Мәртебе мұзартындағы марапат
Қазалы ауданында 2016 жылдан бастап Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығы беріліп келеді. Алғашқыда Қызылорда облысының үздік жастары ғана иеленген мәртебелі марапат бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі дарынды жастардың қолы жететіндей республикалық дәрежедегі сыйлыққа айналған. 30 номинация бойынша тапсырылатын марапаттың бәсі биік, шоқтығы жоғары екендігіне биыл да көз жеткіздік.
Арысы Талдықорған, Қостанай, Талғар, Тараз секілді шаһарлардан жиналған жастар дүйсенбі күні Қазалы ауданында бас қосты. Өз салаларының үздіктері атанған таланттылар ішінде бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ұлттық құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев, «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі Нартай Аралбай, Индрохоккейден Азия чемпионы Мұқағали Сансызбаев секілді дарынды жастар бар.
Еліміз бойынша қатысқан жүзден астам үздіктер ішінен іріктеліп шыққан жастар алдымен ауданның тұрмыс-тіршілігімен, тарихи орындарымен танысты. Вокзал маңында орналасқан Әйтеке би, Тәуелсіздік аллеясындағы Бегім ана, Асандар көтерілісіне арналған ескерткіш пен Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа батыр кесенесіне барып құран бағыштады. Келесі кезекте Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіне бас сұғып, аудан тарихына қатысты, жалынды жетекші қолданған жәдігерлерді тамашалады. Ғани оқыған М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейде оқушылармен кездесті.
–Ғани Мұратбаев қазақ тарихындағы Орта Азия жастарының шоқ жұлдызы ретінде жарқ ете қалған тұлғаның бірі. Оның бүгінгі таңда жас ұрпаққа үлгі болар тұстары жетерлік. Замандастарымның осындай абыройлы сыйлыққа ие болуы барлығымыздың жүрегімізге жаңа серпіліс, ерекше қуаныш ұялатады. Менің ойымша, бүгінгі біздің жеткен жетістігіміз Ғани ағамыздың бағындырған белесіндей болмаса да алға жетелейтін жігер-күшіміз болады деген ойдамын, – дейді Қостанай қаласынан келген Нұралы Арыстан есімді жастар сыйлығының иегері.
Ал Талдықорған қаласынан келген Әсем Кенжеғұлова:
– Қазалы топырағына бірінші рет табаным тиіп тұр. Роза Бағланова, Мәдина Ералиева секілді танымал тұлғаларды естігеніміз болмаса, олардың туған жеріне бірінші рет келуім. Бұл ретте Ғани Мұратбаевтың қазақ тарихындағы орны ерекше. Мені Ғани отырған парта мен мектебіндегі оқыған сыныбы ерекше әсерге бөледі. Қазалының қатпар-қатпар тарихы түрлі қызыққа толы екен, – деген ойын білдірді.
Мұнан соң жастар сыйлығының иегерлері Ғанидың кіндік қаны тамған Ғ.Мұратбаев ауылдық округіндегі №91 мектепке барып, тал отырғызды.
Ғани ізбасарларын марапаттау шарасы кент орталығындағы Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында жалғасын тапты.
Мұндағы басқосуды аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов ашып, жастар сыйлығын иеленген жандарды құттықтады. Сонымен қатар аудандық мәслихат хатшысы Күнтілес Ниязымбеков Ғанидың жүріп өткен жолы барша қазақ жастарына үлгі-өнеге екенін айтып, алдағы уақытта да биіктерді бағындыруларына тілектестігін жеткізді. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов Ғани ізбасары атанып, оның атындағы сыйлықтың кез келген жасқа беріле бермейтінін, еліміздің әр қиырынан құжаттар келіп түскенін тілге тиек етіп, жүрекжарды лебізін білдірді.
Келесі кезекте республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығын табыстау рәсімі өтіп, мереке соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат