Жас кәсіпкерге жаңа мүмкіндік
Елдегі кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бүгінгі күні кең ауқым алып, экономикаға біршама серпіліс әкелгені байқалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диолог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында да кәсіпкерлікті дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Ал жақында облыс көлемінде “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы Жастар жылы аясында алғаш рет “Qyzylorda Business Hub” жобасын іске қосты. Жоба үйлестірушілері бастама ойдағыдай орындалса жыл сайын үрдіске айналатынын айтып отыр.
Негізгі ойы өңірдегі инвесторлық ортаны қалыптастыруға арналған жоба жастарды кәсіпкерлікке тартуға, саладағы сауаттылықты арттыруға бағытталған. Жалпы жүлде қоры 2 500 000 теңгені құрайды. Бұған 16-29 жасқа дейінгі өңірге қарасты ауданның жас өрендері қатысып, бизнес жобаларын ұсынуға болады. Аталған қаржы қатысушылардың аудандық, облыстық деңгейдегі жеңімпаздарына бөлініп беріледі. Бұл жайында жобаның аудандағы аймақтық үйлестірушісі Нұрбек Ақпанбетов айтып берді.
– Қазан айының 1-2 күні облыстан арнайы маман келіп, қатысушыларды оқытады. Осы күндері болашақ кәсіпкерлер жедел оқыту курсынан өтіп, бизнес-жоспар жасап, жарысады. Бағдарлама бойынша кәсіпкердің ойлау психологиясы, қарапайым бюджет есептеу, жобаларды қорғау мен келіссөз жасау сияқты көптеген амалдар үйретіледі. Оқу курсы аяқталған бойда олардың арасынан үздік бастамасы бар кәсіпкерлер облысқа жолдама алады. Айта кетерлігі, инвесторлар жоба авторының несие тарихын есепке алмайды. Қазіргі таңда жастардың басым бөлігі банктердің “қара тізімінде” тұрғандықтан, бұл да қаржыландырудың тиімді түрі деп ойлаймын, – деді ол.
Аталған жобаның аудандағы кезеңі ауқымды түрде өткізіледі деп жоспарлануда. Себебі жобаға өз ісін бастап кеткен кәсіпкерлер де қатыса алады. Бизнес жоспардың ерекше болуы да маңызды емес. Бастысы жастар кәсіп түрін таңдап, оның кіріс-шығысын есептей отырып пайда таба алатындығын облыста тағайындалған 10 инвестордың алдында дәлелдей алса жеткілікті. Бұл жағдайда жобаны ұнатқан инвестор мен оның авторы екеуара келіссөз жасасады. Ал ұйымдастырушылар үздік деп тапқан бизнес жоспар иелеріне жүлделі орындар тағайындап, қаржылай ынталандыру сыйлығын табыстайды. Жоба үйлестірушісінің айтуынша, бұл бағытта ауданға 200 мың теңгеге жуық қаржы қарастырылған.
– “Business Hub” жобасының басқа бағдарламалардан ерекшеліктері көп. Мәселен, қазіргі таңда кәсібін бастаушылар мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиені алып, жұмыс істеуде. Оларға жан-жақты көмек көрсетілгенімен кәсібін құрдымға кетіріп, тиімді пайдалана алмай жүргендер жеткілікті. Ал инвестормен бұдан да тиімді келіссөздер жасауға мүмкіндік бар. Қаржылық сауаттылыққа үйрететін оқу бағдарламасы өз алдына бір төбе, – дейді Н.Ақпанбетов.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ