Береке бастауы – білімде
Соңғы кездері Үкіметтің кәсіпкерлер санын арттыруға бағытталған жоспары жүйелі жүзеге асып келе жатқанын байқап отырмыз. Бұл алдымен жұмыссыздар санына «соққы» беріп, елдегі өндіріс күшін арттыруға бағытталғаны түсінікті. Соның арқасында ел экономикасы біршама серпіліп қалды. Мұндай әдіс ел ішіндегі тіршіліктің тамырына қан жүгіртетіндіктен мемлекет басшысы іскерлерді үш жылға салықтан босатып, қолдан келген мүмкіндікті жасап жатыр. Оның нәтижесін өңірдегі үздік аудандар қатарын бастап тұрған Қазалы ауданының тіршілігіне қарап аңғаруға болады. Күн өткен сайын жаңа нысандар бой көтеріп, жұмыссыздық деңгейінің өсім алмай отырғаны да мемлекеттік қолдаудың арқасы десек жаңылыспаймыз. Ал мұндай потенциалды кәсіпкерлер көбеюіне жеті жылдан бері аянбай тер төгіп келе жатқан аудандық кәсіпкерлер палатасының еңбегі ерекше. Өйткені іскерліктің әліппесіне үйретіп, қаржылай қолдау алуға қолұшын созып отырған бірден бір ұйым – Кәсіпкерлерді қолдау палатасы екені сөзсіз.
Қазалының бюджеті толысқаны, әлеуеті артқаны туралы сөз қозғалғанда көбіне палатаның есімі елеусіз қалып жатады. Неге екені белгісіз, кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғап, мемлекеттік бағдарламаларға тікелей қатысу, кәсіпкерлік саласын зерттеп дамыту, талдау және жоспарлау ісін мінсіз атқарып жүрген қолдаушылардың жұрт жақсы біледі дей алмаймыз. Оның үстіне кәсіп бастағандарды әкімшілік кедергілерден сақтандырып, кәсіпкерлік субъектілері мен билік өкілдері және мемлекеттік органдар арасында еркін диалог ұйымдастырып жүргені тағы бар. Сондықтан осы ретте ұйымның жыл көлемінде атқарған жұмыстарын шолып өтуді жөн көрдік.
Қазіргі таңда «бір терезе» қағидасы аясында Кәсіпкерлерді қолдау орталығы өз дәрежесінде жұмыс жасауда. Палатаның кеңес беруші мамандарының арқасында ісін жаңа бастаған, сондай-ақ жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлерге тегін сервистік қызметтер, кәсіпкерлік негіздерін оқыту, несие алуға сүйемелдеу, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрсетіліп келеді. Сәуірдің басында 5400-ге жуықтап қалған кәсіпкерлік субъектілері соның дәлелі. Былтыр он екі айдың ішінде қазалылық 2306 талапкер орталық қызметін пайдаланған. Оның ішінде, мамандар талап қылған 500-ге жуық азаматтың бизнес жоспар әзірлеуге жәрдемдескен. Мұндай мәселемен мал шарушылығы, қызмет көрсету, өнім өндіру, сауда ісін бастағандар жолыққан. Келесі топ жобаға сүйемелдеу сұрап келсе, бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу жөніндегі сұрақпен 1039 кәсіпкер орталыққа арнайы ат басын бұрыпты. Тағы жүздеген азаматқа ақпараттық қолдау көрсетілді.
Соңғы кездері біліммен басталған бизнестің табысты болатынын көпшілік түсіне бастаған. Себебі аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы грант алудан үміттілердің саны басым. Аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығының басшысы Кәдірхан Еңсепов солай деп отыр.
– Өздеріңізге белгілі, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» Еңбек бағдарламасы елге оң өзгерістер алып келді. Жобаның екінші бағыты бойынша кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалы арқылы былтыр «Бастау Бизнес» негізінде 272 адам онлайн оқытылып, олардың 246-сы жобарларын сәтті қорғап шықты. Бұдан бөлек 244 қазалылық білімін жетілдіргені туралы сертификат алды. Сонымен қатар «Бизнес кеңесші» курсы бойынша 31 қатысушы, «Бизнес мектеп» жобасымен 90 кәсіпкер оқу курсын аяқтады. Игі іс биыл да жалғасын тауып, 420 адамды 6 топқа бөліп, онлайн оқыту жоспарда барын біле жүргендеріңіз жөн. Оның алғашқысы 26 сәуірде басталып кетті, – дейді ол.
Адамның білім алуы бір бөлек мәселе де, оны істе пайдалану басқа жұмыс. Ауданда іскер азаматтар қатары қалыңдап келе жатқаны қуантады. Мәселен, «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» оқу курсын тәмамдағандар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Қызылода өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы несие алып беруге кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиал кеңесшілері және бизнес тренерлер тарапынан сүйемелдеу жолға қойылған. Инновациялық жобаларға қайтарымсыз грант бөлу конкурсына қатысуға бизнес жоба дайындап, құжаттарын рәсімдеуде де орталық үлесі орасан. Оған былтыр шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін тамыз, желтоқсан айларында жарияланған грант конкурсына 64 кәсіпкердің жобалары ұсынылғаны дәлел. Нәтижесінде құны 21,5 миллион теңге болатын 10 жоба қолдау тапты. Аудандағы көпбалалы отбасы мүшелері және «Бастау Бизнес» оқу курстарын бітірген 925 азамат 200 айлық есептік көрсеткішті құрайтын қайтарымсыз грантқа қол жеткізе алды. Оның жалпы көлемі 525 миллион теңгеден асып жығылады. Осындай қуанышқа жыл басынан бері 120 талапкер бөленді. Бұл да болса филиал қызметкерлерінің ерен еңбегі саналды. Мамандар тарапынан насихатталып, грант жеңіп алған кәсіпкерлердің де айтар алғысы аз емес.
– Мемлекеттің бізге жасап отырған көмегін сезініп отырғанымыз рас. Соның игілігін көріп, бүгінде нәпақамызды айырып отырмыз. Мен де кәсіпкерлік саласындағы білімімді жетілдіріп, жеке көлік ішін жаңарту цехын аштым. Бүгінде табысым жаман емес. Қаржылық сауаттылық пен салық төңірегінде біліктілігімді арттырғандықтан аталған мәселеге келгенде көп қиналмаймын. Жобаны іске қосқан Үкіметке де, оны үйлестірушілердің жергілікті өкілдеріне де ризашылығымды білдіремін. Мұндай қолдау легі толастамаса ел дамуы кенжелемейтіні сөзсіз, – дейді кәсіпкер Жанатбек Аманов.
Айта кетейік, филиал ғимаратында «Бизнеске арналған үкімет» мекемесінің маманы да келушілерге қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, орталықтағылар инженерлік коммуникацияларға қосылуға техникалық шарттар алып беру, жердің нысаналық мақсатын өзгерту, сәйкестендіру құжатын рәсімдеу, қайта рәсімдеу, нысаналы мақсатын өзгерту сияқты тегін көмек береді. Филиал басшысы алдында көптеген бизнес-жобалар жатқанын айтып қалды. Жыл аяғына дейін жан-жақты байланыс орнатып, жобаларды жетілдіріп, кәсіпкерлердің тілегін орындауды алға мақсат етіп қойғанын білдік. Олай болса, жыл аяғына дейін тағы ондаған кәсіпкер ісін бастап, аудан дамуына өзіндік септігін тигізетіні анық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ