Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек мерекесі – елдің берекесі

Еңбек мерекесі – елдің берекесі

Осы аптаның жұмасы Қазалы халқы үшін думанды күн болды. Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов көшесі бойында «Алтын дән – 2019» жәрмеңкесі өтті. Молшылық мерекесіне жиналғандардың қарасы қалың. Бірі көкөніс сатып алуға бет алса, енді бірі балық өнімдерін сатушылардың қасынан табылды. Бақша өніміне деген сұраныс та өте жоғары. Қыстық отын мен мал азығындық шөпті саудалап жатқандар да бар. Ауыл шаруашылығы бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, жәрмеңкеге миллион теңгенің заты әкелінген. Сонымен бірге келушілер жергілікті тауар өндірушілердің көрмесін тамашалады.
Бұдан соң көпшілік аудандық мәдениет орталығында өткен мерекелік шараны тамашалуға қатысты. Сәні келіскен сахна шымылдығы «Ақ бидай» әуеніне мың бұрала билеген биші қыздар өнерімен ашылды.
«Еңбек түбі – мереке». Бұл мақалдың мән-маңызы тереңінен ашылды. Алтын дәннің жеткені – ел қолына ырыс пен несібенің қонғаны. Егін жинау науқанын аяқтап, дихан көңілі нұрлы қуанышқа бөленген жиында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев көпшілікке ыстық ықыласты пейілін жеткізді.
– Ардақты ағайын, қадірлі ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері баршаңызды «Алтын дән – 2019» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Халқымыз «Егін бітсе, ел ырысы» дейді. Биылғы жылды да ауданның ауыл шаруашылығы саласының майталмандары табысты қорытындылады. Қазалылық дихандар уақытты тиімді пайдаланып, ұйымшылдықтың арқасында егілген егінді ысырапсыз жинап алды. Қырмандар қызылға толып, ел ырзығы артты. Жер ананың қазалылықтарға берген сыйы өткен жылығыдан кем болған жоқ. Биыл 6225 гектар күріштің әр гектарынан 46 центнерден өнім жиналып, ел қамбасына 28 мың тоннадан астам астық құйылды. Бұл – зор жетістік, үлкен нәтиже.
Егін жинау маусымын табысты аяқтаған дала еңбеккерлеріне аудан тұрғындары атынан зор алғыс білдіремін, – деген аудан басшысы молшылық мейрамында ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Олар «Озат шаруашылық», «Озат өңдеу кәсіпорны», «Озат бригадир», «Озат комбайнер», «Озат жаткист», «Озат күрішші», «Озат бидай өсіруші», «Озат жоңышқа өсіруші», «Озат картоп өсіруші», «Озат мақсары өсіруші», «Озат агроном», «Озат су маманы», «Озат орманшы», «Озат балықшы», «Озат балық өңдеуші», «Озат бақташы», «Озат жылқышы», «Озат түйекеш», «Озат шопан», «Озат ветринар» және «Ауыл шаруашылығы бөлімінің үздігі» атанды. Үлгілі ісімен көрінгендер қатарыннан көрініп, «Озат газет тілшісі» атанған әріптесіміз, «Қазалы» газетінің бөлім меңгерушісі Ринат Әбдіқалық ұжым мерейін үстем етті.
Биыл аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 17 508 гектар жерге орналастырылған. Оның ішінде дәндi дақылдар 7 093 гектар, мал азықтық дақылдар 7 551 гектар, майлы дақылдар 614 гектар, картоп, көкөнiс, бақша 2 250 гектар. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 6 225 гектар. Айта кететін жайт, ағымдағы жылы күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 575 гектарға кем егілгенімен, есесіне суды аз қажет ететін, әртараптандыру бағытындағы дақылдарының көлемі артқан. Шаруашылықтар егістен межелі өнім алу мақсатында 3964 тонна минералды тыңайтқыш және егіс арамшөптеріне қарсы барлығы 5490 литр гербицид сатып алып, күріш егісінің 4900 гектарын үстеп қоректендіру және 5550 гектарын арам шөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізілген.
Ауыл шаруашылығы саласының үздіктері құрметіне арналған концерттік бағдарлама Жетіскен Мәкенәлінің сөзіне жазылған Қорған Жолдыбаевтың «Қазалы вальсі» әнімен аяқталды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
25 қазан 2019 ж. 846 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031