Безбенсіз баға һәм болашақ
«Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам... Зытып келе жатқаным, қашып келемін. Артыма қарай беретінім, қорқып келемін». Бұл жолдар соңғы кезде ойға біз білетін Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романын емес, қуғанға жеткізбейтін нарық ырқын оралтады. Қайнаған ырғағы бар тіршілікте қажеттіліктерді өтеп, ағысқа ілесу – өмір талабы. Ал сол жолда бұйдасын ұстатпай, бұлаңдаған безбенсіз баға туралы пікір жаға ұстатады.
Пікірімізді пайымдамас бұрын, оның себебі мен салдарына бойлау қажеттігі туындайды. Бұл жолда түрткі болған теңгенің тоқтаусыз құнсыздануы, импорт тауарларының қымбаттауы, әлемді шарпыған «Covid-19» әсері түрпідей тисе де, бағаның құбылуын нарықтағы сұранысқа тікелей телу жайттың жауабы бола алмасы анық.
Пандемиялық жағдай бізге ғана емес, әлемнің барлық жеріне өз салқынын тигізуде. Алайда әр мемлекет өзінше қам-қарекетке көшіп, амал-шараларын жасап, халықты қиын жағдайдан алып шығуға түрлі жоспарлар түзуде. Осы қатардағы Қазақстан карантиндік қатал жүйе кезінде де азық-түлік пен қажетті өнімдерді тасымалдаушы алып-сатарларға барлық жағдайды жасап, шегенделген шекарасын айқара ашып, жолына тосқауыл қоймады. Бұл бірінші кезекте, қарақұрым халықтың індетті жеңіп, иммунитетін әлсіретпеуге, әлеуметтік мәселелерге мойын бұрмай, алдағы келешекке жарқын үміт артуына жасалған алғышарт еді. Осы орайда санаңа батыс ертегісінің бірін салатын әрекет туралы айтпауға болмайды. Жағалауда шортан ұстап алып, оның болашағы жайлы ойлап отырған қарттың қолынан ыршып түскен балық құйрығымен суды шарпып, балықшыны малмандай су етеді. Қамқорлықты қажеттілік емес, қалта қомақтандыру деп ұғынып, жалғанды жалпағынан басқан, өнімдерді уақытында босатпай, қымбатшылықты қолдан ұйымдастырушы көтермешілер де ел ішінен табылды. Бір ғана мысал, осыдан бір ай бұрын 140 теңгеден сатылған картоптың құны 400 теңгеден асып кетті. Сәбіз 600 теңге, қызанақтың келісін 500, 550 теңгеге аласың. Өкініштісі сол, бұл нақты, тұрақты баға емес, әлі де қаншаға артатынын ешкім болжап біле алмайды.
Халық туындаған қымбатшылыққа мойынсұнғанымен, оларды қажытқан тоқтаусыз, тыным таппай өсе беретін аспандаған азық-түлік өнімдері. Бейбіт өмірде аштық қамытын тұрмыстық тауқыметтен емес, дәл осы ырқыңнан ытқыған нарық көрсеткенін көзіміз көріп, көңіліміз қабылдады. Қай сауда орнына бара қалсаң да, жүздерінде үрей, көңілдерінде алаң бар ағайынды көресің. Қалтасын қағып, соңғы тиынына дейін беріп тұрып, «ертең тағы не қымбаттар екен?» деген қобалжумен тұрады. Бұл көріністер Мөңке бидің: «Ертеңіне сенбейтін күнің болады» деген болжамын көз алдыңа көлбеңдетеді.
Тақырып туралы ізденіп жүріп, тұрғындар базынасына да құлақ түруді жөн деп таптық.
Еркін Ахметов, көлік жүргізуші:
– Өмір сүрудің өзі қиынға соғып тұрғанын бәрі біледі. Бензин бағасы апта басынан бері 17 теңгеге артқан. Білетіндер әлі де көтеріледі деп жатыр. Жанармай қымбаттаса, бәрі қосыла қымбаттайтыны бар. Бұл не болды? Сәл тоқтау болатын уақыт жеткен шығар?..
Айымкүл Есіркепқызы, зейнеткер:
– Қазір бір жерде бас қосылса, тек баға жайлы айтатын үрдіс қалыптасты. «Ана жерде мынау арзан екен» десе, баруға тырысамыз. Азық-түлік жағын айтпай-ақ қояйық. Ай сайын шығындарды қанша қысқартсақ та, ақша жетер емес.
Ауламда балаларыма сүт қылып отырған екі сиыр, он шақты ұсақ малым бар еді. Жем-шөбі қымбат, қосымша шығыны тағы бар, жағдайым келмегендіктен, сатып жібердім. Балам мен келінім жұмыс істейді, менің зейнетақым бар. Сонда да тұрмысты түзей алар емеспіз. Басқа бір ғана асыраушысы бар отбасының жағдайын іштей топшылай беріңіз. Ертеңді ойлаудан қорқатын болдық.
Мейірбек Күлімбетов:
– Өткен жылы құрылыс бастап едік, бүйірден қысқан қымбатшылық салдарынан, тоқтатуға мәжбүр болдық. 2020 жылы маусымда шатыр жабуға арналған қаңылтырдың данасы 5600 теңге болса, биыл 10500 теңгеге сатылуда. Ағаш тақтай 700 теңге тұрса, қазір 1300-ді құрауда. Сазды ақшаға таба алмадық. Көктемде кірпішті 180 теңгеге алсақ, бүгін 250 теңге болған деп естідім. «Көрмес, түйені де көрмес» дейді. Бұндай бейберекетсіздікті бақылайтын орган жоқ па? Үкімет басындағылар монполистер туралы анық деректі біле ме екен?
Арайлым Қуантқанқызы:
– Көрші келіншектің тағамдарды «Каспий» қосымшасымен алып жатқанын естіп, таң қалғанмын. Үйдегілерге жеткізсем, олар мұндайлар қарасы күн санап көбейіп келе жатқанын жасырмады. «Онсыз да кредитпен күнелтіп отырған қауым қазір азық-түлігін қарызға алса, ертең балалары сабаққа барарда олардың киімдері мен қажетті құрал-жабдықтарын қалай алады екен?» деген ойда қалдым.
Өзін Мира деп таныстырған көкөніс пен жеміс-жидек сатушы келіншек:
– Көршілес елдерден келген тауар тасымалдануынан бізге қымбатқа жетеді. Өз құнына сату саудагерлерді шығынға қалдырады, – дейді.
Ашынған ағайынның айтқанынан «баға бағамын қадағалап, ретке келтіретін орын жоқ па?» деген пікірді аңғардық. Мәселенің мән-жайына үңіліп, алдымен аудандық кәсіпкерлік бөлімінде болдық. Бөлім басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов біз айтып отырған жайға қанық екендігіне тоқталып, кәсіпкерлердің баға көрсеткішін бақылауға құзыреттіліктерінің жоқтығын жеткізді. Ал таңдаулы тауарларға бақылау жасауға қауқарлы ауылшаруашылығы бөлімі қызметкерлерінің айтуларынша, ауданда әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру, тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін бірқатар жұмыстар қолға алынған. Күріш, қарақұмық, макарон, нан, жұмыртқа, тұз, сұйық май сынды бағасы бекітілген өнімнің құнын көтергендерге белгілі мөлшерде айыппұл салынатынын білдік. Алайда, бұйрыққа бағынып, межеге қарап жатқандарды кездестірмедік.
Тұрмыстық техникалық өнімдер, қосалқы бөлшектер сататын орындардан да зат құнының көтерілгенін көрдік. Кәсіп иелері тауарлардың көбі шет елдерден жеткізетіндіктен, баға долларға тәуелділігін алға тартты.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Гүлмира Өтегеновамен тілдестік. Бұл жерден негізгі қызметтері табиғи монополия субъектілерінің жұмысын бақылау мен реттеу, қоғамдық маңызы бар нарық субъектілері тарифтерінің негізсіз өзгеруіне жол бермеу екендігін естідік. Басқармадан баға белгілеу туралы сұрағанымызда Гүлмира Сейтбекқызы жыл басынан реттелетін коммуналдық қызметтердің тарифтері, электр энергиясы бағасының өсуін сатып алатын энергия көлемінің қымбаттауымен байланыстырды.
Тақырып турасында сөз еткен статистер бағалар көрсеткішін аудан санақшылары жинағанымен, облыс орталығында сарапталатынын атап көрсетті.
Бізбен тілдескен тұтынушылар маусымдық көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы қымбаттай түскенін ашына айтты. Ауылдағы шаруадан оларды арзандатуға мүмкіндік бар-жоғын сұрағанымызда, тұқым мен көшет құны артқанын анықтадық. Сондай-ақ су тапшылығының туындауы жағдайды жақсартпайтынын ұғындырды.
Экономист Дархан Елжанұлының сараптауынша, күнделікті қажетті тауарлардың қымбаттауына ішкі өндірістің жетімсіздігі де себеп болған. Маманның Қазақстандық өндірушілер арасындағы бәсекелестіктің әлсіздігі мен нарықтың толымсыздығы бағаның өсуіне соқтырғаны туралы пікірін негізге алсақ, импортқа тәуелділіктен арылмай, баға тұрақтылығы орын алмасын топшылауға болады. Үйдегі есепті базардағы баға бұзып тұрған кезде жоққа жоқ деп мойынсұнбай, ішкі бағаны тұрақтандыру мақсатында мемлекет өзінде өндірілетін тауарларды дамытуға қолдау білдіріп, импорттық бұйымдарға шектеу қоюы қажет екендігін уақыт көрсетіп отыр.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА