Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Катар: Өкініш пен қуаныш

Катар: Өкініш пен қуаныш

Бір айға созылған Катардағы мундиаль мәресіне жетті. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, 4 жылда бір келетін әлем чемпионатына келген 32 құрама өзара мықтыны анықтады. Ақырында, Месси бастаған Аргентина жігіттері басты кубокты өздерімен алып кетті. Негізі, мұнда кімнің бағы жанатыны жайлы айтқандардың болжамы тура келмей, күтпеген нәтижелер тіркелді. Оның үстіне жаңа есімдер жарқырап, түрлі эмоцияларды көргеніміз тағы бар. Ендеше, кіл мықтылар айқасқан турнирде көптің көкейінде қалған басты жайттарды бөлісе отырайық.

Бір күлдіріп, бір жылатқан

Әңгімені алыстан орағытып қайтеміз. Көк жәшікке телмірген жұрт қай құраманың қандай деңгейде өнер көрсеткені туралы жақсы біледі. Дей тұрғанмен осы тұста біріншіліктің басты фавориті есебінде келіп, жарысты жарты жолда тоқтатқандарға тоқталып өтейік. Катардағы тосын сый аз болмады. Оның алғашқысына іліккен Германия құрамасы. 2014 жылғы әлемнің үздігі болған неміс мәшинесі топтан шыға алмай қалды. Сол секілді Бельгияның да бағы жанбады. Ал көпті таңқалдырған азиялық құрамалар болды. Мәселен, Жапониялық жігіттер өз тобында Испания мен Германияны қапы қалдырып, топтан бірінші орынмен шықты. Сондай-ақ Оңтүстік Корея құрамасы да плей-офф ойындарына жолдаманы жеңіп алды.
Қызыққа толы кездесулер ширек финалда басталды. Бразилия мен Хорватияның жолы түйіскен тұста, жұрт басымдықты латынамерикалықтарға берген-ді. Десе де, хорваттар мінезді команда екенін дәлелдеді. Экстра-таймда Неймар соққан голға әдемі жауап беріп, пенальти сериясын «ашық» деп жариялады. 11 метрлік айып добын теуіп үйреніп қалған құрама сыр берген жоқ. Жік шығармай орындап, Тьяго Сильва бастаған жігіттерді отанына кері қайтарды. Осыдан кейін Хорватияның мінезі мен шыдамына таңданғандар жетерлік. Өйткені, пенальти сериясында «Бэйкер, бармысың?» дегендей, қақпаға тура соққы бағыттағанынан-ақ қарсылас тіксініп қалды. Осылайша, Хорватия құрамасы екі әлем чемпионаты қатарынан жартылай финалға жолдама алды.
Ал көпшілік Нидерланды-Аргентина матчында мүмкіндік тең деп баға берді. Тіпті, кейбір сарапшылар Луи Ван Гал командасы қарсыласын қапы қалдырарын болжаған. Алайда ойын басқаша өрбіді. Бір қарағанда Аргентина еркін көсіліп жүргендей әсер қалдырса, тағы бірде Нидерланды доп бермейтіндей көрінді. Сөйтіп жүргенде, альбиселесте екі доп айырмасымен алға шықты. Бірақ Ван Дейк бастаған жігіттер жұлып алғандай матч соңында гол соғып, ойын экстра-таймға жалғасты. Жалпы, ойын бас-аяғы екі жарым сағатқа созылып, пенальти сериясы нүктесін қойды. 3:4 есебімен Аргентина басты жүлдеге екі қадам жақындады.
Көп ұзамай Аргентина мен Хорватия финал жолдамасын сарапқа салады. Спорт комментаторы Жандос Байділдәнің айтуынша, хорваттар мен экстра-тайм үйреншікті ұғымға айналғандай. Месси бастаған жігіттерде де басымдық жоқ емес. Сөйтіп жүріп, әлемнің күміс жүлде иегерлері 3-0 есебімен жеңілді. Ал финалиссима жеңімпаздары 2018 жылы Ресейде кеткен есені қайтарды. Осылайша, финалдық бәсекеге жолдаманы иеленді.

Әдемі ертегі жалғасын таппады
Қызығы, ширек финалда бір топтан шыққан екі құрама доп депті. Соның бірі – Марокко. Әлем чемпионатына дейін бұл команданың жартылай финалға дейін баратынына тек Это’о ғана сенген-ді.
Футболды эмоция мен ғажайып деп алсақ, Мароккода осының екеуі де бар. Әуелде Хорватия мен Бельгиясы бар топтан қара құрлық өкілдерінің шығатынын ешкім болжамады. Сарапшылар мұның өзін баққа балады. Плей-офф кезеңінде Испаниямен жұп атанарда «жігіттер осы жерден қайтады-ау» десті. Бірақ қара маржандар аладопта сенсация әлі өлмегенін еске түсіріп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Энрикенің жас саңлақтарын жолда қалдырып, ширек финал қайдасыңға басты. Осыдан-ақ әлем назары Марокко құрамасына түсіп, олар жайында аңызға бергісіз ақпарат ел ішін кезіп кетті. Бұл аз дегенде ширек финалда португалдарға жұп болып, оларды да айналып өтті. Қорғаныста сақ қимылдап, Португалия қырандарын жартылай финалда ойнап жүрген қиялынан бір сәтте жерге түсірді. Түсірді де, тарихта Африка құрлығынан мундиальдың жартылай финалында доп тебетін алғашқы команда атанды.
Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, Марокконың жартылай финалдағы қарсыласы Франция жайын қозғасақ. Айта кетерлігі, әлем чемпионатында тұрақты нәтиже көрсетіп келе жатқанның бірі – француздар. Топтық кезеңде Туниске жол берді демесеңіз, әуелгі қарқыннан тайған жоқ. Плей-оффта Польшаны бұйым көрмеген олар ширек финалда Англиямен де абдырамай ойнады. Саутгейттің жігіттері қорғаныста сәтті өнер көрсетіп, Мбаппенің аяғын тұсағанымен, командада Жиру барын естен шығарса керек. Өз кезегінде Кейн де есепті теңестірер тұста пенальтиден мүлт кетті. Сонымен, «Францияны бір тоқтатса, Англия тоқтатар» деген болжамның күлі көкке ұшты.
Ал ертегіге келсек, әуесқой спорт шолушысы Қанат Байұзақтың ойынша, Марокконың жартылай финалға жетуіне орналасқан жері мен климат ерекшелігі жәрдемдескен. Оның айтуынша, Хорватия мен Марокконың бір келген мүмкіндікті голға айналдыруы – психология мен шеберліктің керемет үйлесімі.
Марокко ел жүрегінен орын алды. Себебі ширек финалға жолдама алғандағы Хакимиді анасының емірене сүйгені, жартылай финалға өткендегі Боуфалдың жеңісті алаңда анасымен бірге тойлауы жан толқытады. Расымен, Африка құрлығында халықтың жағдайы мәз емес. Ашраф өз сөзінде әкесінің көше сыпыратынын, анасының үй тазалайтынын айтқан-ды. Өмір сүру үшін аянбаған отбасына жеңісімен жігер бергісі келетінін жасырмады. Ал «Челси» сапындағы Зиеш болса, 2015 жылдан бері ұлттық құрамадан алатын бонус өлшеміндегі табысын тұрмысы төмен марокколықтарға таратып береді. Құрамадағы қайсыбірінің хикаясын алып қарасаңыз да ертегі дерсіз. Сондықтан әлем жанкүйерлері ертегінің жалғасқанын қалағанымен, Франция бұған мүмкіндік бермеді.

Бір ғасырда бір туатын
Финал тартысқа толы болды. 80 мың халықты сыйдырған Лусайл стадионында төреші ысқырығы естілгеннен аргентиналықтар допты уыстарынан шығармады. Ақырында бірінші таймның орта тұсында Месси 11 метрлік айып добынан есеп ашты. Артынша Ди мария есепті еселеп кетті. Алғашқы 45 минут осылай болғанымен, қызықтың көкесі екінші таймның соңында өрбіді. 80 және 81-ші минутта аргентина қорғанысын бұзып кірген Мбаппе есепті теңестіргенде, француздар төбесі көкке екі елі жетпей қалды. Ойын экстра таймға жалғасты. Ұтымды шабуылдың арқасында есепті 3-2-ге жеткізген 7 дүркін алтын доп иегері бәрі осылай аяқталды дегенмен, тағы да Мбаппе Аргентина басына қара бұлт төндірді. Сөйтіп, көпшілік пенальти сериясына асықты. Ақырында 4-2 есебі тіркеліп, Месси коллекциясын жетпей тұрған Әлем чемпионатының кубогымен толықтырды. Сөйтіп, Аргентина тарихта үшінші рет әлем чемпионатын жеңіп алды.
Бір айға созылған Катардағы чемпионаттың «Үздік ойыншысы» Месси атанды. Ол жеті ойында жеті гол соғып, үш нәтижелі пас берді. Ал аргентиналық Эмилиано Мартинес «Үздік қақпашы» болса, 22 жастағы Энцо Фернандес «Үздік жас ойыншы» атағын иеленді. Ал франциялық Килиан Мбаппе «Үздік сұрмерген» деп танылды.
Міне, осымен 4 жылда бір келетін тартыс тәмам болды. Енді жұрт асыға күтетін ойындар төрт жылдан соң Канада, АҚШ және Мексика мемлекеттерінде өтетін болады. Одан бөлек Фифа тарапынан басқа да өзгерістер еніп, бұдан кейін 48 құрама күш сынасады деген сыбыс бар.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

20 желтоқсан 2022 ж. 1 315 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930