Сағынтаев. 2 жыл, 5 ай, 1 апта, 5 күн
Кеше, 21 ақпан күні Назарбаев Үкіметті таратты. Осылайша, Қазақстан Республикасының 10-ыншы премьер-министрі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев отставкаға жіберілді.
Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Қазақстан республикасының премьер-министрі болып 2016 жылдың 9 қыркүйегінде тағайындалған. Президент Назарбаев алдыңғы премьер Мәсімовтың қызметіне оң баға беріп, оның үкіметі қиын кезеңге қарамастан, барлық тапсырмаларды орындады деп таныды. Және, жаңа министрлер кабинетін жасақтау ұзаққа созылмайтынын, Мәсімовтің кабинетінің құрамы қойылған міндеттерді игере алып жатқанын айтты.
Сол күні Мемлекет басшысы өз төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, оның міндеттерін айқындады. Президент Сағынтаевқа дейін атқарылған жұмыстар жөнінде сандәйектер келтіріп (бюджет қызметкерлерінің орташа жалақысының 30%, стипендия мен жәрдемақының – 25% өсуі; зейнетақының 9% индексациясы, т.б.), бұдан әрі қарай нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Мұндай оң көрсеткіштер кабинет мүшелерін өзгертудің қажеті жоқтығының алғышарты болса керек.
Еліміздегі саяси дәстүр бойынша, жаңа Үкімет жұмысының басты векторлары әдетте Үкіметтің алғашқы отырысында айқындалады. Ендеше, осы отырыста Сағынтаев Үкіметінің басты міндеттері белгілі болды. Олар: макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету; экономиканы, оның ішінде - экспорттық әлеуетті әртараптандыру; шағын және орта кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамту; тұрғын үймен қамту еді. Мұндай мәселелерді шешуге саяси амплуасы шаруа Бақытжан Әбдірұлының тағайындалуы түсінікті болды.
Сағынтаевтың кабинеті 4 күн ішінде жасақталды. 2016 жылдың 13 қыркүйегінде Президенттің жаңа Үкіметтің құрамы туралы Қаулысы шықты.
Сағынтаев тура 2 жыл, 5 ай, 1 апта, 5 күн премьер-министр болды. Мемлекет басшысы Үкіметті отставкаға жіберетіні жөніндегі 2019 жылдың 21 ақпандағы мәлімдемесінде Сағынтаев Үкіметінің жұмысына резюме бере келе, әлуеметтік сипаттағы жұмыстарды күшейту жөнінде айтып өтті. Аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтардың баспана жағдайын жақсарту мүмкіндіктерін арттыру және өңірлерді дамыту саясатын түбегейлі өзгерту сияқты нақты 3 бағытты атаған Президент, бұлар жөнінде кеңінен - 2019 жылдың 27 ақпанында өтетін "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде толығырақ айтылатынын жеткізді.
Өз кезегінде Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің отставкаға кеткенін ресми мәлімдеп, Президенттің мемлекет құрудағы рөлін атап өтті:
Бүгін Үкімет отставкаға кетті.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалап, бүгінгі биіктерге жеткізген Елбасы халқының өсіп-өркендеуін әрқашан ең басты қағида ретінде ұстанып, әрбір шешімін мемлекет пен халықтың мүддесі тұрғысынан қабылдап келеді.
Мемлекет құру оңай жұмыс емес. Жас мемлекетті түрлі қайшылықтар мен қақтығыстардан аман алып өтіп, тарихи өлшеммен алғанда тым қысқа мерзімде осындай абыройлы Ел ету шын мәнінде шексіз құрметке лайық.
Елбасы — еліміздің сан мың жылдық тарихындағы ең жауапты кезеңде халқымыздың бағына берген ұлы да жасампаз тұлғасы. Сол себепті, халқымыз баянды бүгіні мен жарқын болашағын тек қана Елбасының есімімен байланыстырады.
Өткен екі жарым жыл бойы Үкімет тізгінін тапсырып, жоғары сенім білдіргені үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шынайы алғысымды білдіремін.