Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Майданда сапер, бейбіт өмірде шофер болған Сарқұлов

Майданда сапер, бейбіт өмірде шофер болған Сарқұлов

Ауылдастың айтқаны
Бекет аға елге белгілі адам болды. Ауылдағы соғыстан аман қайтқан санаулы майдангерлердің бірі еді. Сұрамасаң соғыс туралы көп айта бермейтін. Сөзіне қарағанда қанды қырғынның ортасында болған. Елге келгесін өзі соғысқа дейін еңбек еткен Ворошилов колхозында жұмысын жалғастырған. 1951 жылы ауыл басшылары «әскерде болған, соғыс көрген, сенімді адам» деп колхозға бірінші рет келген «ГАЗ-51» автомашинасын жүргізуді Бекет Сарқұловқа жүктейді. Сөйтіп ол колхоздағы ең алғашқы шофер атанады. Ол кезде шоферлар дайындайтын мектеп жоқ. Машинасы бар колхоздар да некен-саяқ. Көбісі ат арба, өгіз арба пайдаланады. Бұл кісі естуімізше шоферлықты Қазалы қаласындағы Вексель деген немістен үйреніпті. Сол машинаны астындағы атындай баптап, күтіп айдап, шаруашылықтың түрлі жүгін: астық, шөп, құрылысқа қажетті материалдар тасып үздіксіз он жыл жүргізді. Кейінгі шоферлар машина айдауды осы кісіден үйренген. Бір сөзбен айтқанда ісімен де, тәлімгерлігімен де елге еңбегі сіңді.

Баласы Сақыштың әңгімесі
Біз көп емеспіз. Әкем Бекет пен анам Шамшырақтан бір ұл, бір қызбыз. Өзімнен үлкен апам Қарлыға тағдырдың жазуы шығар, өмірден өтіп кетті. Анам үй шаруасымен айналысты. Ерлі-зайыпты екеуі де дастарқаншыл еді. Ауылға ат басын тіреген адамды бастықтар «шәй ішеміз» деп біздің үйге алып келетін. Әкем қазаншыл, апам сондай тазайын әйел болды. Қонақжайлығымыздың басты себебі осы. Заманында біздің үйден шәй ішпеген адам аз. Қонақтардың атын байлап, қолына су құйып жүріп, адам сыйлауды өзім де үйрендім. Әрине, әкемнің арқасы.
Жалғыз бала болғандықтан ба, маған айрықша қарады. «Балам, оқы, келешегің – білімде», –деді. Ауылшаруашылығы техникумының ветеринария бөлімін бітірдім. Диплом алғасын қызметке тұрғызам деп бірнеше басшы адамдарға алып барды. Бәрі де орнынан тік тұрып қарсы алып, сөзін жерде қалдырған жоқ. Жас та болсам әкемнің беделін, қадірін білдім. Әке тәрбиесімен ержетіп, ел қатарына қосылғанымды ешқашан ұмытпаймын...

Сайыпқыран солдат немесе мұратына жеткен жауынгер
Армияда әскердің бірнеше түрі бар. Атты әскер, жаяу әскер, танкистер, ұшқыштар, артиллеристер, тағы да басқа. Саперлер инженерлік әскерге жатады. Танкі жүргізушіні танкист десе, армияда инженерлік қызметті атқарушыларды саперлер дейді. Саперлердің міндеті соғыс уақытында ауыр артиллерия, танкілер, әскер жүретін үлкен жолдарды, көпірлерді салу, жаудың әскер жүре алмасын деп жасаған кедергілерін құрту, жаяу әскерге окопты қалай қазуды үйрету, сонымен қатар, жау жүре алмас үшін оның өтетін көпірін қирату, жолын бұзу, мина салу, темір сымнан жасалған жаудың кедергі торларын қырқу, барлық амалдармен жаяу әскерге жол ашу.
Сапердің соғыс уақытындағы орны ерекше. Оның мылтық ата білу қабілеті, қара күштің иесі болуы тиіс. Ал ептілік, темірдей жүйке және батылдық басты қасиеті. Өйткені сапер ұрысқа бірінші түседі де, қажет жағдайда ең соңынан шегінеді. Күрек, балта, ара, балға, қайла, тіпті қайшы да сапердің құрал-саймандары. Саперлерді «әмбебап әскер» деуге де болады. Олардың араласпайтын жері жоқ. «Сапердің қолы алтын»,-дейді шинель кигендердің көбісі. Саперлердің мынадай мақалы бар: «Сапер бір-ақ рет қателеседі, сол қатесіне жауап береді».
Сондықтан да Майдакөлдің майлы топырағынан шыққан майдангер Бекет Сарқұловты Отан соғысының сайыпқыран солдаты демеске амалың жоқ.
***
Бекет Сарқұлов 1915 жылы Қазалы уезінде, қазіргі Ақжона ауылдық округіне қарасты бұрынғы Ворошилов колхозында дүниеге келген. Соғысқа дейін қолына кетпен, күрек, айыр, тырма, орақ ұстаған қатардағы колхозшы. 1943 жылы маусым айында Қазалы ауданының соғыс комиссариатына шақырылып, Қызыл армия қатарына алынды. Бұл қанды қырғынның нағыз қызған шағы еді. Фашистік Германияға қарсы соғыста саперлық даярлықтан өткеннен кейін, майданның алғы шебіне жіберілді. 1943 жылы соғыстың сұрапыл күндерінде сенімді де табанды, қайсар жауынгер ретінде коммунистік партия қатарына қабылданды. 1944 жылы маусым айында басынан ауыр жарақаттанып, госпитальда емделгеннен кейін соғысқа қайта түскен. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1945 жылғы 25 қыркүйектегі Жарлығына сәйкес 12 қазанда елге қайтарылған.
Бекет Сарқұлұлы ортақ Отанды фашистерден азат ету жолындағы жанқиярлығы мен батылдығы үшін екі рет “Қызыл Жұлдыз” орденімен, “За Отвагу”, “За Победу над Германей” медальдарымен наградталған. Сондай-ақ “Жеңістің 30 жылдығы”, “СССР Қарулы күштеріне 60 жыл” мерекелік медальдарымен марапатталған.
Оның еңбекқорлығы, адамгершілігі, үлкен-кішіге деген ілтипаты елге аян. «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» демекші шаңырағынан адам арылмаған ардагердің азаматтығын көпшілік өнеге тұтты. Колхоздан денсаулығына байланысты өз еркімен шыққан соң «Октябрь» жұмысшылар кооперациясында автодүкен меңгерушісі болып жұмыс істеді. Ай сайынғы жоспарын артығымен орындады. Суреті селолық жұмысшылар кооперациясының және аудандық тұтынушылар одағының құрмет тақтасынан түскен жоқ. Алғыс хаттар мен дипломдар Сақыштың үйінде үйіліп жатыр. Мына суретті іздеп жүріп бұрынғы аудандық тұтынушылар одағының қабырғасында ілулі тұрған ескі «Құрмет тақтасынан» алдық. Сауда мекемесінің басшылары Кәдір Құрмантаевтың, Базарбай Нағымановтың және Кәримолла Тәжмағанбетовтың қолы қойылған Алғыс хаттарды көзімізбен көрдік.
Майданда сапер, бейбіт өмірде шофер болып еңбек еткен қарт жауынгер жаугершілік замандағы жарақаттың салдарынан дертке шалдығып, 1983 жылы бақилыққа аттанды. Алайда оның елге еткен еңбегі, адал қызметі мен адамгершілігі ауылдастарының, әріптестерінің, ұрпақтарының мәңгілік есінде.
Жауынгердің жалғыз ұлы Сақыш пен келіні Ықпалдан тараған немерелері де білімді, ұқыпты, кішіпейіл болып өсті. Үлкені Шынтас аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі. Бектасы №216 Қ.Сәтбаев атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Келіндері шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Ал, алтындай жарқыраған алты қыз «Білім – өмір шырағы» деп оқудан жалықпаған, білім көгінде қалықтаған, өмірде өз жолдарын тапқан жандар. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жауынгердің жалғасы Сақыш Бекетұлы әке өсиетіне сай өмір сүруде.
Алмағайып заманда елге аман-сау оралуды армандаған майдангердің мұратына жеткені де.

Жетіскен МӘКЕНАЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
30 мамыр 2019 ж. 1 743 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930