Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ даласында еріктілік ежелден бар

Қазақ даласында еріктілік ежелден бар

Адамзат пәлсапасында “Өзге үшін жақсылық жасай алмаған жан, өзі үшін де ештеңе істемейді” деген терең мағыналы тәмсіл бар. Айналасындағыларға рухани тұрғыда, мейлі материалдық жағынан қол ұшын созғандарды бүгінгі күні волонтер деп атайды. Ең алғаш бұл терминді француздықтар әскер қатарына өз қалауымен қосылған сарбаздарға қарата айтқан. Кейін волонтер деп қиындықты жеңілдетушілер санаған ағартушы, мейірімді жандар көбірек сипаттала бастады. Тарихқа көз жүгіртер болсақ бұл сәт ХVIII-XIX ғасырмен тұспа-тұс келген екен. Алайда қазақ халқының әрбір дәстүр-салтының қоғам дамуына жетелейтін тұстарын ойға оралтар болсақ, Алтай мен Атыраудың арасындағы еріктілік ерте заманда пайда болғанын түсінеміз.
Алдымен “Асардан” бастайық. Қазірде де ауыл жұртшылығы асардан алыстаған жоқ. Дамыған Батыс елдері бұндайды мәдениеттілік немесе жұмыс өтілі мен азын-аулақ табыс үшін қолға алса, қазақ халқы әлі күнге дейін дарқан көңіл, ауызбіршілікпен жалғыз адамға ауыр жүк болатын тірлікті ақысыз атқарып беріп жүр. Жетім-жесіріне, ағайын-туған мен көрші-көлеміне дейін қараса білетін, қайырымдылық инстинкті халқымыз осылайша қоғам ретінде дамудан кенде қалмағанын мақтанышпен айтуға болады.
Ел басына күн туған шақта қазақ байларының қарамағындағы қызметкерлеріне, ауыл адамдарына болысқаны, қолдан келгенше қайырымдылық қылғанының өзі әлем елдері тарихында қайталанбаған еріктіліктің ерекше үлгісіне татиды. Неге десеңіз, кеңестік үкімет орнаған тұста күштеп ұжымдастыру, отырықшыландыру сияқты саяси талап салдарынан ұлт басына нәубет туған тұста тұтас ауылды ауқаттандырған абзал азаматтар дүние-мүлкін сарп етті. Оған дейінгі ашаршылық, соғыс уағынан кейін де жағдайы төмен жігіттерді үйлендіру, іздеусіз жан тапсырған жандарды ақтық сапарға шығарып салу істерінде еріктіліктің, жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсете білді. Ұлт болашағы үшін балаларға сауат ашатын мешіттер, кітапханалар салынды. Бұның барлығы халқын сүйген ұлтжанды азаматтардың сана-сезімінің жемісі еді.
Алайда соңғы жылдары салт-дәстүрдің жөнді насихатталмауы мен батыс елдеріндегідей ресми “сыпайылықтың” қалыптасуына байланысты рухани жағынан жүдеп қалғанымыз жасырын емес. Оның үстіне кеше ғана тәуелсіздік алған жас мемлекетіміздің бар күшін еңселі экономика қалыптастыруға жұмылдырып жібергендік те әсер етпей қоймағанын білеміз. Кейінгі уақытта ғана Елбасының бастамасымен қайталанбас ұлттық құндылығымызға оралу мақсатында “Рухани жаңғыру” бағдарламасы іске қосылып, жұртымыз кем-кетіктің орнын толтыруға күш сала бастағандай көрінеді. Аталған бастаманың есебінен тарих беттерінде бұлдырлап қалған батыр-билер, ақын-жазушылар мен ұлт маңдайына туған тұлғаларды танып, ұлттық кодымызға қайта оралту үстіндеміз. Былтырғы Жастар жылы да орынды сөзбен даулы мәселелердің шешімін таба білген заманауи Бала билер мен дарынды, батыр қазақ жастарын қалыптастыру мақсатында жарияланғандай көрінді. Ал Еріктілер жылы жоғарыда айтқан жайсаң мінезіміз бен көпшіл қалпымызға қайта оралу үшін жасалған қадам екені анық.
Соңғы кездері волонтерлік іспен тек жастар айналысуы керек деген түсінік қалыптасып қалғанын байқаймыз. Терең тарихымызға үңілсек, игі іспен еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін айналысқанын, ұлтына жаны ашитын әрбір азаматтың қайырымдылыққа, көп болып атқарылатын сауапты істің барлығының басында жүргенін аңғарамыз. Олай болса ата-баба жолын жалғап, еріктіліктің ерекше үлгісін көрсететін сәт бүгін де өз жалғасын тапты деген сөз. Бастысы – асар, қайырымдылық, мейірімділік сияқты құндылықты келешек ұрпақ бойына сіңіру міндеті еріктілер жылынан кейін де үздіксіз жалғасу керектігін ұмытпағанымызда жатса ­керек.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
06 маусым 2020 ж. 987 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930