Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар тілегі тыңдалды

Тұрғындар тілегі тыңдалды

Қазалы халқының өзінің сан ғасырлық астанасы бар. Ықылымнан бабаларымызға құтты орда болған, оғыздың 24 тайпасының басын қосқан Жанкент шаһары – тұтас түркі халқының қадір тұтар қонысы. Бүгінгі Түркияның тарихи бейнебаяны “Основание Осман”, “Көсем”, “Ер Тұғырыл” фильмдеріндегі шаһ-сұлтандардың түп-төркіні осы жерден шыққан дейді кей тарихшылар.
Жуырда ауданның жаңа басшысы Мұхтар Оразбаев, мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп бастаған азаматтар ауыл-аймаққа жұмыс сапарын осы қасиетті топырақтан бастады. Көне шаһар іргесіндегі жебе іспетті салынған стелла жанынан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев күтіп алып, қала тарихымен таныстырды.
– Стелланың қақ ортасында герб бар. Бұл қос басты құс белгісі қазіргі таңда патшалық Ресейдің таңбасы ретінде саналып жүр. Ал негізінен мұндай белгі біздің оғыз, арғы жағындағы сақтар өркениетінде де кездескен. Сондай-ақ төрт бұрышындағы арқардың басы да біздің таным-түсінігімізге етене жақын, – деді Б.Әбенұлы.
Мұнымен қоса өңірдегі туризмді дамыту бағытында ашық аспан астындағы музей жасау жөнінде бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Келесі кезекте аудан әкімі ауылдық клубта ауыл ақсақалдарымен кездесіп, тұрғындардың тыныс-тіршілігіне қанықты.
***
«Жол азабын жүрген біледі». Бұрын «Үлкен қаладан» өтіп, Қарлаң көпіріне жеткенше сілікпең шығатын. Биыл бұл бағытқа қарай жолдың жайы жақсарыпты. Аудан орталығынан басталған жол жайлылығы Бірлік ауылдық округіне жеткенше көңілге кірбің түсірмеді. Ал біз жеткен ауылдағы басты мәселенің бірі – жол.
Мұндағы кірер ауыздағы көше мәселесінің бітпей тұрғанына әжептәуір уақыт болды. Бірақ бұл округте инфрақұрылым жұмыстары жүрмей жатыр деген сөз емес. Мәселен, биыл ауылға кіреберістегі жолға 9 миллион теңгеге жарықшам жүргізілген. Сондай-ақ осындағы Жанқожа батыр көшесінің 1,3 шақырым жеріне 12 миллион теңгеге орташа жөндеу жұмысы жасалған. Тағы да бірнеше көшеге жөндеу бағытында жұмыс жасалынып жатқанын аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов айтып берді.
Асар – халық ауызбіршілігінің көрінісі. Аға мен ініні, көрші мен көршіні жақындастыратын ынтымақтық іс. Жалпы асар әдісі жайлы айтуымыз бекер емес. Мұхтар Әуесұлы Бірлік ауылдық округіндегі сапарын заманында асарлатып салынған клуб жұмысының мән-жайымен танысудан бастады.
Әрине клуб ғимараты бүгінгі заман үдесінен шықпайды. Көңіл көншітпейді. Әлі күнге пешпен жылытылып, ошақтан күл алынады. Осыған қарамастан талай талантты өнерпаздардың талантын шыңдап, биіктерден көрінуіне ықпал етіп келетіні жасырын емес.
Ауыл әкімі Өміртай Өтеп-Әлі жаңа клубтың жоба-сметалық құжаттарына аудандық бюджеттен 1,5 миллион теңге қаражат қаралғанын, мемлекеттік сатып-алуға жарияланғанын айтты.
Мұнан соң аудан басшысы ауылдық мектепке барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, білім ордасының жұмысымен ­танысты.
Бірліктегі сапар соңында аудан әкімі округ әкімдігі ғимаратының сүреңсіз көрінісімен танысты.
***
«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» демекші, әр адамның жүрек түкпірінде ауылға деген сағыныш жасырынып жататыны рас. Өзінің жарқын келбетін, қазақилығын жоғалтпаған Қожабақы ауылы жыл сайын жанданып келеді. Көшелерінің 65 проценті асфальттаныпты.
– Былтыр балабақша ғимаратына 32 миллион теңге бөлінді. Оған мекемені жылыту қазандығы ауысып, шатыры жаңаланды. Сонымен бірге Мәдениет үйіне 16 миллион қаржы қаралды. Есік-терезесі мен едені, шатыры ауысты, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.
Талай түлекті біліммен сауаттандырған №25 мектеп ауласына ендік. Мұндағы жұрт көтерген бір мәселе бар. Ол – бақ.
– Жолымыз жаман емес. Ауылымыз жанданып келеді. Ел ішінің ауызбіршілігі жарасымды. Енді бір көрші ауылдардағыдай жастар серуендейтін, қариялар бас қосып демалатын бақ болса, – дейді ауыл тұрғындары.
***
Мұнымен қатар ауданның жуырда тағайындалған әкімі Аранды, Бозкөл, Кәукей, Тасарық және Лақалы ауылдарына арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Елді мекендердегі әлеуметтік, мәдени және құрылыс нысандарын аралап, тұрғындармен кездесті.
Аудан әкімі әрбір елді мекендегі күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандар мен жолдарды аралап көрді. Бұған қатысты ауыл әкімдері мен тиісті сала басшыларының пікірін тыңдады. Кейбір нысандарға қатысты тиісті құжаттарды әзірлеп, бюджеттік өтінім беруді тапсырды.
Сапар соңында Лақалы ауылында тұратын Социалистік Еңбек Ері Кәрібоз Әлимаевтың шаңырағына соғып, биыл жасы 85-ке келетін ақсақалға сәлем берді. Еңбекпен аты шыққан азаматтың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Өз кезегінде Қазалы ауданының құрметті азаматы, Социалистік жарыстың жеңімпазы Кәрібоз Әлимаев арнайылап сәлем берген аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
***
Аптаның сенбісінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ауданнан шалғай жатқан бірқатар елді мекендерді аралап, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты. Әрбір ауылда тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне мұқият ден қойды, халықты мазалаған сұрақтарға жауап берді. Іссапарда аудан басшысымен бірге облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілеп, Мінәжадин Өтеев, аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков және дербес бөлім басшылары да болды.
Алдымен ат басын бұрған Абай ауылының тұрғындары жаңа әкімнің қадамына сәттілік тілеп, өткен жылдары орындалған істерге оң бағасын берді. Сондай-ақ көшелерді асфальттау мен жарықтандыру жайы қалай жүзеге асатынын сұрады.
Аудан әкімі бастаған өкілдері бұл жолы Абай ауылынан Басықара елді мекеніне дейінгі аралықты қамтитын айналма жолмен жүрді. Ондағы мақсат қаржы бөлініп, асфальттау жұмыстары басталған 20 шақырым жолдағы атқарылып жатқан жұмыспен танысу еді. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов жұмысты толық аяқтау үшін әлі де қаржы жеткіліксіз екенін жеткізді. М.Оразбаев тиісті мамандарға жұмыстардың сапалы әрі уақытылы жүруін қадағалауды қатаң тапсырды.
Ә.Тыныбаев атындағы су қоймасына барып, аудандағы каналдар жүйесі мен Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттерімен танысқан әкімнен басықаралықтар су тапшылығы қинап тұрған уақытта Өтебас каналына 2 есік салдырып, өзі келіп тұрған суды кеңге жайып, бау-бақшаны қамтамасыз етуге көмек сұрады.
Сонымен қатар ауылды газдандыру мәселесі қозғалды. Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылының халқы да осыған тоқталып, тас отынның газға ауысатын күнін асыға күтіп жүргендерін жеткізді. Бұл туралы Мұхтар Әуесұлы: «Мемлекет бойынша 2030 жылға дейін газдандыру жұмыстары аяқталуы тиіс. Ал жақын ауылдарды 2025 жылға дейін бітіру жоспарда тұр. Қай ауылдан ­басталатыны жобаның дайын болуына байланысты», – дейді сөзінде.
Ғани Мұратбаев атындағы ауылға сапары кезінде Мұхтар Оразбаев ауыл ақсақалдарымен бірге Шығыстың жарық жұлдызы атанған жерлесіміздің ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті.
Көрікті ауылда көз тартар көрініс көп. Алаңы абатты, көшелері келісті. Аудан орталығынан айтарлықтай айырмасы жоқ. Дегенмен ауылдықтарды алаңдатын жай да жоқ емес. Мәселен, балалардың сапалы білім алуына қатысты мектеп ғимаратының тозығы жеткен. Спорт залдың да тарлығы кедергісін келтіруде. Ауылдағы маңызды рухани орын – мәдениет үйін газдандыру мәселесі де бар.
Жанқожа батыр ауылының мәдени нысандарымен танысып, тұрғындарымен жолыққан топ бұл жерден біршама мәселеге қанықты. Жер баққан шалғайдағы шаруаның аудан әкіміне базынасы бар. Тіршілікке тірек болған төрт түлікті түлетуге жайылымдық жердің жетіспеушілігі қиындық тудырып отыр. Су мәселесі бұл ауылды да айналып өтпеген.
Көларық ауылдық округінде болған ел ағаларына жергілікті жұрт көгілдір отын жетсе, барлық қажеттіліктері өтелетінін жеткізген.
Ү.Түктібаев елді мекеніне соққан әкім жолдардың жайы мәз еместігін көріп, бұл бағыттағы жұмыстарға назар аударды.
Кездесуде майдакөлдіктер балабақша қажеттілігін сөз етіп, жұмыссыздық жайын көтерді. Аудан басшысы балабақша аудандағы бірінші мәселе екендігін айтып өтті. Тақырып туралы облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп мемлекет қабылдаған №576 жарғы бойынша балабақшалар өзін өзі қамтуы тиістігін атап көрсетті. Жарғы бойынша негізінен үлкен қалалардағы жеке нысанға ыңғайлы. Әр мекемеге бөлінген 2 миллиондай ақшаның ішіне балалардың жабдықтары да, маманның айлығы да, қысқы жылу, жарық бәрі де кіреді. Ал жұмысшылар саны 20-дан аспауы тиіс. Қазір осы себепке байланысты біраз адам жұмыссыз қалған. Балабақша басшылары бөлінген қаржыны барлық шығынға толық жеткізе алмай, қарызға кіруде. Сондықтан білім бөлімі мектеп ішінің бір бөлігін бақшаға арнап, сол арқылы жарық, жылуды қамтамасыз етуді ұсынып отыр. Халық қалаулысы мәселе әлі де қаралатынын айтты.
Бекарыстан биге барғанда Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлға сәлем берген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қарт майдангердің батасын алды. Сондай-ақ, ауылдағы «Диін» бағына арнайы соғып, мұндағы жемісті жұмыстармен танысып өтті. Ауыл халқының еңбекқорлығын ерекше бағалап, ризашылығын білдірді.
Тіршілік тынысы – ауылдарды аралаудың екінші күні біршама атқарылған жұмыстармен көңіл тойдырса, екінші жағынан, елі сенген басшыға артылар үміттің көп екенін аңғартты.

Есет ТАБЫНБАЕВ,
Дина БӨКЕБАЙ
08 маусым 2021 ж. 576 0

ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

26 желтоқсан 2024 ж. 88

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031