Қызылша ауруының алдын алуға байланысты мәжіліс өтті
Қазалыда аудан көлемінде қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы мен оның алдын алу шараларын күшейтуге байланысты арнайы мәжіліс өтті. Мәжіліске Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы әкімінің орынбасарлары, аудандық және теміржол ауруханаларының басшылары мен мамандары, аудандық білім, ішкі істер бөлімі, жедел жәрдем бөлімшесі, кешкі мектеп пен колледждердің директорлары қатысты.
Басқосуға төрағалық жасаған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап бүгінгі таңда ауданымыздағы қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы күрделене бастағанын жеткізді.
Бұл мәліметті мәжіліске арнайы қатысқан Қызылорда облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Абдикаимова растап, қазіргі таңдағы ахуалға тоқталды.
– Қазалы ауданы бойынша биылғы жылдың 10 айына қызылша ауруымен 4 науқас есепке алынған. Ал қараша айының 7-20 жұлдызы аралығында 12 науқас тіркеліп, эпидемиологиялық ахуал күрделене бастаған.
Науқастар Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласынан тіркелуде. Олардың 62,5% 14 жасқа дейінгі балалар болса, оның ішінде 12,5% 1 жасқа дейінгі, 31,3% қызылшаға қарсы екпе жүргізуге ата-аналары қарсылық білдірген балалар болып отыр. Мұнан бөлек 18,8 пайызы қызылшаға қарсы екпесі белгісіз ересектерді құрап тұр. Тіркелген науқастардың ішінен 3 жүкті әйел ауруханаға жатқызылған. Әйтеке би кентіндегі №234 мектеп пен Қазалы қаласындағы №16 мектеп-лицейден қызылша ауры тіркелуіне орай екі мектептің балалары мен қызметкерлері медициналық бақылауға алынған, – деді Әлия Муталипқызы.
Сонымен қатар ол аудан көлеміндегі емдеу мекемелері бойынша 20-29 жас аралығындағы ересектер, 9-10 айлық балалар, 40 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері мен 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы иммундық статусы белгісіз адамдардың қызылшаға қарсы егумен қамту көрсеткіштеріне тоқталып, тиісті контингенттерді толық егумен қамтып, коллективті иммунитет қалыптастырып, аурудың сырттан енуіне тосқауыл қою керек екендігін түсіндірді.
Мәжіліс барысында Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Гүлжихан Нысанова мен Қазалы теміржол ауруханасының бас педиатры Шара Байбазарова қызылша ауруының алдын алуға байланысты атқарылған шаралар жайында айтып берді.
Ал, Қазалы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Сақып Ақбаева Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында қызылша ауруының өрістеп кетуіне жол бермеу мақсатында тұрғындардың қызылшаға қарсы екпемен, оның ішінде шалғай елді мекендерде орналасқан тұрғындардың қамтылуының қадағалануына, әсіресе егуден бас тартқан ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге қатты мән беруді сұрады.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі