Ажары артқан ауылды қала десе болады
Аудан орталығы Әйтеке би кентінен батысқа қарай 5 км қашықтықта бүгінде көркі көз тартар, кейпі қаланың келбетімен пара-пар Ғани Мұратбаев ауылы орналасқанын Қазалы жұртшылығы жақсы біледі. Ауылдық округтің негізі ХХ ғасырдың 30 жылдары ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде қаланған. 1928-1996 жылдары Ғани Мұратбаев атындағы күріш өсіруші ұжымшар орталығы болды. Жылдан жылға өрісін жайып, кент аумағына ентелей еніп келе жатқан аядай ғана ауылда 282 отбасы бар. Округ бойынша 1509 адам мекен етеді. Қырыққа жуық жұмыссыз адам бар демесек, қалған жұрттың бір бөлігі кәсіппен, екінші тобы бюджеттік мекемелерде жұмыс істейді.
Қазақ жастарының феноменіне айналған жетекші есімімен аталатын ауылға барып көргендер мұндағы тіршіліктің қызуын, жанға жайлы табиғаты мен жетілген инфрақұрылымын жақсы білуі тиіс. Облыстағы “Үздік ауыл” номинациясын жыл сайын жеңуге қауқары бар өңірде екі ауыл болса, соның бірі Ғани ауылы екеніне құлақ үйреніскелі қашан?! Ауыл тұрғындарына 320 орындық орта мектеп, 90 орындық балабақша, 4 адамға арналған күндізгі емдеу бөлімі бар дәрігерлік амбулатория жоғарғы деңгейде үздіксіз қызмет етеді. Сонымен бірге 21 мыңнан астам қоры бар кітапхана, ауылдық мәдениет үйі, ветеринариялық пункт мен пошта байланыс бөлімшелері тартылған. Ауылда 5 бірдей сауда дүкені тұрғындар сұранысын толықтай қамтамасыз етіп отыр.
Кіріс – даму кепілі
Елді мекенді дамыту туралы сөз қозғалғанда алдымен бюджет ойға оралатыны белгілі. Бұл тұста шығыннан кіріс көлемі артық болуы керек екені түсінікті.
Ауыл тұрғындарының мезгілімен төлеп отырған салығы да елді мекеннің дамуына біршама көмек болып отыр. Мәселен, былтыр 14 мың теңгеге жоспарланған мүлік салығы жыл аяқталмай-ақ межеден асып түскен. Мұнда ауыл шаруашылығымен айналысуға қолайлы жағдай жасалғандықтан кәсіпкерлерден түсетін салық та көңіл көншітеді. Тұрғындардың көлік салығын төлеу мәслесінде аздаған кешіктіру барын айта кету керек. Жауаптылар бұл қиындық та жыл аяғына дейін оң шешімін табатын жеткізді.
Ауылдық округ әкімі Абай Рыстығұлдың айтуынша тұрғындармен кездесу жиі ұйымдастырылып тұрады. Олардың мұң-мұқтажы, өтініш-тілегі әкімдік тарапынан жауапсыз қалған емес. Жыл ішінде жеке тұлғалардан жиырмадан аса өтініш келіп түскен көрінеді. Бір қызығы оның барлығы жер алу мақсатында жасалған. Осыдан-ақ Ғ.Мұратбаев ауылында үй тұрғызып, кәсіп бастағысы келетіндер күн санап артып келе жатқанын байқауға болады. Мәселен, қазірдің өзінде округ бойынша 25 азамат тұрғын үй салып жатыр. Оның алтауы жаз аяқталмастан құрылыс жұмыстарын бітірген.
Кәсіптен нәсіп тапқандар
Біреу айтса сенбеуіңіз мүмкін. Бірақ бір ғана ауылдық округте қырыққа жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік, «Жас Ғани» өндірістік кооперативі және 48 жеке кәсіпкер тіркелген. Жалпы айтқанда барлығы 89 шағын және орта бизнес субъектісі бар.
Жеке кәсіпкерлер жергілікті тұрғындардың сұранысынан бөлек аудан орталығына бірқатар тауар түрлерін экспорттайды. Мұнда нан өнімдерін шығарушы, бес бірдей жолаушылар тасымалы және 15 азамат мал өсірумен айналысады. Тағы 21 тұрғынның жеке шағын тіршілігі бар. Бұлардың қатарына биыл 15 мұратбайлық кәсіпкер қосылған. Жыл сайын ауыл тұрғындары таза табиғи өнім алу мақсатында «Құрманай», «Қырғыз», «Алтай» каналдары бойында орналасқан 20 гектар жерге бау-бақша дақылдарын егеді. Сәйкесінше өнім мұндағы бағаның қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр.
Аудан орталығы мен ауыл арасы бірнеше шақырымға созылып жатқанымен ауылдан қалаға, қаладан ауылға жаяулату қолдан келетін іс емес. Соны ескерген көлік жүргізушілері кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көлікпен жолаушы тасып, нәпақасын айырып отыр. Қажеттілікке сай күніне 11 рет екі ортаны тоздырады. Адамдарды діттеген жеріне жеткізу үшін жолақы бар-жоғы 80 теңге етіп бекітілген. Сонымен қатар 5 жеңіл автокөлік иелері патент арқылы жолаушылар тасымалымен айналысады. Бұл жөнінде ешқандай қиындық жоқ деп сенімді түрде айтуға болады.
Кәсіппен жаңадан айналысушылар үшін таптырмас мүмкіндікке айналған “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған” бағдарламасының бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 3 ауыл азаматы өтініш берген. Бірақ елдегі ахуалға байланысты басталатын уақыт белгісіз. Талапкерлер аталған жобаның екінші бағыты бойынша 203 миллион теңге қаражат иемденген. Оның ішінде 8 жоба жеңілдетілген несие, 4 азамат грант жеңіп алған. Қалған бөлігі, яғни 120 миллион теңге «РЗА-Агро» серіктестігіне тиесілі. Серіктестік көктемгі егістікке қажетті материалдар, қосалқы бөлшектер, жанар-жағар май алу үшін құжат тапсырып, ол қанағаттандырылған.
«Бастау бизнес», «Бизнес кеңесші» жобалары аясында оқыту курстарына кәсіпкерлерді тарту жұмыстары жүйелі үйлестірілуде. 2020 жылда «Бастау бизнес» және «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша 12 адам тіркеліп үлгерген. Жаңадан кәсіп бастап, өзін қамтамасыз етіп, экономиканың дамуына үлес қосқысы келетін ауыл тұрғындарының да есімін атап өткен артық болмас. Олардың қатарында Нұрбол Ахметжанов, Темір Ерсұлтан, Нұрбек Мырзағалиев, Нұртілеу Байжігіт есімді азаматтар мен Гульнар Казиева, Анаркуль Айткулова, Гүлназия Тәжікбаева, Жұлдыз Әленова, Айсәуле Сейіт, Айбөпе Өтегенова, Жансая Кеңес, Ақнұр Лекер сынды арулар бар. Бұдан бөлек Нұрбол Ахметжанов, Темір Ерсұлтан, Гүлназия Тәжікбаева есімді болашақ кәсіп иелері онлайн оқуды аяқтап, сертификат иемденіп үлгерген.
Бағдарламаның үшінші бағыты негізінде жыл қорытындысы бойынша 7 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Тағы 13 тұрғын ақылы қоғамдық жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар жоғары оқу орнын аяқтаған 7 жас маман мамандығына сай жұмыс табылмағандықтан жастар тәжірибесі бойынша құжаттарын өткізген. Олар уақытша жұмысқа берілетін жолдаманың жақын арада шешілетінен үмітті. Айта кетейік, өткен жылы ауылда 13 адам тұрақты тіршілікке тартылып, 4 жас маман жастар тәжірибесінен өткен.
Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында ірі 4 жоба қаржыландырылып, 61 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Қаржылық қолдау қарқынды
Бұған дейін Ғани Мұратбаев ауылы мал шаруашылығымен айналысушылар мекеніне айналғанын тілге тиек еткен едік. Осы сөзге оқырман қауымды тағы бір мәрте сендіргіміз келеді. Өйткені биыл қаржыландырылған сегіз жобаның алтауы төрт түлік сатып алу үшін ұсынылған екен. Мәселен, ауыл тұрғыны Айша Нәбиқызы мен Нұрболат Қуанышбаев жылқы асырау үшін біріншісі 1,5 миллион, екіншісі 2 миллион қаржы иемденген. Жарқынай Дүйсенеева есімді кәсіпкер де 1,5 миллионға «Қамбар баба» төлін сатып алған. Сол сияқты кәсіпкер Азамат Нағыметов 4,3 миллион теңгеге жүк көлігін алып, жеке тіршілігімен айналысуда. Бұлардың барлығы ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалы арқылы несиеге қол жеткізген.
Бұдан бөлек жергілікті микроқаржылық ұйым “Қазалы Несие” арқылы мұратбайлық Баян Шектібай 10 миллионнан астам несие алған. Бұл қаржыға кәсіпкер 335 бас қой сатып алыпты. Аталған компания шаруашылық бағытта сұраныс жасаған “РЗА-Агро” серіктестігіне 15 миллион, кәсіпкер Жәнібек Наурызбаевтың мүйізді ірі қара сатып алуға қажетті 45 миллион теңгеге тапсырған құжатын қанағаттандырғанын да тілге тиек ете кетейік.
Осы тұста несиенің сұрауы болатынын да ескерген жөн. Ауылдың кей тұрғындары тәуекелді адымдап бастауды жөн көрген. Сәйкесінше оның төртеуі мемлекет тарапынан тағайындалған грант қаржысын жеңіп алған. Бағдарлама аясында қаржылай қолдау көрген азаматтың бірі – Өмірзақ Әулебек. Ол 530 мың теңге қайтарымсыз грант қаржысына екі бас бұзаулы сиыр сатып алған. Қайтарамсыз қаржы 555 мың теңгеге көтерілген тұста иемденген Ақмоншақ Шымберген, Заманбек Асқар, Жансерік Бекжасаров бүгінде мал шаруашылығының дамуына үлес қосып отыр.
Мал шаруашылығыменайналысушылардың ішінде бордақылауды кәсіп еткен азаматтар жетерлік. Ауыл тұрғыны Ербол Әбілтаев та 2014 жылдан бастап осы істі кәсіп еткен. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген кәсіпкердің бірі. Әсіресе ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры кәсібін кедергісіз дөңгелентіп отырған Ерболдың әрбір бастамасына демеу болып келеді. Осы жоба аясында кәсіпкер 2015, 2016, 2017 жылдары қаржы алып, кәсіптің дамуына жұмсаған. Қазір мүйізді ірі қараның ілімін алған оның аяқалысы жұрт қызығарлықтай десек болады.
Бүгінде 4 балаға әке атанған «Әбілтаев Бақыт» кәсіпкерлігінің иесі Ғ.Мұратбаев ауылының оңтүстік батыс беткейінен 0,5 гектар жер учаскесін алып, мал бордақылау алаңын іске қосты. Жоба құны 20 миллион теңгені құрайды. Арнайы нысан 90 басқа арналып салынған. Қазіргі уақытта 30 бас мүйізді ірі қара малын күтіп баптау, семірту, сонан соң бордақылау ісі осы жерде жасалады. Өнімді сұранысқа сай Әйтеке би кентінде орналасқан орталық базарға өткізіп отырады. Соның арқасында Ербол 3 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
Төрт түлігі түгел жұрт
Ауылдық округке қарасты шаруа қожалықтары мен жеке адамдар қолындағы мал басында айтарлықтай өсім бар. Мәселен, 1418 мүйізді ірі қара малы есепке алынса, биыл бұл көрсеткіш 1800 басқа жақындаған. Жылқы саны да өткен жылғы есеппен салыстырғанда 400 басқа артық. Ойсылқара тұқымына жататын 163 қосөркештілер бар. Былтыр түйе саны 138 болған. Сонымен бірге 2020 жылы қой саны 300, ешкі қатары 100 басқа артқан.
Жыл өткен сайын эпидемиялық ахуал қатаңырақ сақтық пен жауапкершілікті талап етіп келеді. Өйткені жануарлардың қатысуымен пайда болатын аурулар ғылымда толық зерттелмегені анық. Осы тұста мал ауруларының алдын алу шаралары бойынша округте 12 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы ветеринариялық-профилактикалық және 3 түрлі ауруға диагностикалық тексерулер өткізілген. Мұндай профилактикалық зерттеулер жыл аяғына дейін жалғасатынын біле жүріңіз.
Баласы бейім білімге
Ғани Мұратбаев ауылындағы №90 орта мектепте бүгінде 300-ге жуық оқушы білім алады. Мектеп директоры Дархан Алдабергеновтың айтуынша, елдегі короновирустың таралуын тежеу мақсатында оқуышларды кезекші топпен оқыту жолға қойылған. Мектепке кіреберіске залалсыздандыру тунелі орналастырылған. Сақтық шарасын қатаңдату мақсатында оқушылардың дене қызуын өлшеуші құрал алынып, жүйелі тексеріс жасалып тұратын көрінеді. Сондай-ақ әрбір кабинетке кварц аппараты берілген.
– Осы сәтте бірінші сыныпта 33 оқушы білім алуда. Бірақ тек негізгі сабақтар ғана мектепте өтеді. Қалған пәндер онлайн оқытылуда. Ал биыл мектепалды даярлық сыныптарына қабылданған бүлдіршіндер ата-аналардың өтінішіне сай мектепке келіп оқиды. Күніне екі-үш пәннен артық сабақ өткізілмейді. Осы тұста мектепке келген әрбір оқушы ара қашықтықты сақтап, бір партада жалғыз отыратынын да айта кетейін.
Қашықтан оқыту кезінде техникалық мүмкіндігі жоқ оқушыларға да білім бөлімі мен кәсіпкерлер тарапынан демеушілікпен құрылғылар берілді. Қыркүйек айының басында үйден оқитын 8 балаға планшет, тағы 4 оқушыға ноутбук тауып бере алдық, – деді Дархан Теңгебайұлы. Сондай-ақ мектеп директоры нысаннан жаңа химия, биология, физика кабинеттерін жасақтап жатыр. Оның әрбірінде лобараториялық бөлме, зертханаға арналған құрылғылар мен интерактивті тақта орналастырылуда.
Биыл 1 сыныпқа 45 бала қабылданған. Жоғарғы сыныпты аяқтаған 10 оқушының барлығы Ұлттық бірыңғай тестке қатысып, оның 5-еуі грантқа қол жеткізді. Тағы бір оқушы «Серпін» бағдарламасымен оқуға қабылданып, 3 оқушы ақылы университеттерге, екеуі арнаулы орта оқу орындарына түскен.
Мектеп жанында 90 орындық “Балдәурен” бөбекжай-балабақшасы орналасқан. Негізінен 4 топта бөлініп, 90 бала тәрбиеленіп келген. Бірақ елдегі ахуалға байланысты бүгінде күніне 50 балаға тәрбие беріледі. Бір топ 12-13 тәрбиеленушімен шектелген. Барлық қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде іске асырылып жатқанына көз жеткіздік.
Биыл “Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жол картасы» бағдарламасы аясында балабақшаның сыртқы фасадын қаптауға қомақты қаржы бөлінген. Осы қаражатты мемлекеттік сатып алу веб порталы арқылы конкурстық негізде 14 миллион 750 мың теңгеге «Сарым-Құрлыс» серіктестігі жеңіп алып, жұмысты талапқа сай аяқтаған. Балабақша меңгерушісі Эльмира Әйтбембет ендігі кезекте нысанның есік пен терезесін ауыстыруға өтінім даярлап жатқанын жеткізді.
Құрылымы келіскен құт мекен
Ғани ауылының тұрғындары басқа елді мекендегідей суды тасып ішпейді. Ауызсу желісі бірнеше жыл бұрын «Арал – Сарыбұлақ» топтық су жүйесіне қосылған. Мұнда №10 су көтеру бекеті қызмет көрсетеді. Бұл дегеніміз тіршілік көзі тәулік бойы 120 текше метр қысыммен тұрғын үйлерге тартылады деген сөз. Ал аяқсу мәселесі толығымен шешілген.
Дегенмен жылдар бойы аяқсу тасыған арық каналдарының тозығы жетуіне байланысты қиындық орын алғанын жасырмау керек. Бұл тұста да ауданда жүзеге асып жатқан жол картасының жақсылығы тиді. Мәселесін реттеу мақсатында «Ақарық» каналын қазу үшін «Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ұсыныс беріліп, тазалау жұмыстарын жүргізді. Ақарық каналы толығымен тазаланып, жауаптылар бақша суарып отырған ағайынның алғысына бөленді.
Бүгінгі күні экологиялық ахуалды жақсарту басты назарда. Бұл бағытта аудан бойынша бірқатар жобалар іске қосылған. Әсіресе елді мекендерге кіреберіске жасыл белдеу қалыптастыру ерекше бастамаға айналды. Осы орайда аудан орталығынан Ғани ауылына апаратын автомобиль жолының екі жағындағы 5 гектар аумаққа 5000 түп көлеңкелі тал егілді. Оны күтіп-баптау ісі де жолға қойылған.
Ал елді мекен ішін абаттандыруға бюджеттен 1,5 миллион теңгеден әрі қаржы қаралып, «Орталық саябақ» және «Атамекен» алаңдары гүл құшағына бөленді. Мұнымен қоса бақтардың қоршауы сырланып, бордюр әктеу, түнгі жарықшамдарын ауыстыру мәселелері толығымен шешілді. «Орталық саябақ», «Атамекен» алаңы және «Ғани», «Тәуелсіздік» бақтарына 2000 мыңға жуық көшет отырғызылды.
Естеріңізге сала кетейік, Ғ.Мұратбаев ауылдық округі бойынша бас-аяғы 17 көше бар. Жалпы ұзындығы 11,180 километрді құрайды. Оның 7 көшесіне асфальт төселген. Тағы 8 көше түнгі жарықшаммен қамтамасыз етілген. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында Ғ.Мұратбаев ауылының ішкі көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына да бюджеттен қаржы қаралған. Бұл аядай ғана ауыл үшін үлкен қаржы екенін айта кету керек. Соның арқасында Ғ.Мұратбаев, Жеңістің 40 жылдығы, Т.Әубәкіров, О.Жарылқасынов, Батыс, К.Іскендіров және А.Құнанбаев көшелерінің бір бөлігі ішінара жөнделген. Ауыл әкімі ендігі қалған көшелерді де талапқа сай қылу үшін тырысатынын жеткізді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ