Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзгеріс өзіңнен басталады

Өзгеріс өзіңнен басталады

Мамыражай уақытта күнделікті тіршіліктің қамымен жүрген жұрт қоғамдағы өзгеріске өгей көзқараспен
қарайтын. Дегенмен соңғы жылдары тосыннан келген сынақты сабырлы қабылдауды әдетке айналдырды.
Арғысы әлемді әуреге салған індет жүйкеге салмақ түсірсе, соңғысы қаңтардағы қанды қырғын қолайсыз
ұйқыға кетіп, көрген қорқынышты түстей есте қалды. Өзгерісті талап еткендер өздерін қыршындар
алдында айыпты сезініп, тұрақтылықты тұғыр көргендер көненің сарқыншағынан құтылуға асыққанын
анық байқадық. Қазір қос тарап та көңілге медеу, сенімге серік болатын ортақ ой, үкілі үміт алдында бас
қосып отыр. Ол – Жаңа Қазақстан идеясы. Ал ұрпақ алдындағы парыз-ниеті, өздері күткен өзгерістің
іргетасы халықтың ар-ожданы, адами құндылығымен қаланып, кәміл сенімі жемқорлық, алаяқтық пен
пайдакүнемдіктің үстемдік етуімен мәңгіге құрдымға кететінін жұрт біледі ме?
Әлқисса...
Жаңа Қазақстан идеясы бізді бақуатты батыс елдерінің қатарына ілестіріп жіберген күннің өзінде ел тарихындағы алғашқы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі естен кетпесі анық. Оның ТМД елдерінің ішінде алғаш болып көршілермен шекараны шегендегені, Сарыарқаның төсінде таңғажайып қала соққаны сияқты еңбектері мақталғаннан кейін, сол тұстағы шиеленіскен елдің әлеуметтік-саяси жағдайы сыналары сөзсіз. Әңгіме Тәуелсіздік алған жылдан кейінгі күндері Елбасының «Алдымен экономика, сосын саясат» деген тұжырымдамасы хақында өрбімек.
Рас, Қазақстан жас мемлекет ретінде әлемдік аренада, тым құрығанда Орта Азияда беделді елге айналды. Шет мемлекеттерге қарызға батып, теңге құны құлдыраса да халықаралық деңгейдегі шараларға алдымен шақырылатын, қақтығыстарды шешуге белсене араласатын деңгейге жетті. Егемендік алған тұстағы еленбейтін елден өзіндік ұстанымы бар, экономикасын тіктеп келе жатқан жасампаз мемлекетке айналды. Бірақ бұл сырт көздің бағасына көбірек ұқсайды. Ұстаным бойынша саясат кейінге қалғасын «жоғарыны» жемқорлар биледі, қарапайым жұрт қанағатты ұмытты. Бір тиынды екеу қылған ғана қошемет, құрметке бөленді. Қоғамды адами құндылыққа бас ұруға шақырған ақындар, жазушылар жыртық үйде насихат айтатын күйге түсті. Мұның бәрі хакім Абайдың: «Пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетіне керағар ұстанымның әкелген пайдасы еді. Осыдан кейін қиындықты жеңуге қауқарсыз әрі икемсіз идеология қалыптасты. Бұл ұлтты құрдымға апаратын, адам бойынан табылуы тиіс құнды қасиеттерді қадірсіз ететін рухани апатпен тең болды.
Жаңа Қазақстан – жанашыр адам
Жаңа Қазақстан – жаңа билік, жаңа үкімет, жаңа депутат, тіпті жұрт армандайтын бақуатты өмір де емес. Мұның мәні біздің қоғамда өмір сүріп жатқан кез келген жанның ішкі өзгерісінде жатыр. Жақында ғана жаңа Жетісу, Ұлытау облысында тағайындалған әкімдердің «тек қазақша сөйлеймін» деген уәдесінен, жұрттың жаппай референдумға барып, елдің болашағы үшін дауыс беруінен, әрі-беріден кейін Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасында көш бастап тұруынан өзгешеліктің, жаңашылдықтың иісін сезуге болады. Егер мекеме басшысы адамды қолындағы дипломға қарап ғана жұмысқа алса, әрбірі туған-туысына, халқына шынайы жанашырлық таныта білсе, тіптен керемет. Мұндай азамат пара берген адамға ата-жауындай қарап, тым құрығанда өз шаңырағында өзге тілде шүлдірлемейді. Осындай өрескелдерді көз көріп, құлақ естіп жүрсе де, әділетті өмірге жол бастаған ерге ермей, жаңашылдыққа жанымызды бермесек, біз кім болғанымыз? Бұл жайында белгілі актер, Бекжан Тұрыстың «деген екені» ойға орала кетеді.
– Ұлықтық пен кішілік бір бөлек, жағымпаздық пен жалтақтық бір бөлек. Мен бір таныс ағамнан: «Айтыңызшы, біз қандай ұлтпыз?» – деп сұрадым. Сонда ол: «Сатқындарың сатымен көтеріліп, жантықтарың әлі өлмеген елсіңдер!» – деген еді. Жантықтарымыз сол жағымпаздың жарапазанын айтып жүр. Қазанды қаспағымен, сиырды баспағымен жұтып жатқан бәлеқорлар мен жалақорлар елдің іргесін сөгіп бітті десек, өтірік емес. Ұлтын шын сүйетін, терең ойлайтын текті ұрпақ қана ел қамын ойлайды.
Ресейдің кез келген әншісі елінің болашағы үшін алаңдайды. Олардың белсенділігі сұмдық, тіпті кез келген мұжығына дейін: «О, господи, спаси мою Россию!» деп тұрады. Бізге келсек, ылғи сол – президенттік стипендия ала алмай қалғанын, Мемлекеттік сыйлыққа ілінбей, бір концертке шықпай қалатынын айтады. Қарап отырсаңыз, айқай-шудан құралған жалған патриотизм жастардың санасын улады, қазақы мінезінен айырды. Көптің көңілі көңілшек шоудың жетегінде кетіп жатыр. Соны оятатын, түртетін идеологиямыз біраз әлсіздеу болып тұр, – деген еді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Жаңа Қазақстанды аңсайтын, соның келешегіне сенген жан 30 жыл ішінде іште қалыптасқан теріс ойдан, елдік мүддеге атүсті қараудан, өткеннің жағымсыз сенімінен арылуы шарт. Сонда ғана діңгегіне қайта оралады. Қанға қашалып, сүйекте сарқыншағы бар қазақы генін жаңғыртады. Бұған ұмтылыс бұрын да болған. «Рухани жаңғыру» арқылы ата болмысты оятамыз деп ойладық. Бұдан не шықты?
Сана жаңғырмай асу алдырмайды
Қазақтың бас ақыны: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой», – деді. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – әрбіріміздің дұшпанымыз екенін қадап айтты. Осы тұста бір сәт ойға шомып көрелік. Қазір біз қай ақылды тыңдадық? Өз бойымыздан немесе өзіміз сынайтын адамдардың тұлғасынан қайсы өсиетті көбірек байқаймыз? Жаңа Қазақстанның ендігі миссиясын осы сұраққа жауап тапқан жан ұғынары анық.
Осыдан 5 жыл бұрын, «алдымен экономика» тұжырымдамасы әкелген апаттың орнын толтыру үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске қосылғаны есте. Турасына келсек, бұл мақала адам бойындағы құндылықтың қадірін арттырып, байырғы жалпыға ортақ түсінікті қалыптастыруға күш салды. «Жаңа Қазақстан» идеясы да идеологияның қанатын қатайтуды көздейді. Жоғарғы санатты тарихшы Болат Жолтаев осылай дейді.
– Әрине, тәуелсіздік алған жылдары экономиканың қуатын арттыру керек болды. Бірақ адамдардың елдік арман-мақсатын бір арнаға тоғыстырмау орны толмас өкінішке әкелетіні ескерілген емес. Тұтас ұлттың санасын тек пайда табуға оқытудың нәтижесі белгілі бір деңгейде іске асқанымен әділетсіз қоғам, айламен пайда табуға жол ашты. Ақан Сері Қорамсақұлының: «Жабыға – салма тоқым жалы бар деп, Жаманға – басыңды име малы бар деп», – деген тәмсілі жақсылардың жағдайын қашырды. Ал бүгінгі басшының бастамасы, Жаңа Қазақстан құру идеясы жастардың потенциалын, орта буынның бейімділігі мен қарттардың ақыл-кеңесін пайдаға асыра отырып, қоғамдағы теріс түсінікті тұғырдан түсіруге бағытталады деп топшыладым. Ол үшін балаға берілетін білімге отаншылдық, адалдық, жалпы, адам бойындағы биік қасиеттерді ұғындыруды қазірден бастау керек. Әбу Насыр Әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзінің ақиқатқа айналып отырғанын көрдік. Ендеше қазақы қасиетті мектеп қабырғасынан бойына сіңіріп өскен бала қоғамдағы дертті емдеуге қауқарлы. Білім беруге күш салған орынды, бірақ алдымен – тәрбие, – дейді ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері.


Парасат пайымы
«Ішкі-сыртқы қатерлерді ескеруіміз керек. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік. Енді елімізді түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық. Бірақ заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда ең алдымен жұртымызға ауызбіршілік керек, ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз. Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалай да жетеді».

Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымы. Мемлекет басшысы батыл мойындап отырған қателік әрбір қазақстандықтың өткен ісінде, айтқан әңгіме-ақылында бар екенін ұғынуға тиіспіз. Демек, өзгеріс әркімнің өзінен, ішкі әділеттілік пен болашаққа деген көзқарасынан бастау алады.
Ал белгілі ғалым, әрі қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев Жаңа Қазақстанды үш ұмтылыспен түсіндіріп берді. Математик: «Мен үшін Жаңа Қазақстан деген ұғым үш нәрседен тұрады. Бірінші, сөз бен істің жақындығы. Екінші – әділеттілік. Үшінші – жалқы ұмтылыс. Осы үшеуі орындалса, төбедегі келеді. Орындалмаса, мылжың ел болып қаламыз. Міне, осы үшеуін алып қарағанда, президент Тоқаевтың ісі дұрыс бағытта келе жатыр, – деген еді. Көлденең келгеннің әңгімесіне қосыла бермейтін, формулаға сүйене сөйлейтін азаматтың пайымына бас ұрмасқа болмас. Түптің түбінде бұл үш ұмтылыс та бірдей тұлғалық өзгерісті талап етіп отыр. Әгәракей, күндердің күнінде «Жаңа Қазақстан қайда?» деген сауалға қайта оралар болсақ, мұны тек өзімізден басқа ешкімге қоя алмайтынымызды естен шығармаған абзал.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ




20 маусым 2023 ж. 8 332 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 63

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930