Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Саясат, экономика және сананы жаңғырту үштағаны

Саясат, экономика және сананы жаңғырту үштағаны

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов өткен жылдың қорытындысы, Елбасы Жолдауынан туындайтын алдағы міндеттер туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
– Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмалар негізгі 3 мәселенің – саясат, экономика және сананы жаңғыр-ту аясында жүзеге асуы тиіс. Барлық жұмыстар осы үштағанға сүйенетін болады, – деді сөз басында Руслан Рүстемұлы.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы рухани салаға серпіліс әкелген бағдарлама деп бағалауға толық негіз бар. Өткен жылдың соңында «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі жұмысын бастады. Қазір осы кеңсе жұмысына М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде, Қорқыт ата университетінде жұмыс жасаған ғалымдар тартылды. Өңірлік кеңсе өткен жылы көптеген жобаны жүзеге асырды. Аймақтардағы өңірлік жобалық кеңселердің арасында Шығыс Қазақстан, Қарағанды және біздің облыс дәйекті жұмысымен үздіктер қатарында аталды.
Биыл «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі осы бағыттағы жобаларды жалғастырмақ. Бюджеттен тыс көздерден қаражат тарту арқылы да атқарылатын шаруа жетерлік.
Бағдарлама аясындағы «Туған жерге тағзым» акциясы жыл бойы жүрді. Оған Арал мен Жаңақорған аралығындағы кәсіпкерлер, белсенді азаматтар, сыртта жүрген елдің патриоттары қатысты. Нәтижесінде бюджеттен тыс қаржы көздерінің есебінен 6 млрд теңгеден астам қаражат түрлі әлеуметтік нысандарды салуға, жөндеуге, қоғамдық негіздегі музейлер ашуға жұмсалды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
«Жүрек жылуы» акциясы да бір мезеттік шара болған жоқ. Тұрмысы төмен отбасыларға 14 млн теңгенің көмегі көрсетілді. «Мектепке жол» акциясы да көздеген мақсатына жетті.
Әлеуметтік саланың ең ірі тармағы – мәдениет саласы. Жыл бойы ауылдық клубтар, музейлер салынды, күрделі жөндеуден өтті. «Электронды архив», «Электронды кітапхана» ақпараттық жүйелері бойынша да қарқынды жұмыс жүргізілуде. Облыс бойынша 47 модульді кітапхана жұмысы жолға қойылған.
Аймақ басшысының бастамасымен тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтау мәселелерін көздейтін облыстық комиссия құрылған. Археолог, тарихшы мамандардың және «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі, ғылыми сарапшылар тобының қатысуымен «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» қатарына қосу үшін 12 ескерткіш таңдалды. Оған қоса 35 тарихи-мәдени ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді. Бұлар «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты кітаптарда жарық көрді. Ендігі кезекте осы тарихи орындарды 3D форматындағы сандық жүйеге көшіріп, виртуалды картасын жасау міндеті тұр.
Брифинг барысында Р.Рүстемов былтыр өткізілген шаралардың ең негізгілерін – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірігіп ұйымдастырылған Наурыз мерекесін, «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестивалін, республикалық ақындар айтыстарын, Текей батырға арналған дастан орындаушылардың конкурсын, Иран-Ғайып пен Ілия Жақановтың шығармашылық кештерін, «Парасатты поэзия» фестивалін, Астанадағы облыстың мәдени күндерін атады.
Одан әрі әлеуметтік саланың тағы бір бағыты – денсаулық сақтау ісіндегі жұмыстар легіне кезек берілді. Бес бағыт бойынша қабылданған Жол картасын жүзеге асыру барысында көптеген аурулардың көрсеткіштері төмендеді. Саланы материалдық-техникалық жабдықтау 80 процентке жуықтады. Өткен жылы бірнеше аудан-дық орталық ауруханалар, емханалар, дәрігерлік-амбулаторлық, фельдшерлік-амбулаторлық бекеттер салынды.
Спорт саласына келсек, бүгінде 7 елді мекенде спорт кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. Аймақтың 420 спортшысы ұлттық құрамалар сапына енген. «Қайсар» футбол командасы жанкүйерлер алдындағы міндетін орындады. Алдағы уақытта Ғ.Мұратбаев атындағы стадион қайта жаңғырудан өтеді.
Білім саласындағы басты көрсеткіш – өткен жылғы түлектердің 97 процентінің жоғары, арнаулы оқу орындарына түсуі. ҰБТ бойынша облыс үздік бестікті түйіндесе, білім гранттарын иелену бойынша 4-орында тұр.
Қызылорда облысы – 452 студентті Ресей Үкіметі гранты есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтің техника-лық жоғары оқу орындарында оқытып жатқан бірден-бір аймақ. Қазір бітіруші курстың түлектерін жұмысқа орналастыру аймақ басшысының тікелей бақылауында.
Елбасы мектепке дейінгі тәрбие беру бойынша алдыңғы үш аймақтың қатарында біздің облысты атағаны белгілі. Бүгінде 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту межесі орындалды. Айта кету керек, Сыр өңірі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы балабақшалар жұмысын үйлестіруде де үздіктер қатарында.
Аймақ халқының 25 проценті жастар болғандықтан, олардың мәселесі жеткілікті көңіл бөлуді талап етеді. Қазір барлық ауданда жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Жастар «Дипломмен – ауылға» жобасына, маусымдық жұмыстарға белсенді қатысуда.
Қызылорда қаласының сол жағалауында бюджеттен тыс қаржыға жастар ресурстық орталығының ғимараты салынып жатыр. Онда жастарға түрлі бағытта қызмет көрсететін мекеме жұмыс жасайды.
Жуырда облыс әкімі Татарстан Республикасына арнайы іссапармен барып қайтты. Бауырлас елде посткеңестік мемлекеттердің ішіндегі ең озық ақпараттық технологиялар орталығы – “Иннополис” ерекше экономикалық аймағы жұмыс істейді. Алдағы уақытта қол жеткен келісім нәтижесінде осы орталықта оқу үшін гранттар бөлінетін болды. Оған қоса Мәскеу Мемлекеттік университетінің математикалық мамандықтарына 20 грант тағайындалды.
Басталған жылдың ең маңызды мерекесі – Астананың 20 жылдығы. Қазір жер-жерде «Ел жүрегі – Астана» тақырыбымен республикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Біздің аймақ Астанадан зымыран ғарыштық- техникалық аспанасты музейін ашады. «Тұңғыш астанадан – Елордаға» атты өнер керуені ұйымдастырылып, шыны зауытының алғашқы өнімі Астанаға тарту етілмек. «Астаналық театрлар» фестивалі ұйымдастырылып, оған Ресейдің Орынбор қаласынан, Қызылорда, Түркістан, Алматы және Астана театрлары қатысады. Ал «Парасатты поэзия» фестивалі одан әрі кеңейіп, «Қорқыт ата» ескерткіш-кешенінде өтеді. Бұл кешеннің туристік тартымдылығын арттырары сөзсіз. Оған қоса, «Қорқыт-қобыз» республикалық қобызшылар конкурсы ұйымдастырылмақ. М.Көкеновтің мерейтойына арналған республикалық ретро айтыс өтуі жоспарланып отыр. Оған халық ақынының көзін көргендер қатысады. Аймақ басшысының қолдауымен облыстық филармония Татарстанға, облыстық театр Шотландияның Эдинбург қаласындағы фестивальға барып, шетелдердегі гастрольдік сапарларын жалғастырады.
«Туған жерге тағзым» акциясы жалғасады. Оған қатысушы азаматтардың аясы кеңейе түспек. Батырхан Шөкеновке ескерткіш орнату және «Отан-Ана» әншілер конкурсын өткізу жоспары бар. Қазір ескерткіштің авторы анықталып, қойылатын орны әлі де нақтылануда. Тарихи оқиғалар мен тұлғалардың тағылымы ұлықтала бермек.
Қазақтың алғашқы кәсіби театрының суретшісі Ләтипа Қожықованы, қайраткерлер Серәлі Лапинді, Темірбек Жүргеновті, Корей халық батыры Хон Бом Доны, драматург Қалтай Мұхамеджановты, ақын Жарасқан Әбдірашовты, композитор Мүлкаман Қалауовты мерейтойларына орай еске алу шаралары, жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының 70 жасы аталып өтіледі.
Қызылорда қаласының 200 жылдығы Астананың 20 жылдығы мерекесімен байланыстырылып ұйым-дастырылады.
Брифинг соңында журналистер аймақтағы діни ахуал, жеке балабақшаларды қаржыландыру, лицензиялау туралы сауалдарын қойды.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
25 қаңтар 2018 ж. 1 365 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 98

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930