Кәсіпкерлер кәнігі тіршілігіне көшті
Карантин енгізілгелі көшедегі тіршілік кенжелеп қалғанын білеміз. Бұрын түн жарымның өзінде серуен құрғандардың санынан көз сүрінетін. Соғыс жағдайы енгізілсе де газет жұмысы тоқтамайтын болғасын, аптасына екі мәрте жұмысқа барар жолда адам кезіктірмеген күндер де болды. Бұл көрініс кейде ақырзаман келгендей әсер беретін. Өйткені жүз жыл бұрын болған пандемиядан хабары жоқ жұртшылық үшін ертеңгі азығы, жан-жағының амандығы мен індет жұқтыра қалса қабылдайтын дәрісін табу шынымен мұңға айналды. Дәріханаларда препарат тапшылығы байқалып, азық-түлік дүкендеріндегі баға асқақтап кетті. Оның үстіне мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардан бөлек қарапайым тұрғындардың сыртта жүруіне шектеу қойылды. Бүгінде мұның барлығы бейне бір қорқынышты түс көріп, ұйқыдан оянғандай сезім береді. Өйткені бірер күн бұрын карантиндегі қатаң шектеулердің біразы алынып тасталды. Тұрғындар байырғы тіршілігіне көшті.
Сәрсенбіден бастап осы кезге дейін уақыт шектеуінің әсерінен табысы кеміген, ол аз десеңіз жұмысшыларына жалақы тауып бере алмағандықтан қысқартқан көптеген кәсіп иелері байырғы жұмыс режиміне көшті. Біршама уақыттан кейін азық-түлік дүкендері, шағын маркеттер, сұлулық салоны, шаштараз, супермаркет, гипермаркет, ашық базарлар, азық-түлік емес дүкендер карантинге дейінгі қалпына, ырғағына қайта келеді деп үміттенеміз. Мұнымен қоса сауна, спа-орталық, монша, спорттық-сауықтыру, сауда-ойын-сауық, балалар мен ересектердің білім беру, бизнес орталықтары және кинотеатрлар өздерінің штаттық режимдегі уақыты бойынша жұмыс жасауға рұқсат алды. Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова жаңа қаулыны көпшілікке таныстыру барысында осылай деп мәлімдеді. Бірақ мұның өзі кәсіпкер атаулының барлығы іске кіріседі деген сөз емес. Мәселен той кешін безендірушілер, өнер адамдары мен ағайындық жиындарда ақылы қызмет көрсететіндер басқа іспен айналыса тұрғандары дұрыс.
Жаңа жылдағы жаңа Қаулыға сәйкес кальян пайдалануға, ойын-сауық, спорттық іс-шаралар, көрмелер, форумдар мен конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Әсіресе үйде және адамдар көп жиналатын жерде басқосу ұйымдастыруға асықпаған дұрыс. Неге десеңіз, жиындардан бөлек букмекерлік кеңсе, балаларды сауықтыру лагерлерінің қызметі мен спортшылардың өзге елдегі жарысқа қатысуына шектеу қою шаралары сақталады. Демек осындай мәселелерге келгенде жұртшылықтың иығынан әлі жауапкершілік жүгі түспегенін баса айтайық.
Аудандағы жастар үшін ең қуанышты жаңалықтардың бірі – спорттық жаттығуларға кеңшілік жасалуы. Себебі бұқаралық спортпен айналысушы жастардың қатары соңғы екі-үш жылда бірнеше есеге өскен. Бұл игіліктің аудандағы жасөспірімдермен жасалатын қылмыс санының азаюына, түнгі төбелестердің тежелуіне ықпал етіп отырғанын айтпай кетуге болмайды. Карантин режимі енгізілгелі доп теуіп, жаттығу жасау мүмкіндігінен айырылғандар бүгінге дейін спортпен айналыса алмай әуреге түскен еді. Бұдан былай аймақтың Бас мемлекеттік санитары ашық ауадағы жаттығуларға, ұлттық құрама, клуб командаларының даярлығына рұқсат беріпті. Дегенмен көрермендердің қатысуынсыз, оқу-жаттығу жиындарында бір мезгілде 30 адамнан артық жиналмау керек деген шарты барын еске сала кетейік.
Бәрінен бұрын бала көңіл үйге сыймайтын оқушылар үшін арқасын кеңге жайып, мектепке баратын балалардың қуанышында шек жоқ. Өйткені оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап, контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейін дәстүрлі форматта оқитын болады. Ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5 сыныпқа дейін, оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аптаның 6 күні ішінде аралас оқытуға рұқсат берілді.
Ал колледждер мен жоғары оқу орындарының I курс студенттері екінші семестрден бастап штаттық оқытуға көшеді. Айта кетейік, ресми қаулы 2021 жылдың 6 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ