Жетістіктер мен кемшіліктер сараланды
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 15 тамыздағы «Әкімдердің есеп беру кездесулерін өткізуі туралы» Жарлығына сәйкес бүгіндері жергілікті жердің әлеуметтік – экономикалық ахуалдары сараланып мақсаттар белгіленуде. Өткен жұмада Бозкөл, Қызылқұм және Тасарық ауылдық окруктері әкімдерінің кезекті есепті жиыны өтіп, оған Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов, аудан әкімі Мұрат Ергешбаев және бірқатар дербес бөлім басшылары қатысты.
Бозкөл ауылдық мәдениет үйінде аталмыш ауыл округінің әкімі қызметін уақытша атқарушы Мархабат Қаниев жергілікті халықты шешімін тапқан мәселелер мен алдағы кезек күткен міндеттермен таныстырып, жылды қорытындылады. Әкім өткен жылғы есеп беру кездесуінде тұрғындардан түскен 4 ұсыныс-пікірлер, атап айтқанда, балабақша салу, көшелер мен жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті іс шаралар жоспары бекітіліп, тиісті мекемелермен бірлесе жұмыс істегенін айтты.
Мархабат Күнәжатұлының сөзіне сенсек, 2017 жылы «Бозкөл ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне аудандық бюджеттен 65 583,0 мың теңге қаржы бөлініп, 100 пайызға игерілгенген. Мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың жоспарланған кірістер болжамы 821 666 теңге болса, нақты қол жеткізілген көрсеткіш 958 429 теңгеге тең.
Бұдан бөлек әр саладағы атқарылған ауқымды мәселелер туралы сөз қозғаған ауыл әкімі: «Салалар бойынша қысқаша тоқталып өтсем: Жұмыспен қамту бойынша 2017 жылы 12 адам тұрақты, 4 адам қоғамдық жұмысқа, тағы 11 адам уақытша маусымдық жұмысқа жіберілді. Ауыл шаруашылық негізінде округ бойынша 1347 бас мүйізді ірі қара, 1710 бас қой мен ешкі, 562 бас жылқы, 20 бас түйе бар. Ал, кәсіпкерлік субъектінің 4 мал шаруашылығы бойынша, 6 сауда дүкені, 3 жолаушылар тасымалы және бір-бірден буфет қызметі мен тігін цехы тіркелген»,– деді.
Кездесу соңы халықтың әкімге арнаған ұсыныс-пікірлерімен жалғасын тапты. Ауылдың шешілмей тұрған мәселелері ретінде тұрғындар: жаңа балабақша салу, жабайы хайуанаттардың ауыл малына шабуы, сонымен қатар спорт үйірмесін ашу туралы сөз қозғады. Ауыл әкімі өз кезегінде аталған мәселелерді шешудің жолдары жоспарланып отырғанын, көп ұзамай шешімін табатындығын жеткізді.
***
Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Бөрібай Ізімқұл алдымен әкімдер кездесуінің мақсаты – халықты елімізде болып жатқан реформалармен таныстыру, есепті кезеңдегі округтің әлеуметтік-эканомикалық дамуы және оның негізгі бағыттары жайында ақпараттандыру, жергілікті тұрғындарды мемлекеттік басқару процестеріне тарту екендігін айта келе өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
2017 жылы «Қызылқұм ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне бюджеттен 48192,0 мың теңге бөлініп, жыл қорытындысы бойынша 100 пайызға игерілгенген. Ал, округ бойынша өндірілген салық бойынша барлығы 2464704 теңге жиналып, жоспар толығымен орындалған. Тұрмысы төмен және аз қамтылған 52 отбасыға жәрдемақы төленіп, 11 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 12 тұрғын тұрақты қызметке орналасқан. Мал басы бойынша қазіргі таңда 950 бас мүйізді ірі қара, 2696 бас қой және 2381 бас ешкі, 540 бас жылқы мен 109 бас түйе есепке алынған. Кәсіпкерлік бойынша округде 34 субъекті тіркелген. Аудандық бюджеттен көркейту-көгалдандыру жұмыстарына 568,9 мың теңге бөлініп, сол қаражатқа ауыл бойынша аяқ-су таратылып, 500 тал көшеті отырғызылған.
Кездесу барысында әкім алдағы жылға арналған жоспарымен бөлісті. Міндеттемеде шағын кәсіпкерлікті дамытудағы іс-шаралар, көшелер мен жолдардың сапасын көтеру, «Бозкөл-Кәукей» тас жолына жөндеу жүргізу және трактор мен өрт сөндіру тіркемелерін алуға жұмыс жасау қамтылған.
Есеп беру жиынында ауыл тұрғындары көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Ауылдың шешімін таппай тұрған мәселелері ретінде айналасы көлге толы болғанымен балық аулауға рұқсаттың жоқтығы, Қазалыдан қатынайтын тас жол мен ауылдық клуб сапасының сын көтермейтіні айтылды. Сәйкесінше, ауыл әкімі аталған проблемаларды алдағы жылдың жоспарына енгізуге уәде берді.
Айта кетейік, жақында №225 орта мектебінде грек-рим күрес секциясы ашылған. Қазіргі таңда оған бірнеше топқа бөлінген 62 шәкірт қатысады. Ауыл әкімінің есебін тыңдауға арнайы келген аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы жас палуандармен танысып, оң бағасын берді.
***
Тасарық ауылдық округінің әкімі Болат Қалымбетов те өткен жылы жасалған жұмыстар жайын халық алдында баяндап берді. Б.Батырханұлы өз сөзін: «Туған еліміз Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап, еліміздің Тұңғыш Президентінің сарабдал саясатын және жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын басшылыққа ала отырып, еліміз экономикалық, әлеуметтік және құқықтық жағынан жан-жақты дамып келеді»,– деп бастап, атқарылған жобалар мен жұмыстар жайын баяндады.
Облыс орталығынан шалғай ауыл екеніне қарамастан Тасарық, Лақалы ауылдарынан жаңа заманауи 100 орындық мектеп ғимараты бой көтерді. Медициналық бекет пен Отгон елді мекенінің тұсынан жаңа темір-бетонды көпір салынды.
Сонымен қатар, өткен жылы аудандық бюджеттен 40 828 000 теңге қаржы қаралып, оның 99 пайызы игерілген. Ал, жиналған салық 1 125 342 теңгені құрап, жоспар 152 пайызға орындалған.
Ауыл әкімі округтегі маңызды салалардың жетістіктері жайында: «...Округте 3 шаруа қожалығы, 18 кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. «Арал-Сарбұлақ» топтық су құбыры арқылы барлық үйлер мен әлеуметтік нысандарға сервистік жүйемін ауызсу кіргізілді. Ауылды көркейту-көгалдандыру мақсатында аудандық бюджеттен 289,0 мың қаржы бөлініп, өз мақсатында толық игерілді. Өткен жылы №238 орта мектеп жанынан салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында облыс әкімінің қолдауымен «Қазақша күрес» класы ашылды. Қазіргі таңда ауылдың 60 баласы осы спорт түрімен шұғылданады»,– деп мәлімдеді.
Кездесу барысында Бозкөл, Тасарық және Қызылқұм ауылдық оуругтерінің учаскелік инспекторлары Рахымжан Алуашов пен Жасарал Пірімбетовтің баяндамасы тыңдалды.
Кездесулерді қорытындылай келе аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды тізбелеп берді. «Елбасы Н.Назарбаевтың «Әуелі экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымын әрбіріміз көңілге түйіп, ел дамуында аянбай қызмет етуіміз керек. Қарапайым халықтың еңбекқорлығымен қатар талапшылдығы ел экономикасының өсуінің алғышартының бірі деп білемін», – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.