Жұмыртқа неге қымбаттады?
Былтырдан бері біртіндеп қымбаттай бастаған жұмыртқаның бағасы ақпан айында шарықтау шегіне жеткен сияқты. Алты ай аралығында бір дана жұмыртқаның нарықтағы ресми құны 30 теңгеден өсіп, 57 теңгеге дейін жетті. Қазір бұл баға жекелеген сауда нүктелерінде 60 теңгені құраған. Яғни, 10 дана жұмыртқаны бір жыл бұрын 300 теңгеге сатып алған тұтынушы енді оған 600 теңге төлеуге мәжбүр. Демек, ішкі нарықта жұмыртқа бағасы 100 пайызға дейін қымбаттап отыр, деп хабарлайды egemen.kz
Былай қарасаңыз, отандық өнімнің бәсі жоғарылағанға қуану керек сияқты. Жалпы, дайын өнімнің бағасын бұлдап өткізу өндірістің пайдасын еселеп, өндірушінің маңдай терін өтеуге жол ашады. Алайда, бұл жағдай ішкі нарықтағы сұраныстың 90 пайызға жуығын қамтып отырған құс фабрикаларының жұмысына күмән туғызады. Өйткені, нарықтағы құбылуды зерттеп отырған мамандар бұл үрдістің сұранысты толықтай қамтудан тумағанын, керісінше тұтынушылар арасында жұмыртқа тапшылығы пайда бола бастағанын айтуда. Яғни, тұтыну нарығына жөнелтілетін жұмыртқа өнімінің көлемі күрт кеміп кеткен. Ал мұның бірнеше себебі бар көрінеді.
Біріншіден, 2020 жылы еліміздің бірнеше облысындағы құс өсіретін шаруашылықтары кенеттен таралған дерттің салдарынан орасан шығынға ұшыраған. Жоқ, бұл әлемді әбігерге түсірген коронавирус індетінен келген зауал емес, құс тұмауының кесірінен болған жағдай. «Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы» ұйымының дерегіне сүйенсек, өткен жылы еліміздегі фабрикалар жұмыртқа туатын тауықтың бестен бірінен айырылған екен. Яғни, кенеттен бас көтерген «құс тұмауы» 2,5 млн бас құсты қырып жіберіпті. Бұдан келген қаржылай шығын 3 млрд теңгеден асып, жағдай шағын шаруашылықтардың банкрот болуына дейін жеткен көрінеді. Ал карантин салдарынан зардап шеккен ірі кәсіпорындар қатарында Солтүстік Қазақстан облысындағы 3 шаруашылық, Қостанай мен Алматы облыстарындағы 2 шаруашылық бар. Жұмыртқа өндірісіндегі ірі ойыншы санатындағы бұл фабрикалардың «тауық қорасындағы» құс саны 2.3 млн басқа дейін кеміген екен. Нәтижесінде, нарыққа шығатын жұмыртқа саны кеміп, бұл өз кезегінде бағаның өсуіне түрткі болғаны. Дерек бойынша, 2020 жылы отандық жұмыртқа өндірісінің қарқыны 8,8 пайызға төмендеген. Яғни, нарыққа жіберілген өнім көлемі 3,7 млрд дана жұмыртқа шамасында болған. Бұл ішкі нарықты қамту көрсеткішісінің 2019 жылмен салыстырғанда 11,3 пайызға азайғанын білдіреді.
Екіншіден, жұмыртқа бағасының қымбаттауы шаруашылықтарға індет салқыны тигенге дейін-ақ байқалған деген пікір бар. Және ол негізсіз емес. Мәселен, сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2020 жылдың бірінші жартысында-ақ жұмыртқа құны 20 пайызға өскен көрінеді. Сарапшылар мұның бір себебін сыртқы нарыққа шығаратын құс өнімдерінің жалпы көлемінің артқанынан іздейді. Яғни, былтыр қазақстандық жұмыртқаның экспорттық үлесі ішкі нарықтағы сұраныстан асып кетуі мүмкін. Әрі мұның жаны бар. Қазақстанда «құс тұмауы» белең алған тұста шаруашылық басшылары шырылдай бастаған болатын. Мысалға, Талдықорған қаласындағы «Когер ЛДТ» компаниясының басшысы Светлана Иванова бұған дейін көші елдерге еш кедергісіз жөнелтілген жұмыртқа мен тауық етінің экспорты тоқтағанын айтқан еді. Яғни, індеттің таралуы туралы хабар таралғаннан кейін компанияның негізігі тұтынушысы болып келген Тәжікстан тарапы дайын өнімді қабылдаудан бас тартқан.
Қазір бұл жағдай оңалып, сыртқы нарыққа шығатын өнім кедергісіз жөнелтілуде екен. Бірақ, құс еті мен жұмыртқа экспорттайтын компания өкілі елден шығатын өнім көлемі ішкі сұраныстың тепе-теңдігін бұзбайды деген пікірде. Салыстыру үшін алсақ, былтыр Қазақстандағы құс шаруашылығының дайын өнімі 96,6 пайызға жеткен, ал мұның 4,2 пайызы шекара асқан көрінеді. Оның үстіне ел тұрғындарының жұмыртқа тұтынуы тапшылық тудыратындай деңгейге жетпеген-мыс. Тамақтану институтының мәліметінше, орташа есеппен алғанда әр қазақстандық 3 күнде 2 дана ғана жұмыртқа жейді екен.
Үшіншіден, Үкіметтің құс шаруашылығын субсидиялауға қатысты саясатындағы бірізділіктің болмауы да өнімнің бағасына ықпал ететін көрінеді. Анығында, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі құс саны 80 000 бастан асқан ірі шаруашылықтарға қана қолдау жасап отыр екен. Яғни, ірі көлемде ғана дайын өнім шығарған компанияларға шығынның 25 пайызына дейінгі сомасы кері қайтарылады. Оның ішінде жылына 20 млн дана жұмыртқа өндіретін шаруашылыққа әр дана жұмыртқа үшін 1 теңгеден қосымша ақы төленеді. Бұл Үкімет бекіткен кесімді норматив. Ал отандық құс фабрикаларының көбі бұл талапқа сай емес. Сондықтан субсидияға иек артпай, өндірісін өз күштерміен жүргізуге мәжбүр-мыс. Ал құс өсіру ісі қыруар қаржыны талап етеді. Сала мамандары солай дейді. Фабрикалардағы жоғарғы техникалық талап үдесінен шығу үшін енгізілетін озық технология мен еңбек күші үшін жұмсалатын қаржыны айтпағанда, күн сайын құстарға қажетті жем тауып берудің өзі үлкен мәселеге айналып отырған сияқты. Және бұл негізсіз де емес. Дерекке жүгінсек, былтыр құс азығы 20 пайызға дейін қымбаттаған екен. Ал мамандар жұмыртқаның өзіндік құының 70 пайызы осы жем-шөпке байланысты дейді. Яғни, азық бағасы 2020 жылы байқалған жұмыртқа құнының өсуіне бірден бір ықпал еткені анық және бұл жердегі қымбатшылық көрсеткіші 14 пайызға дейін жеткен. Шынымен, қазір нарықтағы 1 тонна бидайдың бағасы 90 000 теңгенің үстінде. Бірер жыл бұрын ол 55 000 теңге болған екен. Ал құс азығына қажетті арпаның әр тоннасы 2019 жылы 45 000 теңгенің төңірегінде болса, былтыр оның құны 75 000 теңгені құраған. Демек, құс азығының бағасына қосылған шығын жұмыртқаның өзіндік құнын көтеруге әкелген. 2020 жылдың соңында бұл алшақтық 40 пайыз шамасында болыпты.
- Жағдай бұлай бола берсе, нарықта құс еті мен жұмыртқа тапшылығы әлі де пайда бола береді. Әңгіме отандық өнім туралы. Онсыз да Үкімет біз өндіріген өнім үшін көк тиын субсидия төлемейді. Құстарға дер кезінде вакцина егілмеуінің де астарында шаруашылықтардағы қаржы қиындығы себеп болғаны анық. Өйткені, отандық өндірістің өнімі арзан, өзіндік құнды әзер өтеп отыр. Нарықта шетелдік тауық еті еркін сатылып жатыр. Мәселен, азық-түлік сөресіндегі Ресейдің арзан өнімінен көз сүрінеді. Мұндай жағдай құс фабрикаларының жұмысы шатқаяқтамағанда қайтеді? - деген болатын бізге берген пікірінде «Когер ЛДТ» компаниясының директоры Светлана Иванова.
Айтпақшы, өткен жылдың есебі бойынша Алматы облысы құс еті мен жұмыртқа өндірудегі көшбасшылар қатарынан көрінді. Әсіресе, аймақта құс етін экспорттау соңғы үш жылда 2 есе өскен. Өңірде бұл бағытта бірақтар оң нәтиже бар. Өндірістің ілкімділігі де өзін ақтап отыр. Мәселен, былтыр Іле ауданында іске қосылған «НаурызАгро» құс фабрикасы жылына 32 млн дана инкубациялық жұмыртқа шығаруға қабілетті болса, Ұйғыр ауданындағы «OTAN GreenFood» құс фабрикасы жылына 30 мың тонна құс етін өндіруге үлес қосып келеді. Сондай-ақ, биыл өңірде «Прима құс» серіктестігі қуаты 37 мың тонна ет өндіруге жететін фабриканы іске қоспақшы. Яғни, аймақ жұрты, оның ішінде Алматы сияқты алып мегаполистің тұтынушылары өнімнен тапшылық көрмеуі тиіс. Алайда, бұл жұмыс Қазақстандағы құс шаруашылығын дамыту мен сапалы өнім өндірісін қалыптастыруға қатысты қордаланған мәселені түбегейлі шешпейді...