Жалған ақпарат жағдайды шиеленістіреді
Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары белең алған пандемияның қаншалықты қауіпті екенін айып, жұртшылықты карантин тәртібін сақтауға шақырудан жалықпай келеді. Індет күн өткен сайын мыңдаған адамның жанын алып, әлемдік дамуға тежеу қойғаны қазірдің өзінде анық байқалады. Күн өткен сайын өндіріс орындары жұмыстарын тоқтатып, дүкен сөрелеріндегі азық-түлік бағасының өсім алуы үрейленуге тұрарлық. Енді төтенше жағдай тағы бірнеше айға немесе жылға созылуы мүмкін екенін елестетіп көріңіз...
Бұл әлі ешкім нақты болжай алмайтын, жақын келешектегі жағдайымыз болуы бек мүмкін. Әрине аталған қиындықтар орын алмауға әлемдік қауымдастық, оның ішінде Қазақстан үкіметі де қолдан келетін барлық шараны жасап жатыр. Азық түлік бағасын тұрақтандыру, оның қорын жасақтау, дағдарыс жағдайына қарамастан егін шаруашылығына қолдау көрсету сияқты батыл қадамдар ертеңгі күн үшін қолға алынғанын білеміз. Десек те індеттің осы қарқыны тағы біршама уақытқа созылар болса, билік басындағылар дамыған батыс елдері сияқты жағдайға бақылау жасай алмай қалуы әбден мүмкін. Ондай сәтте онсыз да алдағы күнін болжай алмай отырған көрші елдердің ешбір қол ұшын ¬созбайтынын, адамзат көзіне ақырзаман белгілері шындап көрінетінін ешкім жоққа шығара алмайды. Осы тұста көпшілікті керағар ақпаратпен арандатып жүргендер ойға оралады. Әлем қандай қиын кезді бастан өткеріп жатқаны жалған ақпарат таратушыларды неге алаңдатпайды?
Санасы ояу, көзі қарақты азамат алдымен жер шарындағы ахуалға қарап, елде қабылданған маңызды шешімдерді ой таразысына салып, содан кейін ғана бір шешімге келеді. Осы қимылды жасағандар өткен айда әлемде шынында үлкен келеңсіздік орын алғанын байқады. Халықтың тағы бір бөлігі билікте болуы мүмкін транзиттер туралы ертегі әңгіменің әлегімен жүрді. Алғашында саяси жүйеден хабары жоқтардың қауесетті шындықтай көріп, “қауіпке” қолын сілтегеніне мән бермегеніміз рас. Өйткені ондай адамдар бұл кезге дейін де, пандемия біткеннен кейін де болатыны түсінікті еді. Бірақ кеше ғана бірнеше қазалылықтан осы сарындағы қауесетті қайта есітіп, жалған ақпарат таратушылардың ермегі елеуге тұратын қиындық екенін ұқтым. Себебі соның себебінен ғана жұрт індетті саяси алдарқату деп ойлап, карантинді елемеуге көшкен. Бұл кімнің мүддесі үшін жұмыс істейді? Ешкімнің. Қазіргі кезде саяси белсенділігі жоғары Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында не себепті індет жұқтырушылар саны басым? Көрсеткіштің күрт өсуінің себебі – халықтың карантин ережелерін қатаң ұстанбағандығы. Ал адамдардың бейқамдығына “Коранавирус деген – өтірік”, “Бұл – саясат”, “Президент ауысады” деген жалған ақпараттың әсері болмады деп айта аласыз ба?
Бұндай сәтте дүрбелең тумауы, ел арасында тұрақтылық пен сабырлылықтың сақталуы маңызды екенін білеміз. Жақында қазалылық ер адамның “Жанқожа батыр ауылында коронавирус жұқтырған адам табылды” деген хабарламасы “Whatsapp” желісі арқылы тез тарап кетті. Ол сондай-ақ ауыл тұрғындарының аудан орталығына қарай үдере қашып жатқаны туралы баяндаған. Осыдан кейін әлеуметтік желіде бұны таратушылар саны күрт өсіп, нәтижесінде дәріханалардағы бетперлер мен антисептиктер жаппай сатылып кетті. Бір-екі күннің ішінде-ақ аудандағы сауда орындарына азық-түлік сатып алуға ағылған жұрттың қарасы қалыңдады. Желі белсенділері базардағы босап қалған сөрелер туралы посттар жазып, жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Бір мезетте жалған ақпарат салдарынан бүкіл халық азық қорын жасақтауға кірісіп кетті. Бұл кезеңде базар бағасының өсім алуымен ауданда азық-түлік тапшылығын тудырды. Дегенмен әкімдіктегілердің ұтымды ұйымдастыруының арқасында қиындық еңсеріліп, ауданға азық тасымалдау ісімен айналысатындарға салмақ түсті. Нәтижесінде елде дүрбелең тудырған азамат анықталып, ауыр қылмыс жасағаны үшін айыпталды да, оның салдары тұрғындардың қалтасын жұқалап кетті.
Бұдан бөлек психологтар қобалжу мен үрейге бой алдыру адамның иммун жүйесін әлсіретіп жіберетінін айтып, дабыл қағуда. Ал орыс ғалымдары “Үрей – респираторлық инфекцияның кілті” деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Сөздеріне сенсек, адам қаншалықты көп қобалжуға жол беріп, аурудан үрейленсе, дәл сондай жағдайда вирусты тез жұқтырып, әдеттегіден ұзағырақ төсек тартып, жатып қалуы мүмкін. Бұдан миға түскен микробтың, яғни жалған ақпарат пен одан пайда болған үрейдің шынайы қоздырғыштан қауіптірек екенін аңғаруға болады.
Осы кезге дейін жалған ақпараттың жарға жығуы мүмкін екенін талай мәрте жазып келеміз. Бірақ бұл мәселеге суыққанды қарап, ресми мәлімдеме күтуді көпшілік жұрт әдетке айналдырмағаны көңілді қынжылтады. Көрінеу әңгіме тарату ауыр қылмыс саналатынын ескермейтіндер де баршылық. Әлем келешегі қазіргі адамзаттың ауызбіршілігінен үміт күтіп тұрған мезгілде ел мүддесі жолында ең болмағанда ақпарат таратуда сақ болу керектігін ескертіп, адамдардың карантин ережелерін қатаң сақтауы адам шығынының алдын алатынын естеріңізге саламыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ