Сол жағалауға газ тарату желілерінің құрылысы басталды
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменов мәлімдеді.
– Былтыр ГГРП-2 орната отырып жоғары қысымды газ құбырын жеткізу жобасының бірінші кезеңінен іске асыруға облыстық бюджеттен 12,8 млн теңге бөлінді. Ал биыл осы мақсатқа қосымша 300 млн теңге бөлінеді. Бұған қоса, қала іргесіндегі Белкөл кентін газбен қамтамасыз ету жобасы бойынша 31,3 шақырым газ құбырын жүргізу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда аталған кентте 882 тұрғын үй газбен қамтылған, - деді Серік Сүлейменов.
Айта кетейік, аудан орталықтары мен елді мекендерге газ жүргізу «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры арқылы жүргізіледі. Осы жылы Қармақшы ауданы орталығы Жосалы кентін газбен қамту жұмыстары басталады. Сонымен қатар қазіргі таңда Сырдария ауданы Тереңөзек кентіне газ құбырларын жүргізу мен автоматты газ тарату станциясын орнатумен айналысатын мердігер мекемені анықтау үшін конкурс жарияланды.