Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Молшылық мерекесі

Молшылық мерекесі

Сахнада өтетін шараны сағыныппыз. Карантин басталғалы ән мен жырға сусап қалғанымыз рас екен. Күнделікті күйбең тіршіліктен жабыққанда еңсеңді көтеретін өнер екен ғой, шіркін!
Жер аяғы бусанып, наурыздың үп еткен желі даңғайыр далаға жайылғаннан бастап, жатпай-тұрмай жұмыс істейтін еңбеккерлердің жыл аяғына таман болатын ерекше мерекесі бар.
Қаз мойын комбайн мен жер тырнаған жатканы көк «Беларуске» жетектетіп, әр гектардың күрмегін ысырап етпей, астыққа құятын асыл азаматтардың еңбегі биыл да ескерусіз қалмады.
Оны жұма күні өткен «Алтын дән – 2020» салтанатты шарасында аңғардық. Сол жылдағы үрдіс бұзылмай, ала жаздай бейнет еткен жандардың мәртебе мұзартынан көрінетін мезетін алдымен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ашты.
– Халқымыз «Егін бітсе – елдің ырысы» дейді. Биылғы жылды да ауылшаруашылығы саласының майталмандары табысты қорытындылады. Қазалылық диқандар уақытты тиімді пайдаланып, ұйымшылдықпен астықты ысырапсыз жинап алды. Қырмандар дәнге толып, елдің ырысы артты. Ағымдағы жылы 6496 гектар күріштің әр гектарынан 41 центнерден өнім алып, ел қамбасына 25 мың тоннадан астам астық құйылды. Бұл – зор жетістік. Үлкен нәтиже. Барша аудан халқының ынтымақ бірлігінің жемісі. Құдай қаласа, егін жинау маусымын табысты аяқтаған еңбеккерлерге аудан тұрғындарының атынан шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді.
Сондай-ақ аудан басшысы жуырда Қазалы ауданы облыста жеңімпаздар қатарынан көрініп, облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Озат аудан» номинациясымен марапатталғанын айтып өтті.
«Еңбек түбі – береке» демекші, келесі кезекте еңбегінен берекесін тапқан жандар марапатталды.
Атап айтқанда, Қазақстан фермерлері қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагері» төсбелгісімен ­Нартай Кәдір, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен Жақсыгүл Ерлепес, Мамай Маханов марапатталды.
Шара барысында сала озаттарына құрмет көрсетілді.
2020 жылдың «Озат бақташы» – Берік Рзақұл, «Озат жылқышы» – Союзбек Рсалиев, «Озат түйекеш» – Қыран Әбдібаев, «Озат балықшы» – Қанибек Тілеуқабылов, «Озат ветеринар» – Нұрбек Нұрадин, «Озат орманшы» – Руслан Махамбетов, «Озат көкөніс өсіруші» – Батырхан Жаңбыршиев, «Озат картоп өсіруші» – Аманбек Мейрімхан, «Озат агроном» – Бақытбек Сұлтанов, «Озат күріш өсіруші» – Талғат Жұмахметов, Бектас Аяған, Асылхан Абдуллаұлы, «Озат бақша өсіруші» – Талап Дүзбай, «Озат жүгері өсіруші» – Нұржан Жұмашов, «Озат жоңышқа өсіруші» – Ерлан Жаңбырбай, «Озат су маманы» – Дархан Сметуллаев, «Озат мәдениет саласының маманы» – Несібелі Нұрадин және де тағы басқа азаматтар өз салалары бойынша номинация және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Сонымен қатар облыстық «Сыр бойы», республикалық «Халық» газетінің Арал, Қазалы ауданындағы меншікті тілшісі Жұмабек Табынбаев дала еңбеккерлері туралы және сала жаңалығы мен тың бастамаларын бұқараға кәсіби тұрғыда жеткізуде айрықша қосқан үлесі үшін «Озат газет тілшісі» бағамын иеленді.
Келесі кезекте «Озат өңдеу кәсіпорны» номинациясы бойынша «Сыр Маржаны» ЖШС-ның басшысы Мінәжадин Өтеев иеленді.
Ал аудан әкімінің «Озат егін шаруашылығы» бағамдарын «РЗА-Агро» ЖШС-ның басшысы Нұрлан Имандосов, «Агро-Өркен» ЖШС-ның басшысы Нұркен Алиев алды.
Мұнан соң сахнаға «РЗА» АҚ президенті, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Самұрат Имандосов шығып:
– Биылғы жыл жалғыз біздің мемлекетіміз үшін емес, бүкіл дүниежүзіне пандемия тарап, сондай ауыр жағдайлар өтіп жатыр. Соған қарамастан, су тапшылығы бола тұра Сыр елінің, Қазалы ауданының еңбек адамдары қолдарынан келгенше аянбай қызу жұмыс істеп, аудан бойынша қорытындыланып, үлкен жетістікке жетті. Осының барлығы президенттің, облыс басшылығы мен диқандардың тікелей қамқорлығы деп түсінеміз. Біздің жеріміз бұрыннан қалыптасқан, Аралдың экологиялық апатының ең негізгі тұсында орналасқан мекен. Соған қарамай «Туған елім, жерім» деп үлкен жүрекпен еңбек етіп отырған халық жыл сайын өзінің осындай еңбектерінен береке тауып жүр. Менің айтарым, еңбек рәтті болсын. Жыл сайын ауызбіршілікпен осындай табыстарға жете берейік, – деген лебізін жеткізді.
Шара мәдениет саласы өнерпаздарының мерекелік әнімен қорытындыланды.

Есет ТАБЫНБАЕВ

21 қараша 2020 ж. 529 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031