Бір өкініш, бір үміт
Аламаншыл жұрт күткен алыс-беріске толы әлемдік дода биыл Жапония астанасы Токиода өтіп жатқанынан жұрт хабардар. Алайда сенген спортшылары дода дөңгелегінен шығып қалып, көгілдір экранға үңілгендер еңсесі түсіп отырғаны жасырын емес. Төрт жыл сайын төрткіл дүниені тамсандырып жүрген тарландардың көпшілігі биыл бәсекеге шыдас бере алмауына не себеп? Жалпы елдегі спортшыларға мемлекет лайықты жағдай жасап отыр ма? Олимпиаданы үзбей көріп жүрген жерлестердің көңіліне осы сарындағы сауалдар маза бермей жүргені анық.
Алғашқы аламан
Алдымен олимпиаданың шығу тарихын қаузай кетейік. Жарыстың бұл түрі Ежелгі Грецияда пайда болғанын білеміз. Оның алғашқысы біздің дәуірімізге дейінгі 776 жылы өтті. Бірақ о заманда олимпиада бүгінгіден көп ерекшеленді. Бастысы доданың спорттық дағдыларды дамытуды көздейтін негізгі мақсаты өзгеріссіз қалды.
Күндердің бір күнінде Грецияны Рим империясы жаулап алды. Бірақ отаршылар спорттық ойындардың қадір-қасиетін кетірген. Олар ойындардың мақсатын бәсекелестік емес, көпшілікке арналған ойын-сауыққа айналдырды. Осыған ашынған Рим жазушысы Ювенал: «Оларға нан мен цирк беріңіз, олар ешқашан бүлік шығармайды», – деген екен. Жарысқа бұқа, жолбарыс, арыстан сияқты қауіпті жабайы аңдар қосылды. Сондай-ақ, олимп алаңына гладиаторлық шайқастарды енгізгені белгілі. Мұның барлығы шелектеп төгілген қанның есебінен қомақты бәс тігу үшін жасалды. Олимпиада букмекерлік бизнеске айналып, Ежелгі Римде әйгілі сайыстың атынан басқа түк қалмады. Көп ұзамай елде христиан діні пайда болып, империяға кеңінен тарады. Оның қызыққа толы барлық қатал ойындарын дінбасылары қатаң айыптады. Ақыры б.з.д 394 жылы Олимпиада ойындарына тыйым салынды.
Олимпиада ойындарына тыйым салу туралы жарлық 1500 жыл күшінде болды. Бұл ХІХ ғасырдың аяғы еді. Дегенмен хоккей мен футбол сияқты спорт түрлерінің өзі әлі әлемге танымал емес кезі. Солай дегенмен Еуропа елдерінде кейбір спорт түрлері бойынша турнир өткізілді. Ал 1894 жылы газеттерде барон Пьер де Кубертиннің есімі жиі айтыла бастады. Ол ежелгі грек үлгісімен Олимпиада ойындарын жандандыру идеясын ұсынады. Нәтижесінде Халықаралық Олимпиада комитеті құрылып, сол жылы алғашқы отырысын өткізеді. Осылайша барон Пьер де Кубертин 9 ойыннан тұратын заманауи олимпиада әкесі ретінде тарихта қалды.
Қазақтар қанжығасы қалай майланды?
Рио де Жанейро қаласында өткен олимпиада ойындарында ауыр атлет Ниджат Рахимов, жүзуден Дмитрий Баландин және боксшы Данияр Елеусінов чемпион атанғанын білеміз. Олардың барлығы отандық спорттың бетбейнесі іспеттес көрінді. Бірақ күміс, қола алған спортшылардың бір бөлігі басқа мемлекеттерден келген азаматтар еді. Бұл әлем алдында абыройлы болу үшін тиісті саланың ойлап тапқан айласының түрі. Оған қоғам белсенділері мен танымал тұлғалар қарсы келіп, келешек үшін өз қазақстандық спортшыларымызды шыңдау керегін айтқан. Рас, 2016 жылы Қазақстан туы олимп төрінде көбірек көтеріліп, патриоттық сезім ерекше оянды. Алайда биыл Токиода өтіп жатқан ойындағы елдің көрсеткіші көңілге кірбің ұялатады.
Шынымен де осы кезге дейін «қазақ салмағы» атанып кеткен 69 келідегі боксшымыз доданың алғашқы сайысында-ақ жеңіліске ұшырады. Үкіліген үмітіміз кеткен Василий Левит те шаршы алаңда шалқасынан құлады. Әзірге қазақстандықтар салын суға кетірмесе болатындай. Өйткені қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев пен бірнеше спортшының алтынға таласы бар. Ал жеңіліске тап болған спортшылардың сыйақысын қысқарту жайында елде мәселе көтерілді. Алайда спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев мұның орынсыз екенін айтады.
– Спортшыларға нақтыланып қойған сыйақыны қысқарту туралы оймен келіспеймін. Олимпиада әлі біткен жоқ және құрдымға кетіп, нашар өнер көрсетіп жатыр деп айтуға ерте. Иә, кейбір көшбасшыларымыз жеңіліп қалды. Бірақ жақсы өнер көрсете алатын басқа да спортшылар бар. Олимпиада көптеген жанкүйер үшін жай ғана бір сәт, бір-екі апта ғана. Ал біз, спортшылар үшін көпжылдық, күн сайын бірнеше сағаттық еңбек. Спортшы формасында қалуы керек. Сен құрама жарыстарға барып тоғыз айдай жақындарың мен отбасыңды көрмей кететін кездер болады. Үйде үш ай ғана болуы мүмкін, оның өзінде спортшы режимді сақтап, уақытында ұйықтап, тұруы керек. Ол өте қиын. Сондықтан спортшыларға қандай да бір сыйақы, өтемақыларды қысқарту дұрыс емес деп ойлаймын, – деді ол.
Ал ҚР бокс федерациясының директоры Токиода төбелес болып жатқанын айтып ақталды.
– Біздің спортшылар таза боксқа үйреніп қалған. Кеше мен бокс төбелес сияқты өтіп жатқанын байқадым. Сондықтан келесі жылдары жаттықтырушылар және спортшылармен кеңесіп, енгізу қажет өзгерістерді қарастыратын боламыз”, – деді Маратбек Мықтыбеков.
Қолдау қолы қысқа
Қолдаудан бұрын, ұлттық рух мәселесіне тоқтала кеткен дұрыс. Бұған дейін журналист Серік Абас Шах әлеуметтік желіде қазақстандық спортшыларға патриоттық жетіспейтінін жазған. Шынында да, қоба сақал мен қысқа балақ беретін сұс олимп алаңында спортшыға жігер бермесі анық. Журналист бұл мәселеде өзбек спортшыларын үлгі ретінде көрсеткен. Орта Азияда олардан берік діншіл ұлт аз. Алайда ұлттық мүддеге келгенде ерекше намысты оятатынына ешкім таласа алмайды. Қазақ спортшылары да дәстүрлі дінге бет бұрып, тақым қысып отырған қандастарының қолдауынан рухтанса, Токионы да «тонап» кетер ме едік, кім білсін?!
Кәсіби спортшыларды материалды қолдау қарқыны аз екенін ешкімнен жасыра алмаймыз. Бұған дейін елдегі спортқа бөлінетін қаржының 70-80 проценті футболшыларға кететіні жайлы ақпаратпен таныспыз. Қомақты қаржы көрермені көп кеңістіктің дамуына әсер етері анық. Өкініштісі сол, миллиардтаған теңге қара домалақтарды шебер етуге емес, шетелден легионер сатып алып, соның қалтасын қалыңдатудан артылмай отыр. Әлгі жалпы спортқа қаралған қаржының қалғанын кішігірім спорт комитеттері өзара бөліске салатын көрінеді. Осыдан келіп кәсіби спорттың басқа түріне бет бұрған болашақ чемпиондардың жағдайы жасалмай келеді. Кейде осы олқылық саясаттың қарадан хан шығару үшін ойлап тапқан механизмі ме деп қаласың. Әйтпесе спорттың ауырына байдың баласы келмейтініне ешкім таласа қоймас.
– Спортшылардың мотивациясы ақшаға келіп тірелетіні кей жағдайда шындыққа жанасады. Өйткені бәрі сол ауылдан шыққан, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы өкілдері. Олар бала кезден қиыншылық көргеннен кейін, чемпион болсам, солай жағдайымды түзесем деп ойлайды. Елдің арқа сүйер азаматы болғысы келеді. Аяққа тұрған соң ауылдағы әке-шешесіне жөні дұрыс үй салып беруді аңсайды. Ер азамат үшін ата-ананың керегін тауып бере алмау өте ауыр. Қазақ спортшылары олимпиадада жүлдеге ілікпейінше алаңсыз спортпен айналысуына жағдай жасалмағандықтан, бұған әбес көзбен қарау орынсыз секілді, – дейді олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев.
Бұған дейін олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне қанша сыйақы берілетіні айтылған еді. Құжат ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1435 қаулысымен бекітілген. Алтыннан алқа таққан спортшылар 250 мың доллар, күміс жүлдегерлер – 150 мың, ал қоланы қанағат тұтқан қандасқа – 75 мың доллар беріледі. Сонымен қатар, қаржы төртінші, бесінші және алтыншы орындарға ие болған спортшыларға да үлестіріледі. Көлемі, сәйкесінше 30, 10 және 5 мың доллардың айналасында.
Айта кетейік, Рио қаласында өткен олимпиадада қазақстандықтар 17 медальді ел қоржынына салған еді. Жүлдегерлерге билік 1,5 миллиард теңгеден астам сыйақы үлестірген. Жұма күнгі мәліметке сәйкес, әзірге Қазақстанда үш қоладан басқа жүлде жоқ. Есесіне биыл бюджет қаржысы едәуір үнемделетін секілді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ