Мемлекет мерейін өсіреді

Бұған дейін де Президент Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын қабыл алып, балалар мен ересектердің өлең-жыр жаттауына, оның құндылығын арттыруға түрткі болған еді. Шынында да бұл үрдіс елдің түкпір-түкпіріндегі әдебиет пен мәдениеттің жанашыры болып жүрген жандардың көңілінен шыққан еді. Мемлекет басшысы Абай Құнанбаевтың мерейтойы қарсаңында осындай ізгі шаралар жаңаша бастау алатынына сенім білдірді. Мен де, ұстаздар қауымымен бірлесіп балаларды бұндай бастамаға белсенді араластыруға ұйытқы боламын.
Президенттің "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" атты тұжырымдамасы әділетті қоғам қалыптастыру мақсатында қолға алынған іс екені белгілі. Сонымен қатар қарапайым халық та өзіне қызмет атқарушы мемлекетті құрметтей білгені дұрыс. Әсіресе өскелең ұрпақтың жүрегіне патриоттық сезім ұялатуды дамыта түсу өте құптарлық бастама деп білемін. Сондай-ақ қазақ тілі мәртебесін көтеру мәселесі кезек күттірмей тұрған еді. Оны да, мұғалім мәртебесін арттыруға арналған заң жобасын да Президенттің назарға алуы бізді қуантады. Бұдан да басқа мақалада көтерілген ой-тұжырымдар өте орынды айтылған. Мұның бәрінің алдағы уақытта жас ұрпақ тәрбиесіне көп көмегі тиеді деп ойлаймын.
Қуандық ҚОЖАЛЕПЕСОВ,
Б.Әбдіразақов атындағы
№88 мектептің директоры,
аудандық мәслихат депутаты