Рухани қазына ордасы
Қай ғасырда да кітаптың орны бөлек. Онымен достасу – рухани жетілуге ғана емес, тән саулығына да керемет пайдалы. Шамнан шырақ жағып, кемелденуге бастайтын бірден-бір құрал. Қаншама технологиялар шығып жатыр. Бірақ бұлардың бәрі кітапты алмастыра алмасы анық. “Кітапхана тірі болса – халық та тірі, ол өлсе – біздің өткеніміз бен болашағымыз да өледі” деген бар. Бүгінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымы қазалылықтар үшін осындай айрықша қасиетке ие болып отыр.
Кешеден бүгінге дейін
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының мәдени орталықтары дами бастады. Қазақстан мен Орта Азияның табиғаты мен тарихын зерттеген орыс саяхатшылары мен тарихшылары қазақ даласында мәдениет ошақтарын ашуға ұйытқы болды. Соның жарқын бір мысалындай 1901 жылдың 2 желтоқсанында Қазалы қаласында Сыр бойындағы алғашқы кітапхана өз оқырмандарына есігін айқара ашты. Кітапхананың қазақ халқы үшін таптырмас білім көзі екенін түсінген қазақ зиялылары оны қолдан келгенінше толықтырды. Алғашқы жылы 437 дана кітап қорымен Қазалы кітапханасы өз оқырмандарын қабылдады. Рухани қазына ордасына қаншама атақты тұлғалар арнайылап ат басын тіреген. Солардың қатарында академик А.С.Берг бірнеше ғылыми әдебиетті тарту етсе, саяхатшы П.П.Семенов-Тянь-Шанский де кітапхана жұмысын жақсарту жөнінде мамандарға кеңес берген. Сондай-ақ жеке кітапханасынан 200-ге жуық кітапты өз қолтаңбасымен сыйға тартқан. Бұлар әлі күнге қалалық М.Горький атындағы кітапхананың «Алтын қор» мұражайында сақтаулы.
Орыс революциясы кезінде кітапхана қызметкерлері патша үкіметі тыйым салған әдебиеттер мен газет-журналдарды тығып ұстады. Бұл жастар мен зиялы қауым өкілдерінің бас қосатын сүйікті мекеніне айналып, жастардың жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев, большевиктер өкілінің бірі Вали Семенеев, халық ағарту ісінің үздігі Бердікен Мергенбаев, Ташкент уиверситетінің профессоры болған Фатых Бакиров және басқалар болды. Басында орыс және татар бөлімдерінен тұрған қасиетті ордада алғашқы кітапханашы Надежда Шалаева жүрді.
Кітапхананың 1917-1956 жылдардағы меңгерушісі Уәли Адамовтың еңбегі зор. Алғашында шағын ғана кітап қорымен өндірістік кітапхана ғажайып көшбасшының арқасында жетістікке жетті. Оқырман мен кітапхана арасындағы байланыс жақсарды. Кітап қоры мен оқырман саны көбейіп, түрлі тақырыпта мәдени-ағарту шараларды қолға алды. Жан-жақты ізденіп, кітапхананы білімнің нағыз қайнар бұлағына айналдырды. Сейілхан Төлегенов, Жәкеш Төлепова, Жәрмедет Хайруллаев халыққа кітапханалық қызметтің ең озық үлгісін көрсеткен.
1964 жылы 1975 дана кітап қорымен аудандық кітапхананың іргесі қаланды. Ал Қазалы қаласындағы кітапхана өз дәрежесін сақтап қалады. Аудандық кітапхананың алғашқы меңгерушісі болып Ұлбике Үсенова тағайындалады. Кейін басшылық тізгінді Маржан Қарабалева қолға алады.
1980 жылы аудандық кітапхана Қазалы өңіріндегі 52 кітапхананы біріктіретін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі болып қайта құрылды. Оңтайландыру кезінде 52 кітапхананың 24-і ғана халыққа қызмет көрсетті.
Тәуелсіздік алған жылдардан бүгінге дейін Мамық Үржанбекова басқарса, қазір Индира Назарова аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры қызметін мінсіз атқарып келеді.
2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы деп жариялануына байланысты аудан әкімшілігі тарапынан Аранды, Шәкен ауылдық кітапханалары қайта ашылды. Бүгінде аудан бойынша 26 көпшілік кітапхана жұмыс істеп тұр.
Аудандық орталық кітапханада әдістеме-библиографиялық, кітап қорын толықтыру және өңдеу, оқырмандармен жұмыс жүргізу бөлімдері іске қосылды. Халыққа қызмет көрсету мүмкіндігі жақсарды. Мәдени жұмыстардың мазмұны кеңейіп, тәрбиелік мәні артты. Сондай-ақ 2 модульден тұратын РАБИС бағдарламасы енгізіліп, интернет жүйесіне қосылды.
Уақыт талабына ілескен
БҰҰ демеушілігімен «Даму» бағдарламасы аясында Жанкент, Жанқожа батыр ауылдық кітапханаларында онлайн орталық ашылып, материалдық базамен жабдықталды. Ү.Түктібаев пен Жалаңтөс батыр ауылдық кітапханасы модельді кітапхана санатына қосылған.
«Нұр Отан» партиясы еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай «COWORKING» орталық ретінде қайта құру жобасын қолға алды. Себебі кітапханалар кітап оқитын орын ғана емес, сонымен қатар түрлі семинар, тренинг, дәріс өткізетін және жастар жиі бас қосатын мәдени-рухани ақпараттық білім беру орталығы болуы тиіс”, – дейді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назарова.
Осыған орай 2018 жылдың ақпан айында аудандық кітапхана жанынан «Коворкинг» орталығы ашылды. «Коворкинг» сөзі ағылшын тілінен аударғанда бірге жұмыс жасау дегенді білдіреді. Жаңа орталық келушілердің сүйікті демалыс орнына айналды. Мұнда ересектермен қатар балалар да рухани танымдық өресін кеңейте алады. Мұның жас өскіндер шығармашылығын шыңдап, жан-жақты дамуына септігі мол. Компьютермен жабдықталған бөлмеден ғаламтор желісі арқылы жас оқырмандардың қажетті ақпаратты алуына да жағдай жасалған. Ата-аналарымен келген оқушылар ертегі тыңдап, тоғызқұмалақ, дойбы, тағы басқа да логикалық ойындарға белсене араласады.
Индира Назарованың мәлімдеуінше, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша биыл қыруар іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Абай ауылдық кітапханасында «Елдігіміз – Егемендік, тұғырымыз – Тәуелсіздік» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда оқырмандарға қазақ халқының Тәуелсіздік жолындағы ерлік күресі мен ғасырлар бойы басынан өткен қиыншылықтары мен елдің азаттығын, қазақ елінің тарихы жазылған әдебиеттерді насихаттау мақсат етілді. Бекарыстан би ауылдық кітапханасында «Мәңгілік Ел – Қазақстан» атты кітап көрмесі жасалып, «Қазақстан – бірліктің берекелі бесігі» тақырыбында оқырмандар арасында дөңгелек үстел өткізілді. Ел болашағын күйттеп, жас буынды адамгершілікке, ұлтжандылыққа, ел мұрасын жалғастырушы азамат болуды насихаттады. Ашық және жемісті пікірталас барысында мемлекеттің қалыптасуы мен даму тарихының өзекті мәселелері талқыланды. Бірлік ауылдық кітапханасында жас ұрпаққа «Қазақстан – 2050» стратегиясының маңызы түсіндірілді. «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясын насихаттау, өз елінің жаңғыруына үлес қосуды азаматтық борышы санайтын ұлттық сана қалыптастыру мақсатында «Менің елім – Мәңгілік Ел» атты елтану сабағы өткізілді. Шараға қатысқан №102 мектептің 3-4 сынып оқушылары Отан, туған ел туралы өлеңдерді жатқа айтып, «Қазақстан туралы кім көп біледі?» деген сұрақ-жауап ойынында өздерінің білімділіктерін көрсетті. Осындай әртүрлі тақырыпты қаузаған мәдени-рухани шаралар өзге де ауылдық кітапханаларда жүйелі ұйымдастырылып тұрады.
Аудандық орталықтандырылған кітапханада жас оқырмандар әдістемелік жаңалық және мерзімді басылыммен таныса алады. Оқушылар олимпиадаға, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға дайындалу үшін қажетті кітаптарды және басқа да ақпарат көздерін белсенді пайдаланады. Мұнда көркем әдебиет, классикалық шығарма түрінде де, заманауи, шетел әдебиеті және қазақ авторларының шығармалары ұсынылады.
С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің оқушысы Баян Жиылыс кітап оқығанды жанындай сүйеді. Оның айтуынша, кітапхана – білім мен ғылым ордасы. Бұл демалуға, ойлануға, мүмкіндік жасап, таным көкжиегін кеңейте түседі.
Білім мен ілімге қанықтырар киелі ордадағы жаңалыққа жаны құмар ізденімпаз жандардың бүгінгі оқырманға берері мол.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА