Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағайынды үшеудің түбіне жеткен алтын

Ағайынды үшеудің түбіне жеткен алтын

Баяғыда бір диқан үш ұлы ержеткен шақта қартайып, ауырып жатып қалыпты. Дерті меңдеп, қатты әлсірей бастаған шақта балаларын шақырып алып, оларға соңғы өсиетін айтады, ақыл-кеңестерін береді.
«Өзім ес білгелі диқаншылықпен айналысып өмір сүрген едім, енді сендерге айтарым – Жер-ананы баптап, өңдеп жұмыс жасаңдар. Еңбекпен тер төгіп әрекет қылсаңдар аш болмайсыңдар, көштен қалмайсыңдар. Үшеуің ынтымақ қылсаңдар бәрі болады, тату болып, бірігіп істесеңдер, сендерден ешқандай жұмыс қалмайды», – деп ақылын айтады. Сосын ұлдарының үлкеніне атан өгізін, ортаншысына арбасын, ал кішісіне соқа-сайманын мұраға береді. Көп ұзамай өзі бұл пәни дүниеден аттанып кете барады.
Содан ағайындылар көктем шыға бірігіп, диқаншылықпен айналысуға кіріседі. Өздеріне тиесілі жерге барады, соқаны өгізге жегіп, жер жыртуды бастайды. Жұмыстарын аяқтауға таяп қалғанда соқасы қатты бір нәрсеге тіреліп, өгіз оны тарта алмай, тоқтап қалады. Соқаны ұстап келе жатқан ортаншысы оны жерден жұлқи көтеріп қалғанда сопаң етіп үлкен құмыраның бас жағы шыға келеді. Оны үшеуі жабыла жерден суырып алып қараса, іші тола алтын екен. Бұлардың қатты қуанғаннан есі шығып кетеді.
Содан үшеуі ақылдаса келе диқан болып енді не қыламыз, осы дүние бар ғұмырымызға жетеді деп, оңай тапқан олжаға мастанып, әкесінен мұра болған мал-мүлікті елеусіз қалдырып кетеді. Сөйтіп жақын жердегі үлкен қалаға қарай жолға шығады.
Шаһарға жақындаған соң үшеуі ойласады. Мына түрімізбен қалаға кіруіміз ұят болар, киімді жаңартып, тойынып алайық деп ұйғарады. Сосын кіші інісіне біраз алтын ұстатып, базардан үшеуіне киім және ас-ауқат алып келуге жұмсайды.
«Алтын бар жерде шайтан жүреді» демекші, осы кезде құмыра жанында қалған ағайындыларға әзәзіл келіп, екеуін арбай бастайды. «Анау керек­теріңді әкелгесін одан құтылғандарың дұрыс. Алтынға ортақ болмасын. Құмырадағы алтынды екіге бөлсеңдер сендерге көбірек тиеді. Мол байлыққа ие боласыңдар», – деп азғырады. Артынша үш ұлдың кенжесіне де әлгі әзәзіл жетіп барып: «Ана екі ағаңның жейтін асына у қосып беріп құтылсаңшы. Құмырадағы бар байлықты бір өзің аласың. Ал оны үшке бөлгенде неден тиеді, не ары емес, не бері емес...» – деп азғырып, оны да жолдан тайдырады.
Содан ағайындылардың кенжесі екі ағасының тамағына у қосып әкеледі. Ойында қауіп жоқ ағалары алдымен жабылып, оны өлтіреді. Содан ол әкелген киімдерді киіп алып, тамақтың бәрін қомағайлана жеп тауысады. Содан екеуі де уланып, сеспей қатады.
...Бүгінде халық арасында: «Алтынды көріп періште де жолдан таяр» деген мақалсымақ бар. Бұл – бекер сөз. Періште ішпей-жемей тоқ болса, Алла-тағаланың пәк жаратушысы болса, алтынның оған не қажеті болар дейсіз? Бұл өзі арсыз, жемқор, арам ниет­тілердің ақталу үшін шығарып алған пәлсапасы болар.
Айтайын дегенім, ағайындылардың түбіне жеткен әлгі әзәзіл шайтанның елесі әлі де біздің жұрттың арасын кезіп жүрген жоқ па екен осы? Өйткені бүгінде ақша, дүние-мүлік жиюдың бірінші орынға шыққаны сонша, оның жолында жұрт бірге туған бауырын да аямайтын болып бара жатқан сияқты. Осындайдан сақтанайық, жамағат!

Шырмалбек ТАСҚОЖА.
Төлеби ауданы
01 сәуір 2018 ж. 1 342 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930