Қазалыда облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен комиссия отырысы өтті
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралатын мәселелерді талқылау үшін уақытша комиссия отырысы өтті. Мәжіліске комиссия құрамына енгізілген облыстық мәслихат депутаттары мен облыстың тиісті мекеме басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары мен аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім, мекеме-кәсіпорын басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев мәжілістің күн тәртібінде облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қарау үшін жоспарланған «Облыстағы жергілікті автомобиль жолдарының жайы мен оны жақсарту шаралары туралы» және «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау» мәселелері қаралып, талқыланатынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай, екінші мәселеге орай аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов хабарлама жасап, Қазалы ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Басқосуға арнайы қатысқан облыстық мәслихат депутаты, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрайымы Райкүл Байназарова, облыстық мәслихат депутаты, «СМП-Қызылорда» ЖШС-нің директоры Темірхан Әлімқұлов, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мнажадин Өтеев, Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тілеумбетов сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты өз ой-пікірлерін білдірді.
Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қали, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанаев, аудандық емхананың балалар педиатры Әсия Ізтілеу және Қызылорда облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова да шығып сөйлеп, ұсыныстарын айтты.
Комиссия мүшелері Қазалы ауданына сапары кезінде Сырдария өзенінің «Әлсейіт» учаскесі мен аудандық маңыздағы «Бекарыстан би – Қожабақы» автомобиль жолының 25 шақырымындағы темір-бетон көпірінің құрылысымен танысты. Сондай-ақ, осы бағыттағы автомоблиь жолдарының жайын да тексеріп, биыл басталған жұмыстарды аяқтауға күш салу қажеттігін тілге тиек етті.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі