Сақтық шараларына салғырт қарауға болмайды

Осыған орай аудан әкімдігінде қауіпті аурулар мен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу және болдырмау мақсатында көшпелі мәжіліс өтті. Онда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Апетов аймақта аса қауіпті жұқпалы ауруларға байланысты жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру қажеттілігіне тоқталды. Қырым Конго геморрагиялық қызбасын болдырмау үшін жауапты мекемелермен өңдеу шаралары өз деңгейінде қадағаланып отырылуы тиістігін ескертті.
Оның айтуынша, көп аурулар ауыл шаруашылығы жануарлары арқылы адамға жұғады. Күнделікті тағам ретінде пайдаланып отырған ет, сүт өнімдеріне сақтықпен қараған жөн.
«Биыл 12 түрлі мал ауруларына қарсы вакцина берілді. Оған қомақты қаржы да бөлінді. Егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соған байланысты Қазалыда эпизотологиялық жағдай қалыпты. Бұл сала қызметкерлерінің еңбегі деп есептеймін», – деді.
Маңызды жиында Қазалы ауданы бойынша ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы аудан әкімінің орынбасары С.Бабанаев баяндады. Сондай-ақ, облыстан келген мамандар қауіптің алдын алуда атқаратын әрекеттер турасында жан-жақты талдау жасады. Атап айтқанда, жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері А.Махамбетова, жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Жаңабаев, аумақтық инспекция басшысы Ж.Сәрсенбаев, М.Шатенов, Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясының басшысы С.Исаева малдан жұғатын сырқаттың келтіретін залалдарын айтып, оны болдырмаудың жолдарымен бөлісті.
Ал облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұ.Аханаева Қазалы ауданының тұрғындары арасында жұқпалы жедел ішек, астан улану және сальмонеллез ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты қалыптасқандығын жеткізді. Тағы бір алаңдатарлық жағдай, ауданда сарып ауруының тіркелуі күннен күнге көбейіп, елді мекендерде өрістеп кету қаупі туындауда. Оның негізгі көзі сарып ауруына шалдыққан уақ малдар болып отыр. Осыған орай Ұ.Аханаева Жалаңтөс, Қожабақы елді мекендерін аталған індет бойынша қолайсыз аймақ болып жариялануын ұсынды. Қазалы ауданы бойынша ветеринария, денсаулық және санитария саласының мамандары, ауылдық округ әкімдігімен бірлесе отырып, сарып ауруының алдын алу шараларын жедел жүргізуді тапсырды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА