Сараң әрі жақсылықты білмейтін адам
Санчес Головкинмен не үшін айырылысқанын айтып берді.
Олар 2010 жылдан бірге жұмыс істеп келген.
Бапкер Абель Санчес WBC, WBA (Super) және IBO нұсқалары бойынша бұрынғы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен (38-1-1, 34 КО) айырылысып кетулеріне қатысты пікір білдірді.
Бапкермен арадағы жұмыстың тоқтағаны жайлы Головкиннің өзі хабарлады. Ол бапкеріне бокста үйреткен сабақтары үшін алғыс айта отырып, өз шешімін түсіндірді.
-Санчестің SI-ге хабарлауынша, Головкинмен арадағы жұмыстың тоқтауына ақша себеп болған. Ол Головкиннің жағын "сараң әрі жақсылықты білмейтін арсыздар" деген. Оның айтуынша, DAZN-мен болған келісімнен соң Головкиннің оған жасаған ұсынысы көңілін қалдырыпты, - деп жазады спорт журналисі Крис Мэнникс.
Головкин мен Санчес 2010 жылдан бері жұмыс істеп келді. Бұл бапкердің басшылығымен қазақстандық спортшы соңғы рет 2018 жылы қыркүйекте мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альвареспен екінші рет кездескен болатын. Аталған жекпе-жекте біздің спортшы төрешілердің басым бөлігінің шешімімен жеңіліс тауып, WBC, WBA (Super) және IBO белбеулерінен айырылған болатын. Бұл оның карьерасында ең алғашқы жеңілісі болды.
Головкин шаршы алаңға 8 маусым күні оралып, ол Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында әлі бірде бір рет жеңіліп көрмеген канадалық Стив Роллспен (19-0, 10 КО) кездеспек. Жекпе-жек 164 келіге дейінгі аралық салмақта өтетді.
Айта кеткен жөн, Головкин сәуір айында Санчеспен қош айтысқан екінші боксшы. Бұған дейін аса ауыр салмақта өнер көрсететін британдық Джо Джойс (8-0, 8 КО) оның қызметінен бас тартқан болатын. Ол Олимпиада-2016 финалисті мәртебесінен кәсіпқой боксқа ауысқан.