Қалмұхаммед ишанның мөрі табылды
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы «Киелі мұра» жобасын жүзеге асыруда.
Жоба арқылы музей қызметкерлері Сыр еліндегі әулие-әнбиелер, ахун-ишандар, билер мен батырлар пайдаланған, халық қасиетті санайтын дүниелерді зерттеу және насихаттау жұмыстарын жүргізуде. Жобаның алғашқы жаңалығы – ХІХ ғасырда әйгілі үш жүздің пірі болған, Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісінің рухани көсемі Марал ишан Құрманұлының үлкен баласы Қалқай ишанның мөрінің табылуы. Осыған дейін ұрпақтары мөрді Марал ишандыкі деп санаған. Музей қызметкерлерінің әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, түрколог-ғалым С.Қосановпен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде араб жазуын тәржімаланып, мөрде «Қалмұхаммед ибн Марал ишан, хиджраның 1247 жылы» деп жазылғаны анықталды. Қалқай ишанның қазақ тарихында аса жоғары беделге ие болған діни қайраткерлердің бірі екені сөзсіз. 1815-1870 жылдары өмір сүрген Қалқай ишан Бұқара мен Бағдат қалаларының медреселерінде ілім алып, елге келгеннен кейін мешіт-медресе ұстап, жастарды руханиятқа сусындатып қана қоймай, елді еңбекке баулыған екен. Шығыстың қисса-дастандарын жатқа білген, тіпті жырларды жазып жинақтаған. Қалқай ишанның Шыңғыс сұлтанның ұлы Шоқанның Мұхаммед-Ханафия деп атын қойғаны жайлы ел аузында аңыз-әфсана сақталған.
Қазіргі таңда Қалқай ишанның кесенесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік қасиетті нысандардың тізіміне енді.