Ашық әңгіме
Бұл кісіні алғаш рет Қазалы ауданына әкім болып келгеннен кейін 1-2 айдан соң көрдім. "Ауданға жаңадан әкім келіпті. Мінезі өте қатты екен. Ірі сөйлейді" дегенді дүркін-дүркін естігенімізбен жүзбе-жүз кездесудің сәті түспей жүрген. Бір күні оғанда жеттік...
Әйтеке би көшесінің бойындағы әкімдіктің көне ғимаратында жиналыс өтетін болды. Редактордың тапсырмасымен соған қатыстық. Соңғы қатардағы бос орындардың біріне барып қонжиған бетіміз. Іле-шала еңсегей бойлы ауданның "су жаңа" әкімі де асқан зор екпінмен келіп, төрге жайғасты.
Шыны керек, қазір сол жиналыстың не жайында болғанын ұмыттым. Бірақ айрықша ойда қатталғаны жаңа басшының баяндама жасап тұрған шенеуніктердің біреуіне "Сендердің ана слайдтарыңдағы сылдырлап шыққан мәтіндерің керек емес. Маған нақты істі көрсетіңдер. Өзімнің де дауысым әдемі" дегені есімде.
Басқасын қайдам, жоғарыдағы соңғы сөйлем «бірсарында өтетін көп жиналыстың біреуіне келіп отырмын ба» деп отырған менің көңілімді шайдай ашты. Іштей "әп, бәрекелді!" деп қоям.
Жастық желік дегенді қойсаңшы, "дауысы әдемі кісі" тағы бірдеңе айтса екен деп тыпыршып отырмын. Мұнан соң қазір қызметі өсіп, аудандағы белді лауазымның тұтқасын ұстап тұрған "туысқанның" біреуіне " Әй, шырағым, мыналарың жарамайды. Аноооуу орталық көшеде тұрған билборд сен туғанда бар дүние. Заман талабына сай жаңалап, өзгерту керек. Жап-жас болып алып жаттанды дүниелерге қарай ұмтыла бересіңдер. Сендерде креатив болу керек емес пе?!" дегені бар.
Жас жігітке қызық керек. Мұнан соң бұрын есіней баратын "әкім қатысады" деген жиналыстардан қалмауға тырысатын болдық. Маған қалыпқа сыймайтын кісінің мінезі қызық көрінді. Кейде бетің-жүзің бар демей, турасынан кемшілігін сарт еткізіп қойып қалады. Анау-мынау басшыларды орнынан тұрғызып қойып іреп жатқанда кейбіреуін аяп кетесің. Алайда осының бәрі жеке бастың емес, елдің мүддесі екенін мойындауға тура келеді.
Кейін 4-5 мәрте аудан басшысының жеке қабылдауында болдым. Үнемі еркін әңгімелесіп, ұсыныс-тілегімді мейлінше іркімейтінмін. Соның барлығын ойыма ой қосып тыңдайтын. Кейде жастыққа тән албырттықпен пікірімді жасырмайтынмын. Сонда мені жас, өзін әкіммін демей зейін салып, әңгімемнің соңына дейін мән беретін. Кейде қызды-қыздымен ауданның бірінші басшысының алдында отырғанымды ұмытып кететін жағдайларда болатын...
Оны кейіннен "осы мен молынан көсіліп қоймадым ба?!" деп ойланатынмын.
"Адам тілдескенше... " деген. Кейде еркін әңгімесінің өзінен кругозорының қаншалық кең екеніне таң қаласың. Қашағаннан қозғамаса да Карнеги мен Черчильді қағыс қалдырмайтын. Әрине, әдебиет-мәдениет, өнер дегеннен көрі экономика, құрылыс, әлеуметтік мәселелерге келгенде алдына қара салдырмайтынын аңғардық. Оны ауданға келген 3 жылдың ішінде ісімен көрсетті десек, артық айтқандық емес.
Жуырда Мұрат Нәлхожаұлының аудан басқарғанына 3 жыл толды. Бұрынғылар "Бітер істің басына, жақсы келер қасына" дегенді текке айтпаған ғой. Әкім келгелі ауданда "Әлсейіт" көпірінің құрылысы бітті. Сондай-ақ құмалақшының тасындай әр жерде шашылып жатқан бөлімдердің басын бір орталыққа біріктірген "Мекемелер үйі" бой көтерді. 3 қабаттан тұратын, жаңа заманға лайықты зәулім аурухана пайдалануға берілді. (Осы ретте ауқымды шаруаларға Қырымбек Елеуұлының да зор ықпалы болғанын айту ләзім). Мұнан бөлек, жаңадан салынып жатқан "Мәдениет сарайы", ҰҚК ғимараты, аудандық емхана секілді түрлі нысандар мен мектептердің іргетасы қаланғаны рас.
"Бәрін айт та, бірін айт" демекші, биылғы биіктігі қос қарыстан асатын көшелердің өзі неге тұрады?! Сондай-ақ "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында Бекарыстан би ауылына 1 миллиард қаржы бөлінгені тағы бар. О заманда бұ заман ауылға көгілдір отынның жеткенін көргенің бар ма?! Айталық, биыл Ғани Мұратбаев ауылына газ кірді. Ондай кереметіңіз Қазалы қаласына қарайда тартылуда. Бұл – қолы от жағудан босамай, сақылдаған аязда бүрсеңдеп ошақтан күл алып, тамызықтық отын жаратын күннің ауылдағы ағайыннан алыстайтын да мезгілі жақындады деген сөз.
Әрине, ойдан қосып жатқан ештеңеміз жоқ. Мұның барлығы елдің көз алдында болып жатқан дүниелер. Біз айтпағаны қаншама?..
Бүгін әкіммен сұқбат құрдық. Ашық әңгіме өрбіді. Сөз арасында мынау іргедегі Жалаңтөс баһадүр, Құмжиек, Басықара ауылдарына қарай газ баратынын, өзіміз төбесінен талай қалт-құлт етіп, "піссіміллә" деп өткен "Қарлаңға" көпір түсетінін естідік. Өз басым осыларға ерекше қуандым.
Ал менің тарапымнан ауылдағы ағайынға жайылымдық жердің тапшы екенін, коронавирустың бірінші толқыны кезінде дәріханаларда керек деген қарапайым дәрілердің қат болғаны, медициналық маска бағасының аспандап кеткені тағы басқалары айтылды.
"Алдағы болады деп күтіліп отқан екінші толқынына қаншалықты дайынбыз? Дәрі-дәрімек қоры жасақталынған ба?" деген сұрақтар қойылды.
Сонымен қатар көптің көкейінде жүрген Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентін қосқан жағдайда жалақыға есептелетін 25 процент "селский", "дипломмен ауылға" жеңілдіктерінің жайы қалай болатыны жөнінде өткір мәселелер жеткіздім.
P/S: Менің түсінігімде мемлекеттік қызметшіні асыра мақтамау керек. Десе де ел үшін жасап жатқан жақсы қызметі болса, неге айтпасқа?!
"Көрмейін десем көзім бар" дегендей жанымызда жүрген ел азаматтарының есіл еңбегі мен қажырлы қызметін тілге тиек ету – ілтипат пен сыйластықтың белгісі деп білемін.
Айтып қояайын, мейлінше баршаға ортақ түйінді тақырыптар болмаса, анау-мынау бөлім басшылары, қала мен кент, округ әкімдерінен артылмайтын "майда-шүйде" шаруаларды үлкен кісіге жеткізуді жөн көрмедім))
(Бүгінгі әңгімені "Қазалы" газетінің алдағы сандарының бірінен оқи аласыздар)
Суретті түсірген: Нурлан Канат
"Қазалы" ақпарат