Мәдениет – өмір мәйегі
Екінші дүниежүзілік соғыс кезі. Ұлыбританияның Премьер-министрі Уинстон Черчилльге ел бюджетін қарауға алып келіпті. Құжатты парақтаған соң ол «Мәдениетке жұмсалатын шығын қайда?» деп сұрайды.
Бюджетті әкелген кісі:
– Сэр, соғыс жүріп жатқан жоқ па?! Қайдағы мәдениет? – деп таңырқай қарап қалыпты.
Сонда Черчилль:
– Егер мәдениет жоқ болса, онда біз не үшін соғысамыз? – деген екен.
Дәл сол сияқты жыл басынан елде өмір мен өлім бәсекесі өтуде. Нақтырақ айтсақ, бір жұтым ауаны өкпеге жеткізбей қойған Covid-19-бен арпалыс.
Мамыржай маусым мен сүмбіле туғанша бір-бірмізге қол беруден қалдық. Көзге көрінбейтін бәлекет ағайынның үйіне бас сұғудан алыстатты.
Балапан басымен, тұрымтай тұсымен әуре болып кеткені барғаша мәлім.
Ал соңғы уақыттары дүркін-дүркін айтылып жатқан “Локдаун”, “Екінші толқын” дегендер зәреңді зәр түбіне жеткізеді. Әйтсе де осындай қиындықтарға қарамастан қазалылық құрылысшылар қарқынды қимыл үстінде. «Бұл не қылған қауырт шаруа?» дерсіз. Айтайық. Жұрт шөре-шөре күйде жүрген уақытта Қазалы ауданында кірпіші – кішілікпен, сылағы – сыйластықпен салынып жатқан нысан бар. Ол – кенттегі 600 орындық Мәдениет үйінің құрылысы. Сыртынан қарасаң – сымбатты, ішінен көрсең – көрікті.
Амандық болса, аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың тапсырмасына сәйкес жыл аяғына дейін аяқталуы керек.
Мұнда көрермендер, мерекелік және салт-дәстүрді насихаттау залдары, үстел ойындарына арналған, кітапхана және оқу, хор бөлмелері, бейнелеу өнері қарастырылған. Яғни “7 муза” бірігіп, сегіз қырлы қыз-жігіттің бір сырын ашады деген сөз.
– Әрбір мәдениет қызметкерінің арманы жаңа заман талабына сай жабдықталған еңселі, әрі әдемі ғимараттың сахнасында өнер көрсету. Халықта өнерпаздардың сахнада ән салып, би билеп, өнер көрсеткенін сағынған шығар?! Сол күнге аман-есен жетейік, – дейді Мәдениет саласының үздігі, әнші Галия Оспанова.
Осы ретте биыл мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатыр. Аталмыш жұмыстарға 2,8 миллион теңге бөлінген. «Жол картасы» бағдарламасы аясында 3 ауылдық клуб пен Қазалы қаласындағы мәдениет үйі жөндеуден өтті. Мұнымен қоса Ақсуат ауылында 150 орындық клубтың құрылысы салынуда. Бұл нысан да жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарланыпты.
Тек келешек ол жерде де қазанаттар қанаттанып, азаматтар ақтаңгер атанса деген тілек бар.
Сөз соңында айта кетейік, биыл ауданда 4 миллиард 400 мыңға құрылыс жүрді. Сонымен қатар «Жол картасы» бағыты бойынша қазынадан 3 миллиард 11 миллион теңгеге 42 жоба жасалынды. Оның басым бөлігі бітіп, қалғаны халық игілігіне берілуге таяу.
Е.ТАБЫНБАЕВ