Қазалыда мемлекет және қоғам қайраткеріне көше аты берілді
Әйтеке би кентінен белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Айдаровқа көше атауы берілді. Салтанатты шараны аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ашты. Жиын барысында аудан әкімі:
– Дәуірхан Айдаров елге танымал азамат. Қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келіп, барлық өмірін тәрбие ісіне, елдің идеологиялық саласының дамуына арнады. Алғашқы өмір жолын туған жеріндегі мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып бастады. Кейін комсомол органдарында шыңдалған жас – облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы секілді жауапты қызметтер атқарды.
Дәуірхан ағамыз Сыр өңірінің әлеуметтік-рухани саласында өзінің ерекше қолтаңбасын қалдырды. Еңбекке деген қабілеттілігі, жауапкершілігі оның қызметіндегі басты ұстанымы болатын. Сол арқылы кейінгі буынға үлгі бола білді, – деді.
Мұнан соң Мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов сөз алып:
– Дәуірхандай ағамыздың 90 жылдығына орай туған жерінен көше атауының берілуі үлкен мақтаныш. Сондықтан көпшілік қауымның, ардагерлердің атынан аудан басшылығына үлкен алғысымды білдіремін.
Қазалы топырағы өзінің киелілігімен белгілі. Бұл жерден көптеген ұлы тұлғалар шықты. Батыр бабалардың кіндік қаны төгілді. Кешегі Елепес Мұқанов, Тәкей Есетов, Ідіріс Қалиев, Сұлтан Аманов, Әбубәкір Тыныбаев секілді тұлғаларды күллі республика біледі. Ал, бүгінгі жасап жатқан өнегелі істеріңіз көпке үлгі боларлық дүние, – деген ойын жеткізді.
Келесі кезекте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз алып, Дәуірхан Жәлейұлы жайлы өз естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар қоғам қайраткері Ержан Уәйіс облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов пен еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың Айдаровтар әулиетіне арналған құттықтау хатын оқыды.
Шара соңында аудан әкімі М.Нәлхожаұлы мен Дәуірхан Жәлейұлының жары Рәш апай екеуі көшенің ашылу лентасын қиды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат