Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер мінезді Ербоздақ

Ер мінезді Ербоздақ

«Ұлы істерді атқару үшін аса данышпан болудың қажеті жоқ, адамдардан да артық болудың керегі шамалы, тек олармен бірге болу керек».

Шарль Луи МОНТЕСКЬЕ,
Француз ойшылы.

Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз аз сөйлеп, үн-түнсіз-ақ қыруар жұмыс атқаратын, айналасына әркез қамқор болып, шын жаны ашитын азамат басшы. Өзі басқаратын ұжымына әркез әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетуі, бұл – парасаттылықтың белгісі болса керек. Игі істердің басы-қасында жүретін шебер ұйымдастырушы «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөзді терең түсініп, әманда берік ұстанады.

Ербоздақ Өтеуов – Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы шағын ауылда көпбалалы отбасында туып-өсті. Әкесі Өтеу өмірден ерте кетті, еті пысық кісі болатын. Анасы Қымбат қолы ашық, ағайын-туысқа сыйлы кісі еді. Бала Ербоздақ жастайынан пысық, өмірге икемді болып өсті.

Қазалы ертедегі уездің орталығы болғасын сол жылдары бұл жерге ішкі Ресейден көшіп келген орыс ұлтының өкілдері көп болатын. Орыстар ескі Қазалы қаласының нулы-сулы жерлеріне тығыз орналасып, кәсібін жүргізді. Аралас ұлттың арасында өскен соң бала Ербоздақ қазақша да, орысша да еркін сөйлей беретін. Осы әбжілдік оны өмірге ерте араласуына жол ашып берді. Мектеп бітірген соң, міндетті әскер борышын өтеді. Аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып, білімін жетілдірді. Алматы автомобиль жолдары институтын бітіргеннен кейін, түрлі шаруашылық жұмыстарын атқарып, өмір сынағынан өтті. Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялаған кезде, алғашқылардың бірі болып, нарық заңдылықтарына сай, кәсіпкерлікке көшті. Бұл жолда оның жолы болды. Әрине, қиындығы да кездесті, әйтсе де ол алған бағытынан таймады. Қазаққа не пайдалы, ұлтқа не керек, соны өмірге енгізді. Жұмыссызға жұмыс тауып берді, білімсізге кәсіп үйретті. Неміс ұлтында «балықты жақсы көретін адамға оны қалай жеуді үйрет пе, балықты қалай аулауды үйрет»-деген тәмсіл бар. Сол сияқты Ербоздақ досымыз көптеген адамға кәсіптің әліппесін үйретті.

Бұл герой Оноре де Бальзактың Гобсегіндей емес, баюдың жөні солай екен деп қойны-қонышын ақша-пұлмен сықай беретін. Осыдан жиырма жылдай бұрын Елбасы кәсіпкерлерге: жазушы, ғалым, өнер қайраткерлерін, еліміздің рухани байлығын жасаушыларды қолдау жағын ойластырғандарыңыз жөн болар еді деген. Сол тілекке орай Ербоздақ Өтеуов халықты қажетті материалдармен қамтамасыз етуде көптеген ауызға аларлық іс тындырды. Жеке компания ашып, халыққа жұмыс тауып берді. Компания жел диірмендерін қоюды бірінші болып игерді. Бүгінгі таңда компания құрылыс жүйесін қолға алып отыр.

Туған жерді құрмет тұту, біздіңше, қазақ халқында тіптен алабөтен. Қаншама қадірлі, ақылман адамдар туған жердің топырағына бір жетуді аңсап өткен. “Туған жердің бір уыс топырағы бұйырса, бұл дүниеде арманым жоқ” деуі сондықтан болар.

Ерекеңнің өткен жолын, іс-әрекетін кісі қызығатындай етіп бейнелеу үшін бүгінгі күрделі өндіріс үдерісінің тетігін бес саусағыңдай білуің шарт. Өз орнына лайықты адамға сұраныс көп. Оған орын емес,- ол орынға көбірек қажет. Біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметтің өзіне көрік беріп жатады. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтары шыдас бермей, көптеген кәсіпорындар бірінің соңынан бірі жабылып жатқанда да ол бірінен соң, екінші кәсіпті ашып кете барды.

Елбасы өткен жылы телекөпірде: «Іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына – бұл индустрия мен инновация» деген еді. Мемлекет басшысы бұл ретте ғылымды өндіріспен ұштастырып, инновацияға ие болудың маңыздылығына тоқталған болатын. Шындығында, бұл бағдарлама аты айтып тұрғандай, ел экономикасын индустриялық-инновациялық жетістіктерге жетеледі. Индустриялық-инновациялық сектор зор көрсеткіштерге қол жеткізді. Осы мәселеге біздің кейіпкеріміз өз іс-қимылымен жауап бере алды.

Бизнесті дамытудың кең мүмкіндігі соңғы Жолдаудан да көрініс тапты. Әр кәсіпкер рынокқа еніп, өз кетігін табуы керек, ал Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекет өз тарапынан мүмкін жағдайды жасауы тиіс. Бұл шаралар жаңа кәсіпкерлік құрылымдар мен бизнесте жаңа буын өкілдерінің пайда болуына септігін тигізеді деп ойлаймын, деген Елбасы сөзі шағын және орта бизнес саласының мемлекет қамқорлығынсыз қалмайтындығына тағы бір көз жеткізді. Әрине, мемлекетке арқа сүйеген дұрыс, алайда жағдай жасап отырған Үкіметке қайтарар жауап та өз биігінде болуы тиіс. Кәсіпкерлерден заңға бағыну, мемлекет қазынасына түсетін салықтық кірістерден жалтармау, адал іс жүргізу күтіледі. Шағын және орта бизнес қызметінің күшейтуге бағытталған жұмыстарға серпін беретін бағдарламалардың кеңінен насихатталуы да үлкен істің басын қайырып отыр. Бизнес ортаны жетілдіру, мемлекеттік шаралардың тиімділігіне сараптама жүргізу, адам капиталын дамыту, қаржы ресурстарына бизнестің қолжетімділігін қамтамасыз етуді ұйымдастырып отырған ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметін кең көлемде қолдану кәсіпкерлердің өзара байланысын арттыра түсуде. Бұл тұрғыда Ербоздақтың өз байламы бар. Өйткені ол мемлекетке масыл болмай, кәсібін өз есебімен жүргізуге бел буған азамат. Ол- оның өмірлік кредосы. Ол өз көзқарасынан танған емес. Еңбекке адалдық таныту-оның өмірлік мұраты. Біз білетін Ербоздақ сондай жан.

Аққан су да түбіндегі топырағына қарай тазарып, лайланады. Ал адам бар жақсы қасиетті туған жерінің табиғатынан алады. Соңғы кезде Ербоздақ туған жерге барғыш болып кетті. Үлкейді ме, әйтеуір бір сағыныш бар. Енді ол туралы ағаларына сөз берейік.

– Молдахмет аға, байқаймын, Сіз осы Ербоздақ ініңізге жақындаусыз-ау деймін.
– Оның рас. Бізді інімізбен жақындастырған – бабаларымыз.
– Елде ұстаз болған адамсыз, шәкіртіңіз емес пе?
– Еңбек жолын бастаған алпыс-жетпісінші жылдары біздің алдымыздан талай шәкірттер өтті. Мен стансадағы №420 мектепте болдым. Ербоздақ Қазалы қаласында оқыған екен. Оның ұстаздарының бірі – Тілеулес Мәшембаев. Оқушысының балалық албырт кездегі талай қылықтарын білетін сол.

Әр жерде жомарттық жасап жүргенін сырттан есіткенім болмаса, өзін кезіктірмеген ем. Ең алғаш көргенім жерлесіміз Шайхиев Жеткергеннің мерейтойында. Онда да етене танысқанымыз жоқ.
Ербоздақ ата-аналарына сәнді етіп бейіт салдырды. Елдің ортасына арнайы барып, бабаларына құран бағыштады. Бұлар, әрине, жеке өз шаруасы.

Ал бүкіл ел жұмылып жатқан Жанқожа бабамыздың іс-шараларына бір де емес, бірнеше рет бел шеше кірісуі екінің бірінің қолынан келе бермейтін тура мағынасындағы азаматтық іс. Бұнысын қалай айтпай отырасың. Бұндай азаматты қалай жақын тартпайсың.
Елден келіп, тарығып жүрген кісілерге үй алып берген, Алматы маңындағы Жалғамыс елді мекеніне жол салдырып берген деп естіп жүрмін. Жалаңтөс бабамыздың атына мешіт саламын деп әрекеттенгенін өз көзімізбен көріп отырмыз. Осылардың өзі де адамның адамгершілігін танытатын жақсы қасиеттер емес пе?

– Сонымен ініңіз бір кітапты мойнына алды...
– Бұның аздап кіріспесі бар. Өзің білесің, қазір бұл да тарих қойнауына еніп барады, 1991 жылы Қазалыда бұрын бұл өңірде болып көрмеген адам таңқаларлық зор оқиға болды. Ол – Егеменді Қазақстанда ең алғашқы рет батырды ұлықтау шаралары. Саяси қысымнан әлі босана қоймаған алмағайып кез. Атылып, асылу, итжеккенге кету, ата жұртынан босу секілді, талай құқайдан зәрезап болып қалған жұрт осы бостандықтың өзі рас па, өтірік пе деп алаңдаулы. Қалыптасқан жүйе опырылып жатыр, халықтың тұрмысы күрт төмендеп кеткен. Жұрт болса қалима балықтай.

Соған қарамастан аудан халқы адам таңғаларлық ерлікке барабар аса ауқымды іс тындырды. Тағы да қысқа мерзімде. Іс басында, әрине, ел азаматтары бар. Ел перзенті ретінде мені таңқалдырғаны қарапайым халықтың ынтасы, әруаққа деген пейілі. Тарихи жад өшпеген, біздің жұрт әруақ құрметтеуді ұмытпаған екен. Сонан бастап-ақ «Осы оқиға қағазда қалса кәні» деген ой іштей мазалап жүретін. Кірісіп кетуге қаржы жоқ. Билік Жанқожаның шаруасына жергілікті патриоттардың желікпесі деп қарайды. Сондай алаңдаулы жүрген күндердің бірінде Самат, Жанкентханнан «Кітап құрастырылар болса, оны шығаруға кірісеміз» деген жақсы хабар алып келді. Өзіне бардық, болашақ кітаптың нобайын айттық та дереу жинақты дайындауға кірістік. Негізгі мақсат – танымдық. Одан да кем түспес шарт – сондағы тастүйін жұмылған халық еңбегін қағазда қалдыру. Сөйтіп «Ел қорғаны ер Жәкем» кітабы Жангентханның ұйымдастыруы, Талғат Әбжаппаров ініміздің демеушілігімен жарық көрген. Күрделі емес, қарапайым танымдық кітап бірден-ақ халық сұранысына ие болды. Қазақстанның әр түкпіріндегі жерлестеріміздің тараптарынан сұраушылар көбейді.

Бас қосылып, әңгіме болған жерде: «Қайта бір шығарып жіберсе кәні» деп қоямын. Мен өзі алақан жаюға жоқ, барға қанағаттың адамымын. Сөйтіп жүргенде күндердің күні інім Ермағанбет Жұбатқанов келіп тұр: «Бір ініңізге жолықтырайын, ол осы кітапты қайта бастырып береді» деп. Ермағанбеттің Ербоздақпен туыстық жақындығы бар екен, алдын ала келісіп қойған. Дереу Достық даңғылының жоғарғы жағындағы үйіне келдік. Әңгіме қысқа. «Нет проблем. Баспаханадан шот алып келіңіз». Өмірімдегі көзді ашып-жұмғанша біткен бір шаруам осы. Менің күшім емес, әруақтың күші, әрине. Құстай ұшып жүріп кітапты қайта дайындадым. Ербоздақтан бір-ақ өтініш болды: «Мына соңғы жағындағы қосымшаны алып тастасаңыз. Ертең жарық көрген соң бұл кітапты таныстарыма ұсынамын. Біздің елдің жағдайынан бейхабар олар ойлайды ғой жинағандары ылғи тиын-тебен екен деп, намысың келеді». Айтып отырғаны әруақтың шаруаларына қаржы жинаған кісілердің тізімі. Айтпағанмен ішің удай ашиды. «Қыруар жұмысты бітірген осы тиын-тебен еді. Бұл тиын-тебен емес, халықтың әулиесіне деген құрметтерінің бұлтартпас айғағы еді. Қолдары қысқа халықтың ауыздарынан жырып беріп отырған осы тиын-тебендері...» «Киіз кімдікі болса, білек соныкі». Көнбегенде қайтесің. Енді кітаптың шыққаны олжа. Інім сөзінде тұрды. «Ел қорғаны ер Жәкемнің» екі мың дана екінші басылымы түгелдей Ербоздақтың қаржысымен жарық көрді. Бес жүз данасын Қазалыға, бес жүз данасын Аралға жеткізіп бердім. Бұл 2008 жыл. 2012 жылы аудан осы кітапты тағы бастырып алды. Осы аудан шығаратын кітапқа қаражат беріп, үлес қосқандарды, 2005 жылы Шамалғанда өткен іс-шараға қатысқандардың тізімімен толықтырып, басылымға қайта қосылды.
Сөйтіп бұл кітап кейінгі үлкен шаруаларға жол ашты, өз міндетін орындады.

Осы реттегі Ербоздақтың ел азаматы ретінде ерлік көрсеткен, биік адамгершілігіне риза болмасқа амалың жоқ.
Бұл жердегі жомарттық – әлдеқандай тамыр-таныстықтан емес, әруақты, сол әруақты құрметтеп жатқан халқына деген ілтипат. Бұл қасиетін Ербоздақ ініміз кейін де жоғалтқан емес. Алматыдағы жерлестердің үлкенді-кішілі шаруаларының басым көпшілігінен осы азаматты көрем. Кәсіпкер адамның уақыты тапшы. Соған қарамастан үнемі ортамызда. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет.

– Енді, міне, өткен жыл аяқталып, ұзап барады. Жанқожа бабамыздың 240 жылдығын өткізуге Алматы аумағында тұратын жерлестеріміз арнаулы комиссия құрып, демеушілік көрсету шараларына кірісті. Комиссия әрбір тиынды санап отырғанда Сіз осы Ербоздақ үшін жұртты өзінен-өзі келе қалған бәлкім төрт, бәлкім бес миллион теңгелік қомақты қаржыдан бас тартуға үгіттедіңіз...

– Оның рас, басы-қасында барсың, өзің естіп отырсың. Бұл бір басымызды қатырған аяқасты күрт оқиға болды. Жұмыстың орта деңгейінен аса бергенде бір қалталы азамат қанша болса да айтқан қаржыларыңды беремін, ол қаржы басқа жаққа емес, тек айтыстың бас бәйгесіне ғана. Жұмыс басталған кезден-ақ айтыстың бас бәйгесі 2 млн. теңгені Ербоздақ еншілеп қойған болатын.

Сондағы менің қарсы болғаным, біріншіден, әруаққа арналған садақа атаққұмарлыққа, бәсекеге айналмауы тиіс. Аз ба, көп пе, тек шамаңа қарай шын пейіліңмен берілуі керек. Екіншіден, артық 1-2 миллионға бола Ербоздақтың кеудесінен итере салу біздер үшін мүлде ақылға сыймайтын іс. Әлгі азаматқа рахмет, бірақ ол елдің шаруасына осы жолы қатысып, бұдан кейін мүлде ұстай алмауымыз да мүмкін. Ауданның шаруасы осымен біте қалмас, Ербоздақ болса болашақтағы істердің қай-қайсысына да керек. Басында барсың, комиссия бұл пікірді мақұлдап, батпан құйрықтан бас тартты. Оны Ербоздаққа айтқанымыз жоқ. Болғаны сол.

– Жанқожа Нұрмұхаммедұлының осы 240 жылдық тойы қалай өтті деп ойлайсыз?
– Ауданда осы мерейтойды өткізу жөнінде үндеу қабылдаған кезінен бармын. Одан кейін аудан, тіпті облыс басшылары ауысты. Алайда мақсат өзгеріп, жұмыс тоқтаған жоқ. Қайта облысқа Қырымбек Елеуұлының келуі тойға түбегейлі жаңа мазмұн беріп, облыстық дәрежеге көтерді. Халықтың көз алдында атқарылғандарды термелемей-ақ қоялық, айта қаларлықтай, кейінге үлгі боларлық мәнді жұмыстар бітті. Ең бастысы, халық пейілді. Қай шаруада болмасын үлкен-кішілеріне қарамай, біркісідей жұмылғандары көрініп тұрды. Бабамыздың той, кесене, мешіт болсын, қай шаруасының да басым салмағын халқымыз атқарып келеді. Бұл саудаға салуға болмайтын басы ашық шындық. Өз басым аса ризамын. Көптің жұмысында азды-кем кемшілік болмай тұрмайды. Біз – қонақтар шапан киіп, шай ішіп, жайлануға барған жоқпыз. Әруаққа тағзым етуге, жерлестеріміздің мерейін өсіруге бардық. Ел жұмылған бұндай жұмыстарға міндет те, өкпе де жүрмейді.

Иә, ол осы жұмыстардың бәрін айқайсыз, ешбір дабырасыз істеді. Ол үшін туған елінен ештеңе дәметкен емес. Әйтсе де, әрнәрсенің қайырымы болады. Ербоздақ досымыздың кеудесінде бірнеше мемлекеттік наградалар жарқырайды. Соның ішінде Жанқожа бабамыздың мерекелік медалін ең биік санайды. Жалпы, марапат - келешек ұрпақ тәрбиесі үшін қажет. Осындайда абыройлы азаматтарға беріліп жатқан ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілсе деген ұсынысымыз бар.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ
29 мамыр 2019 ж. 1 644 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 53

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930