Түз тағысының тұқымы
Адамзат баласының итке деген қызығушылығы ерте заманнан бастау алғаны белгілі. Оның ішінде қазақ жұрты жануардың ақылды, алғыр көмекші бола білетініне қарап, алыс-жақын сапарда жанына серік еткен. Қазіргі күннің өзінде кез келген қазақтың ауласында кемінде бір байлаулы иті бар. Аң алу үшін тазы асырайтындар өз алдына бір бөлек. Газетіміздің өткен сандарының бірінде бұл туралы толық зерттеу жүргізген едік. Ал бүгін әлемге аты әйгілі неміс овчаркасы төңірегіндегі қызықты деректерді назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Әңгімені әріден бастасақ, иттің бұл ерекше түрін өмірге келтіру үшін адамдар ұзақ уақыт бойы түрлі тәжірбилер жасағанын аңғарамыз. Нәтижесінде қалаған ит тұқымы алынды. Себебі овчарка өзінің еңбексүйгіш, батыр әрі аңғарымпаз мінезімен ерекшеленеді. Сондай-ақ кішкене бүлдіршінге қамқорлық танытатын да қасиеті бар. Бұны үнді қасқырының генімен байланыстыруға болатын сияқты. Себебі неміс итінің ең алғашқы тұқымы үнді жерін мекендейтін дала тағысы мен еуропалық итті буданадастырудың нәтижесінде пайда болған деседі. Заман ағымына сай қазір әр мемлекетке бейімделген иттер шығысеуропалық, кавказдық, бельгиялық деген сияқты көптеген түрге бөлінеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, бойына өзіне тән қасиеттерді жиып үлгермеген алғашқы овчарка 1882 жылы тіркеуге алынған. Ал 1899 жылы оның тұқымы қалай алынғаны жөнінде қоғамдық және ресми көрмеде көрсетілді. Сонымен қатар неміс овчаркасы дәл осы жылы қолға алынған асыл тұқымды жануарлар кітабына енгізілді. Кейін ауылдық жердегі шопандардың көмекшісі қызметін атқарды. Штефаниц деп аталған овчарка тұқымы жоғары интелектінің арқасында мал күзету жұмысын тамаша атқара білді. Содан кейін ғана әскери адамдардың көзіне түсіп, сонда үйретуге алынды.
Арада біршама уақыт өткеннен кейін, бірінші дүниежүзілік соғыс уақытында неміс иттері адал қызмет ете алатындығын дәлелдеп берді. Себебі ең қауіпті, жауапты жұмыстар осы жануарға жүктелді. Ол кезде жау әскерінің мекенжайын, жарылғыш заттардың орналасқан жерін анықтауда бұдан асқан тиімді құрал жоқ еді. Медициналық қызмет көрсетіп, соғыс алаңындағылар мен командирлердің арасында тірі байланыс орнатты.
1904 жылы ресейлік әскерилер Ресей жеріне алғашқы неміс овчаркаларын әкеле бастады. Олар жергілікті жердің ауа райына тез үйреніскенімен, азаматтық соғыс кезінде ақылды иттер түгелімен құрбан болды. Бірақ 1924 жылы шетелден үлкен көлемде неміс овчаркалары сатып алынып, тұқым саны қалпына келтірілді.
Осы жылдары қазақстандықтар да Рейсейден неміс иттерін алдыртып, игілігін көре бастады. Оның адамға бағынғыш, алғырлығы елдегі мал шаруашылығы мен әскери қимылдарға көп көмегін тигізді. Сондай-ақ неміс иті осындағы әуесқой ит асыраушыларын да қуанышқа бөледі. Қазірдің өзінде бұл жануарды еліміздің барлық ауыл, қалаларынан кездестіруге болады. Қазалылық Нұрберген Төлеген де бірнеше жылдан бері овчарка асырайды. Бүгінгі күні үй ауласының бұрыш-бұрышына иттерге арналған жайлы үйшік салып, үш бірдей жануарды бағып отыр. Жақында кәсіпкермен жолығып, неміс овчаркасына қызығушылығы қалай пайда болғаны туралы сұраған едік.
– Бала кезден иттердің ақылдысы – овчаркам болса деп армандадым. Себебі түрлі кинофильмдерден көріп, талантына таң қалатынмын. Осыдан үш жыл бұрын алғашқы неміс итін сатып алдым. Ол еуропалық тұқым болғандықтан арзан бағаға, 10 мың теңгеге келді. Ал қалған екі таза неміс иттерін Алматыдан арнайы барып, алып келдім. Еркегіне 120 мың, ал аналық күшікке 100 мың теңге ақша жұмсадым, – дейді ол.
Алайда Нұрберген ит сатушысының сөзінен күдіктенгенін жасырмады. Себебі бірінің түсі қара қасқырға ұқсайды. Бұны байқаған сатушы иттердің анасы мен аталығының құжаттарын көрсетіп, дәлелдеп берген. Тіпті олардың Германия елінде бұйрық орындаушы неміс иттерінің арасында өткен сайыстағы жүлделеріне дейін көрсетеді. Ал бұл күшіктердің барлығы бірдей болады деп ойлағанымен тәуекелге бел буады.
– Қазалыға келгеннен кейін, «асырай аламын ба?» деп қатты қорықтым. Бұлардың талғампаздығы туралы көп естуші едім. Бірақ бір ай уақыт зымырап өте шықты. Күшіктерде нағыз неміс овчаркасының бейнесі қалыптаса бастады. Денесінің артқы бөлігі алдыңғысынан төмендеп, жылдамдығы күн сайын артып, құлақтары құламайтын болып шыға келді. Жалпы иттер үш ай сайын бір жасқа толатыны белгілі ғой. Еуропалық Амур деп аталатын овчарка – 8, қара түсті Тарзан 3 жастан, кішісі 2 жастан жаңа асты. Бірақ аз уақыттың ішінде біршама қимылдарға үйреніп қалды, – дейді Нұрберген.
Ақылды иттің қылықтарын көргенде кез келген адамның оны асырауға деген қызығушылығы оянатынын біз де сезіндік. Өзінің келісімімен Нұрбергенді иығынан сілкіп қалып едік, қарғыбаудағы 2 жасар Балу атты күшік иесін қорғамақ ниетін көрсетіп, бізге шабуыл жасағысы келді. Абырой болғанда ауызына тұмылдырық кигізілген екен.
Иттердің иесі күніне бір мәрте жуындырып, ойын ойнатады. Қалған уақытты жаңа қимылдарды үйретуге жұмсайды. Шлангамен су шашқанда, құбырдан атқылаған суды тістелеп ойнағанды ұнатады. Әдейі биігірек шашса садақтан ұшқан оқтай биік секіреді. Тарзанның ытқығаны тіптен ерекше, үш-төрт метр көтеріліп барып, жерге табанын тигізеді.
Бір қызығы немістің иттері басқа адамның берген тамағын жемейді. Нұрберген олардың ауру-сырқаудан аман болуын осы қасиетінің себебінен көреді. Иесі иттерінің тамаққа талғампаз еместігін білсе де, құнарлы ас жегізуге тырысады.
– Күшік кездерінде барлығына тек сәбіз беретін едім. Өйткені қатты жақсы көреді. Көкөністің иісін алыстан сезетін. Есейгесін арнайы итке арналған тағам қоспаларымен қоректендіретін болдым. Кейде дастарқаннан ауысқан тамақ бұйырады. Талғамайды, таза болса бас тартпайды. Күнде өзім тамақтандыратын болғандықтан мөлшеріне, оның пайдасына ден қоямын. Сол себепті көп ауыра бермейді. Әрине, әр үш ай сайын салынуы керек вакциналарды уақытылы егіп тұрғанның да маңызы зор, – дейді ол.
Немістің ақылдыларын аптасына екі рет «Жеңіс» саябағына серуендеуге шығарады. Екі итті шынжырға көндіру сенімсіздік ұялататындықтан ауыздарына міндетті түрде тұмылдырық тағады. Көшеде кездескендер қызығушылық танытқанымен, жақындауға жүрексінетін көрінеді. Расында да, асыл тұқымды иттің көркі көз тартқанымен, дұрыс тәрбиеленбегені адамға қауіпті болуы мүмкін. Сол себепті Нұрберген неміс овчаркасын асырауды ойға алғандарға тек бұйрық орындатуды ғана емес, зиянсыз адамға шабуыл жасамауды, сабырлы мінез қалыптастыруды үйретуге кеңес береді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ