Мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Айдаровқа көше атауы берілді
Әйтеке би кентінен жерлесіміз, республикаға танымал мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Айдаровқа көше аты берілді.
Салтанатты шараны аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сөз сөйлеп ашып, Дәуірхан Жәлиұлының елге танымал азамат екенін атап өтті. Қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келген ағамыздың барлық өмірін тәрбие ісіне, идеология саласына арнағанын да тілге тиек етті.
Мұнан соң мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Дәуірхан Айдаровтың жары Рәш апай сөз сөйледі. Ал, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов пен Қазақстан Республикасының еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың Айдаровтар әулиетіне арналған құттықтау хатын оқып берді.
Салтанатты шара соңында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған құрметті қонақтар Дәуірхан Айдаров атындағы көшенің ашылу лентасын қиды.
Айта кетейік, жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Айдаровтың есімі Әйтеке би кентінің Жанқожа 3 шақырым аймағында жаңадан ашылған көшеге берілді. Бүгінгі таңда ұзындығы 1,2 шақырым болатын көшеде 90-ға жуық тұрғын үй бар.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі