Көршіңізбен қалайсыз?
Қазақ «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деп коңсылықты айрықша қадірлеген. Жан-жағындағы тіршілік етіп жатқан адамдармен әрдайым тату тұрған. Бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек берген.
Ел аузында «Алыстағы ағайыннан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де басқа іс түскенде жырақтағы ағайынан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғы-қуанышыңмен алдымен бөлісетін көрші. Халқымыз «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп Жаратушының өзі белгілейтіндігіне сенген. Сөйтіп жақын көршіні «Құдайы көрші» деп атаған. Мұның мағынасы «Құдайдың өзі қосқан, үйімізді, малымызды, жанымызды жапсарлас еткен» дегенге саяды.
Тәңірдің өзі таңдап, қоңсы қондырған соң ол жақсы болсын, жаман болсын тату-тәтті тұрып көршілік ақысын өтеу керек деген сенім қалыптасқан. Көршілермен жақсы мәміледе болу – шынайы мұсылмандық қасиет.
Өзім Құранның арабшасын түсінбесем де қазақша нұсқаларын құмарта оқитыным бар. Бұл жөнінде қасиетті аят пен хадистерде де көп айтылады. Онда «Аллаға ғана құлшылық етіңдер, оған серік қоспаңдар. Ата-анаға, жақын-туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс-көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар» деп ескертілген.
«Ескіні еске алмай жаңа жадыңа түспейді» дегендей, осы мақаланы жазу үстінде балалық шағым есіме оралды.
Иә, шынымен де біз көршілермен тату-тәтті тұрдық, үйді-үйдің ортасында көбіне қоршау қойылмайтын. Аштық болмаса да жастық шағымыз таршылық кезеңде өтті. Көршілер жоғын барынан сұрап ала беретін, ол ешқандай әбестікке жатпайтын. Үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, алаша тоқу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстар көптің жұмылған көмегімен той сияқты атқарылатын. Шариғатта көршілердің бірнеше түрі айтылған.
Туысқан әрі мұсылман көршінің үш ақысы бар: туысқандық, мұсылмандық және көрші ақысы. Туыс бірақ мұсылман емес көрші: оның екі ақысы бар: туыстық және көршілік ақысы. Туыс емес бөгде мұсылман көршінің: мұсылман бауырлық және көрші ақысы бар. Мұсылман емес көршінің: тек көршілік ғана ақысы бар делінген. Осылайша ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылманды көршімен жақсы болуға шақырады. Халық арасында: «Қиямет күні алдымен көрші ақысы сұралады», – деген ұғым кең таралған.
Өткен ғасырдың сонау 30-40-шы жылдары «Қызыл қудалау» науқаны кезінде жазықсыздан-жазықсыз тоталитарлық жүйенің қуғынына түскен көптеген өзге ұлт өкілдері бейтаныс жерге, соның ішінде Қазақстанға жер аударылды. Осындай қиын шақта еріксіз туған жерлерінен жырақтанғандарға қазақ халқы қолдан келген көмегін беріп, бір-бірінің жыртығын бүтіндеп, қолындағы барын беріп, басындағы баспанасымен, киер киім, ішер асымен бөліскені рас. Оны қазақтың ақыны Мұқағали Мақатаев былай жырлаған:
Ата орыс, аға өзбек бауырым,
Бәріміз бір ғана қауым күш.
Бұл менің, сенің де ауылың,
Қанекей шайымнан қанып іш.
Қанып іш қаласаң бас тартам,
(Аяйтын не жай бар достардан)
Мендегі кең пейіл шат көңіл,
Туыстық ортақ бір дастарқан.
Шынымен де жас кезімізде көршілеріміз әртүрлі ұлт өкілдері кәріс, орыс, өзбек, шешен, неміс, түрік, тағы басқа болды. Біз олардың балаларымен бір үйдің отбасындай ынтымақтаса ойнап өстік.
Айта кететін жайт, құрылыс жүргенде көршімен ақылдасып салу, оған зиян тигізбеуге тырысу да көрші ақысына жатады. Сол сияқты үй салып жатқан көршіге де көмектесу ләзім. Өкінішке орай «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоныс қондырмас» дегендей өмірде көрші ақысын белден басатындар да кездесіп жатады.
«Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла», «Үй салмас бұрын көршіңді ойла», «Жер сатып алмай тұрып суын сұра», «Үй сатып алмай тұрып көршісін сұра» деген мақалдар осындайдан туындаған. Жалпы исламда адамдар қатысы төңірегінде әркез татулық насихатталады. Ынтымақ барда тыныштық болады, ал тыныштық бейбітшілікке бастайды.
Хадисте: «Өзінің көршісі аш екенін біле тұра тоя тамақ ішкен адам немесе көршісімен араз өмір сүретін адам дінге сенуші емес» – деген. Сіздің ойыңызша қазіргі көршілердің қарым-қатынасы бұрындағыдай ма? Бір-біріңізге көршілік парызыңызды өтеп жүрсіз бе, ағайын?
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы-салық саласының ардагері