облысы Шымкент қаласындағы облыстық жоғары қысымды оксигенация орталығының токсикология бөлімшесіне осы жылдың басынан бері қарақұрт шаққан 25 адам түскен. Олардың ішінде 20-сы ересек, 5-і балалар. 
Қазіргі таңда орталықта қарақұрт шаққаннан 2 ересек және жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатқан 1 бала бар. Қарақұрт шағу жағдайы бойынша қайтыс болғандар тіркелмеген.
Қызылорда облысы бойынша қарақұрт шаққан адамдардың саны 2016 жылы – 20, 2017 жылы – 18, 2018 жылы – 6 жағдай (Жаңақорған ауданында 5, Қазалы ауданында 1) тіркеліп, ауруханада ем алып шыққан. Қазіргі таңда, жағдайлары жақсы. Соңғы 3 жылда өлім – жітім жағдайлары болмаған.
Қарақұрт еліміздің оңтүстік аудандарында, далалық зоналарда мекендейді. Адам үшін оның аналықтары қауіпті. Өйткені олардың жоғарғы жақтарында улы екі безі бар. Қарақұрттың ұзындығы 10 мм- ге дейін барады. Қарақұрттар өте өсімтал: шілдеде 100 – 700 жұмыртқа салып, оларды пілләсімен қорғауға алады. Жұмыртқадан шыққан өрмекшілер пілләда қыстап, келесі жылы сәуірде жан-жаққа тарайды. Қарақұрт шаққан жерде қызыл дақ пайда болады, сәл уақыттан соң білінбей кетеді. Қарақұрт шаққан адамның 10 – 15 минуттан кейін іші мен кеудесі қатты ауырады, аяқтарының жаны кетіп, құрысып қалады. Дер кезінде жедел жәрдем көрсетілмесе, уланған адам 1 – 2 күннен кейін өліп кетуі мүмкін. 
Қарақұрттың шағуы көктем-жаз айларында өте қауіпті. Уы оқ жыланның уынан 15 есе күшті. Зардап шегушіге уақытында көмек көрсетілмесе 1-2 күннен кейін өліп кетуі мүмкін. Қарақұрттың уы орталық жүйке жүйесіне, жүрекке әсер етеді. 
Бұрынырақта ата-бабаларымыз жайлауға шыққанда үй тігетін жеріне қой жайып алады екен. Себебі, қарақұрт қойдың иісі шыққан жерге жоламайды. Сондай-ақ үйді қойдың жүнінен жасалған арқанмен қоршап қоятын болған. Осы тәсілді табиғат аясына демалысқа шығатындар, жаңа учаскелерге үй салып жатқандар да қолдануына болады.
Клиникалық көріністері. Қарақұрт шаққан жерде, теріде тез бозғылттанып кететін кішкене қызыл дақтар пайда болады. Бірнеше минуттан соң, іштің, белдің жедел ауырсынуы, аяқ-қолдың ұюы, кейбір бұлшық еттерінің тырысуы болады. Қатты қобалжу, қозу, өлімге деген қорқыныш. Уланған адамның басы ауырып, тұншығады, құсады, лоқсиды. Әлсіздік, ентікпе, цианоз, тахикардия пайда болады. Сілекейі шұбырып ағады. Тынысының тоқтап қалуы мүмкін.
Жедел жәрдем. Егер адамды қарақұрт шағып алса, ауруды басатын дәрі және көп мөлшерде су ішу керек, сонда у ағзадан табиғи жолмен шығарылады. Көрініп тұрған жараны қолда бар құралдармен: құрамында спирті бар заттармен немесе сутегі тотығымен залалсыздандырған жөн. Сондай-ақ жарақат алған адамды міндетті түрде токсикология бөліміне жеткізу керек. Мүмкіндігінше уақыт өткізіп алмаған жөн. Дәрігерлер қарақұрт шаққан орынды күйдіруге, кесуге немесе уды сорып шығаруға рұқсат етпейді. Мұндай жағдайда жарақат алған жерге инфекция түсуі мүмкін, ондайда уланған адамды инфекция түсуден де емдеуге тура келеді.
Шаққан жеріне суық басады және қимылсыз қалыпта ұстайды. Аяғын немесе қолын шаққан жағдайда, қозғалмайтындай етіп бір аяғын екінші аяғының үстіне байлау керек, ал қолын бүгілген қалпында байлау керек. 
Қауіпті жағдайларға ұрынбас үшін далалы жерлерге барғанда барынша сақтық шараларын сақтап жүргеніміз дұрыс.
Ішкі Саясат Басқармасы парақшасынан алынды
13 шілде 2018 ж. 1 930 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031